Таразының бір басында ұлттық экономиканы, екінші жағында тұтас елдің әлеуметтік әлеуетін ұстап тұрған кәсіпкерлік саласының жүгі жеңіл емес. Тәуелсіздікті енді ғана иемденген тұста елді жақсартып, өмір сүру жағдайына елеулі әсер еткен де осы сала. Соңғы жылдары кәсіптен нәсібін табам деген жанға қаржылық жағынан қолжетімді бағдарламалар да, мүмкіндік те мол. Соның арқасында кәсібін алға жылжытып, өзін де, қарапайым халықты да жұмыспен қамтып отырғандар қаншама. Тарих сахнасында «қаралы күннің» бірі болып қалатын қаңтар оқиғасы бұл саланы аяғынан шалды. Шығын қалай қалпына келеді? Облыста кәсіпкерлердің бүгінгі жайы қалай? Саланың соңғы өзгерістері серпін сыйлай ала ма?

Соңғы мәлімет бойынша бизнеске келтірілген зиянды хабарлауда байланыс орталығына 2774 қоңырау түскен. Соның ішіндемародерлық мәселелерімен 1406 адам шағымданса, форс-мажор бойынша 39-ы қоңырау шалған. Ал зардап шеккен жеке тұлғалардан түскен қоңырау саны – 1324. Елдің 9 өңіріндегі 1488 нысанда орналасқан 1319 зардап шеккен бизнес субъектісі анықталды.Салалық тұрғыдан кәсіпкерлік нысандарының ішінде 1245 сауда орны, 25 қоғамдық тамақтану желісі, 37 қаржы секторы және 9 логистика және 2 БАҚ мекемесі түрлі жағдайда зардап шеккен. Бірін бүлікшілер қиратып кетсе, енді бірінің бүгінгі күні тек өрттен қаңқасы қалды, ал кейбірінің сатылымға шығатын өнімдері тоналған. Өкініштісі – бұл бір дүкенде не бір қалада ғана орын алған жағдай емес.Бұған қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты «кедергілер арқылы жүгіру» деген лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен тең. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу қажет», – деді.

Саланың облыста орын алған оқиғадан кейінгі ахуалын тарқатсақ, митинг барысында зардап келген кәсіпкерлік нысанның саны 26-ға жеткен. Соның ішінде Қызылорда қаласында орналасқан «Компас», «Sinooil», «ГазЭнерджи» жанар-жағар май бекеттеріне, «Сұлтан», «Фристайл», «Бірлік», «Аль-асад» сауда үйлері ғимараттарына, бірнеше төлем терминалы мен «М-Ломбард» нысанына залал келтірілген. Аталған әлеуметтік орындардан азық-түлік, алтын бұйым, ақша тонау деректері тіркелген. Жалпы облыстағы кәсіпкерлік нысандарға келген шығынның нақты көлемін айту мүмкін емес. Дегенмен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қызылордалық кәсіп иелеріне шамамен 395,4 млн теңге залал келіпті. Жан жақты ақпараттар мен соңғы өзгерістерге орай жалпы шығын көлемі әлі де есептеліп жатыр. Қазіргі таңда шығын есебі қаржы министрлігіне жолданып, бұл бағытта тиісті жұмыстар легі іске асырылуда.

Жаппай талап қойылған митингтен кейін өңірде сұйытылған газ бағасы литріне 60-65 теңге деп өзгертілсе, АИ-92 маркалы бензин орташа 180,2 теңгені құрайды. Ал дизельдік отын 229,9 теңгеден саудалануда. Облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова осыған қатысты арнайы жиында жергілікті бәсекелестікті қорғау департаменті мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы жанар-жағар май бағаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, негізсіз өсім орын алған жағдайда тиісті шаралар қабылдау қажеттігін міндеттеді. Облыстық монополияларды реттеу жөніндегі департамент аймақтағы коммуналдық қызмет түрлеріне тарифтердің белгіленген мерзім ішінде көтерілмеуін қадағалауы керек.

Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың ең қолжетімдісі әрі қолайлысы – несие. Айта кету керек, бейбіт шеруден қарулы шеруге айналған оқиғадан кейін шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері қарыз алушымен келісу арқылы кредиттік ұйым айқындаған кезеңге дейін несие төлемін кейінге шегере алады. Ол үшін кәсіпкер 31 қаңтарға дейін өтініш беріп үлгеру керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылы 5 қаңтарда төтенше жағдай енгізілуі салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарызы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін даярлап, бұйрық түрінде бекіткен болатын. Бұл тәртіп екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына, соның ішінде ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерге де қолданылады. «Банктер мен микроқаржы ұйымдары кәсіпкердің өтінімін қарау кезінде қаржы жағдайының нашарлағанына немесе келтірілген залалды растайтын фактілерге назар аударамыз» делінген арнайы хабарламада.

Қызылорда облыстық коменданты Бектөре СҰЛТАН:

– Шерушілер тудырған төтенше жағдай кезінде облыс бойынша 308 құқық бұзушылық анықталды. Қазір облыстық полиция департаментінің жеке құрамы белсенді жұмыс атқаруда.

Нақты дерекке сүйенсек, төтенше жағдай режимін бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен 220 азаматқа әкімшілік хаттама тол­тыры­лып, сот шешімі­мен оның 7-еуіне ескерту берілсе, 37 адам айыппұл арқалаған. Ал 136-сы әкімшілік қамаққа алынды. Бейбіт шеруді құқық­бұзушы­лықпен жалғас­тырған­дар баршылық. Осы орайда ҚР бейбіт жиналыс­тарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы заңнама­сын бұзғаны үшін 488-бап бойынша 88 азамат анықталса, сот шешімімен 1 адамға ескерту берілген. Нәтижесінде 3 азаматқа айыппұл салынса, 72-сі әкімшілік қамаққа алу түрінде жазаланған. Кез келген қоғам мен мемлекет үшін адам өмірі – басты капитал. «Әр қазақ менің – жалғызым» дейді Сабыр Адай. Өз қазағына оқ атып, ұлттың ортақ құндылығы татулықты жойып, елдің тынышын бұзғандар қоғамға қауіпті. Сондықтан кінәлілерді анықтауда әділдік болуы тиіс.

Айта кету керек, облыс тұрғындарына жалған ақпараттарды тарату фактілерін анықтау үшін күн сайын әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізіліп, арандатушыларды анықтау үздіксіз іске асады.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ:

– Қаңтардағы оқиға көпке соққы болды. Облыс бойынша зардап шеккен кәсіпкерлік нысандары 30-ға жетті. Палата мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына хабарласқан бизнес өкілдеріне келген залал шамамен 396 млн теңгені құрайды. Жаға ұстатарлығы, түрлі қоғамдық ғимараттарға залал келтіріліп, тіпті, азық-түлік, алтын бұйымдары, ақша тонау фактілері де орын алған. Шығындар есептелуде. Сол себепті бізге хабарласатын кәсіпкерлерден келтірілген залалды дәлелдеу үшін фото және видео деректі талап етеміз.Бейбіт митингтің қарулы қақтығысқа ұласуы – кәсіпкерлік саласын бір сәтте қиындыққа тастап, тіпті, кейбірін шығынға ұшыратарлықтай салмақты себеп. Осы орайда қала тұрғындары мен кәсіпкерлерін қауіпсіздік шараларын, сақтауға шақы­рамын. Пре­зи­дент­тің аталған жайға қатысты қабылданған соңғы саяси шешімдерінің нәтижесінде елде тыныштық орнап, қалыпты өмірге қайта ораламыз деп сенемін. Орын алған оқиға барысында зардап шекккен кәсіпкерлер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына мына нөмірлер бойынша хабарласа алады:

8 701 779 90 90, 8 777 454 98 12, 8 777 647 24 44, 8 777 456 30 90, 8 705 600 69 93, 8 701 929 11 13, 8 702 530 69 33, 8 777 259 43 73.

Compass жанармай құю станцияларының желісі «Новая АЗС» ЖШС Қызылорда филиалының директоры Мәншүк БҮРКІТБАЕВА:

– 5 қаңтарда Қызылорда қаласында болған оқиғалар кезінде компанияға айтарлықтай зиян келді. Шерушілердің қолынан терезелер мен кіреберіс есік сынған, тіпті, өрт сөндіргіш құрылғылар ұрланған. Келтірілген шығын көлемі 700 000 теңгеден астам болды. Бірақ ең бастысы – қызметкерлеріміз дін-аман. Осы оқиғаларға байланысты 5 қаңтардан 9 қаңтарға дейін жұмыс істей алмағандықтан компанияға шығын келді. Егер бұл жағдайлар орын алмаса, әрі әдеттегідей жұмыс істесек, жақсы табыс табар едік. Алайда адам өміріне қауіп төнген қатерлі шақта жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Қалыпты, қауіпсіз өмірге қайта оралып, бәрі өз орнына түсіп келеді. Қазіргі таңда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына мемлекеттен өтемақы өндіріп алу туралы хат жолданып, берілген фактілер бойынша полицияға шағым түсірілді. Жақын арада барлық сұраққа жауап аламыз. Ал кәсібіміз қайта жанданып, бұрынғы қарқынмен халыққа қызмет ете береді. 10 қаңтардан бастап жұмыс әдеттегідей жүріп жатыр. Екі жанар-жағармай құю бекеті де жұмыс істеп тұр, сатылым толық, дүкендеріміз де қажетті тауарларға толы. Қоғам да, халық та өзіміздікі. Тыныштықты бұзып, өмірге қауіп төндіретін жайт енді орын алмайды деп сенемін.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының баспасөз хатшысы Раушанбек ШАРАПАТ:

– Адам мен оның өмірі – ең басты құндылық. Кәсіпкерлік саласында да адам капиталы маңызға ие. Одан басқа материалдық игіліктің, қажеттіліктің барлығын сатып алуға болады. Қаңтарда орын алған қоғамдық тәртіпсіздік те соны дәлелдейтіндей. Елдің әр аумағында дүкендер тоналды, әкімдіктер қиратылды, нысандарға зиян тигізілді – мұның бәрі адам өмірінің құнымен теңесе ме?! Кәсіпкерлердің денсаулығы мен өміріне қауіп төнбесе де, бұл сала айтарлықтай зардап шеккені рас. Оларға жәрдем беру үшін арнайы колл-орталықтар ашылды. Қазір қала бойынша 29 нысан зардап шеккен болса, соның ішінде 16 кәсіпкерлік нысан күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет етеді.Жылдың алғашқы күндері елде орын алған ахуалға орай өңірімізде бірқатар шектеулер комендант бұйрығымен жеңілдетілді. Атап айтқанда, облыс көлемінде азық-түлік дүкендері, дәріханалардың жұмыс уақыты күнделікті сағат 21:00-ден 8:00-ге дейін жұмыс істейтін болса, алкогольдік өнімдердің сатылуынсыз кафе-барлар, мейрамханалар, қоғамдық моншалар үшін 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс уақыты бекітілді. Сонымен бірге облыс бойынша барлық қару-жарақ дүкендері жабылды. Ал кәсіпкерлік бағытында бүгінгі күні қаладағы 12 базардың 11-і, 90 сауда орнының 86-сы жұмысын жалғастыруда.

«Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның жобаларды бақылау және іске асыру басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлдана ТАҢАТОВА:

– Салық жүйесі – мемлекет құрылымындағы басты элемент, оның рөлі демократиялық қоғамда нарықтық қатынастардың дамуында қатты өседі. Елімізде 1 қаңтардан бастап Салық кодексіне салықтарды есептеу кезінде ең төменгі жалақынының (ЕТЖ) орнына айлық есептік көрсеткіштің қолданылуын көздейтін өзгеріс енгізілді. Өзгерістер осыған дейінгі қолданылған ЕТЖ сомасына баламалы мөлшеріне сәйкес келтіріліп жасалды. Мәселен осы жылға дейін Салық кодексінде стандартты шегерім, яғни, тұлғаның табыстарына жеке табыс салығын салу кезінде алып тасталатын шегерім есептелген әр күнтізбелік ай үшін 1 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінде болған еді.

Қаңтарда ел ішінде жаппай төтенше жағдай жариялануына байланысты және интернет желісі қолжетімсіз болғандықтан ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылғы қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақаудың орын алғаны туралы хаттамаға қол қойды. Егер қажеттілік туындаса, салық төлеуші кәсіпкерлер осы қызметті қағаз түрінде рәсімдей алады. 19 қаңтардан кейін шот-фактураны ақпараттық жүйеге 15 күнтізбелік күн ішінде енгізсе жеткілікті.Бұл ретте ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды.

Дина БӨКЕБАЙ