Мектептің сахнасында ән салған оқушы мен Италияның мәрмәр театрларында Макбеттің рөлін сомдаған әншінің арасында бір ғана айырмашылық бар. Ол − уақыт. Десе де сол уақыттың артында қаншама еңбек, таңдау мен үлкен жол бар.
Бүгінгі кейіпкеріміз − Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылының тумасы, 26 жастағы опера әншісі Айбек Хайрулла. Шығармашылық адамымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Опера, жастар, көрермен мен талғам жайында әңгімелесіп, кейіпкеріміздің ойын тыңдадық.
− Айбек, кей жастар классиканы ескі өнер деп қабылдайды. Мұндай тұжырым жайлы не айта аласыз?
− Иә, өкінішті. Десе де бұл − табиғи құбылыс. Адам танымаған, білмеген дүниені ескі деп қабылдайды. Бірақ классика ешқашан ескірмейді, ол уақытқа бағынбайтын, уақыттан тыс өнер. Мысалы Джузеппе Вердидің «Макбет» операсы 1847 жылы жазылған, бірақ ондағы билікқұмарлық, сатқындық, ар-ождан мәселесі бүгін де өзекті. Сахнада Макбетті сомдағанымда 20 мен 70 жастағы көрерменнің жанына бірдей жететінін көрдім. Меніңше, мәселе классикада емес. Біз сол өнерді бүгінгі тілмен жеткізе алмай жүрміз. Менің міндетім − сол көпірді салу.
− Шынын айтқанда, ауылдан шыққан бала үшін опера тым алыс әлем сияқты көрінеді. Италияға апаратын жол қалай басталды?
− Рас айтасыз. Бала күнімде опера әншісі боламын деген арман, бала Айбекті үлкен сахна күтіп тұр деген ой да болмады. Ауылдағы қарапайым қазақы ортада өстік. Бірақ әнге жақын болдым. Үлкендердің айтқан әндерін қайталап, мектептің сахнасынан түспейтінмін.
2016 жылы №33 орта мектептің 9-сыныбын аяқтап, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжіне ән салу мамандығы бойынша Перуза Амангелдіқызының сыныбына оқуға түстім. Шынымды айтсам, операны шын мәнінде колледжге келіп, Перуза апайымның сабағында түсіне бастадым. Колледжді үздік дипломмен аяқтап, Қазақ ұлттық өнер университетінің вокалдық өнер кафедрасына, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Астана Опера» театрының сахна шебері Талғат Маратұлының сыныбына қабылдандым. Яғни, бұл − бала арман емес, қадам-қадаммен қалыптасқан саналы таңдау еді.
Ал алғаш рет Жиренше партиясын орындаған сәтте сахнадағы кейіпкерге айналу, жанын сезу дегеннің не екенін ұқтым. Міне, сол уақытта опера менің тағдырыма айналды. Ал Италияға барып, опера музыкасына сүңгігенімде басқа жолға бет бұрудың мүмкін емес екенін толық түсіндім.

2023 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Италияның Пезаро қаласындағы Дж. Россини атындағы консерваторияда Анна Вандидің сыныбында үш ай білім алдым. Сол жылдың ақпан айында Парма қаласындағы Корольдік театрдың жанындағы Вердиана академиясының тыңдалымына қатысып, оқу грантын жеңдім. Академияда Ф.Иццо, С.Д.Бенетта, С.Кастельвекки, Р.Дзанеллато, Ф.Беллотто сияқты опера әлемінің ірі шеберлерінен тәлім алып, халықаралық Верди фестивалінің қатысушысы атандым.
Келесі жылы, яғни 2024 жылы «Festival Verdi»- де «Macbeth, Scacco al Re» қойылымында Макбеттің рөлін сомдадым. Биыл наурыз айында Римдегі Санта-Чечилия консерваториясында тағылымдамадан өтіп, қазақ музыка кешін ұйымдастырдық. Ал қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде «вокалдық өнер» мамандығы бойынша магистратурада білімімді жалғастырып жатырмын.
− Жаныңызға қандай жанрдағы шығармалар жақын? Қоржындағы туындылардың қайсысын қайта-қайта орындағыңыз келеді?
− Маған ең жақын бағыт − Верди опералары. Себебі оның баритон кейіпкерлері тек музыкалық емес, психологиялық тұрғыдан да өте терең жазылған. Әр партияның ішінде адам мінезінің ішкі қайшылығы, драмасы, эмоциялық салмағы жатыр. Қазіргі репертуарымда бірнеше бағыт қатар жүреді. Дж. Вердидің «Macbeth» ариялары, «Травиатадағы» Жермон партиясы, С. Рахманиновтың «Алеко» операсынан Алеко бейнесі бар. Қазақ композиторларынан – Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан партиясы, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Жиренше және Абай бейнелері, камералық репертуарда Чайковский мен Рахманинов романстары, сондай-ақ қазақ композиторларының вокалдық шығармалары бар. Шынымды айтсам, әр шығарма өз уақытымен, өз күйімен келеді. Кейде бір туындыға қайта-қайта оралуың мүмкін, бірақ ол да көңіл күйге, сахнаға, ішкі күйге байланысты. Сондықтан мен үшін бәрі бірдей қымбат. Әрқайсысы – өзінше бір әлем, өзінше бір төбе.

− Әлі де армандап жүрген, сомдағыңыз келетін ірі опералық рөл бар ма?
− Иә, бар. Тіпті бірнешеу. Мысалы Вердидің «Риголеттосы». Бұл баритон репертуарындағы трагедиялық кейіпкерлердің бірі. Оның ішінде сатиралық күлкі де, әкенің махаббаты да қатар жүреді. Сол қарама-қайшылық мені қатты қызықтырады.
Ал қазақ операсынан, әрине, Абай бейнесі. Бұл тек рөл емес, үлкен рухани жауапкершілік. Сонымен қатар Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан бейнесін сахнада толық ашу − менің ішкі арманым.
Бірақ ең үлкен мақсатым қазақ топырағында жазылған жаңа операны сахнаға шығару. Заманымыздың Абайын, Шәкәрімін, не қарапайым қазақ тағдырын сахнаға алып шығатын жаңа қазақ операсы керек.
− Ұнаған шығарманы орындау үшін шет тілін үйренген кез болды ма? Тілдік барьерді қалай жеңдіңіз?
− Қазір төрт тілде еркін жұмыс істеймін. Ана тілім − қазақ тілі, ал Италияда оқып, біраз уақыт өмір сүргеннен кейін итальян тілі де күнделікті өмірімнің бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар ағылшынша және орысша білемін.
Шынымды айтсам, тілді арнайы үйренген жоқпын. Әр шығарма мені оған итермеледі. Біз, опера әншілері, тек дыбысты ғана айтпаймыз. Біз сөздің мағынасын, оның артындағы эмоцияны жеткіземіз.
Ал тілдік барьерге келсек, мен оны «жеңдім» деп айта алмаймын. Ол соңыңнан еріп келеді. Италияға алғаш барған кезде өзіңді бөтен сезінесің. Бірақ уақыт өте келе сол ортаның тынысын сезіне бастайсың. Бір жылдан кейін Парма көшелерінде жергілікті тұрғындар сияқты сөйлеп жүргенімді өзім де байқамай қалдым.

− Италия мен Қазақстандағы музыкалық білім, опера мәдениеті жайлы айтыңызшы. Қандай айырмашылық байқадыңыз?
− Бұл маған жақын тақырып. Тіпті магистрлік диссертациямды да осы бағытта жазып жатырмын. Себебі екі елдің де опера мектебін ішінен көріп, сезінуге мүмкіндік болды.
Италияда опера − жай өнер емес, халықтың күнделікті өмірінің бір бөлігі. Мысалы, кафеде отырсаңыз, көрші үстелдегі қарт кісінің Вердидің бір ариясы жайлы пікір айтып отырғанын естуіңіз әбден мүмкін. Олар үшін опера театрмен шектелмейді, бұл − ұлттық болмыстың бір бөлшегі. Тағы бір ерекшелік − дәстүр сабақтастығы. Италиядағы консерваториялардың тарихы бірнеше ғасырға созылады. Әр педагог белгілі бір вокалдық мектептің өкілі. Бірі – неаполитандық мектептің, енді бірі − миландық дәстүрдің жалғастырушысы. Сол жүйе ғасырлар бойы үзілмей келе жатыр.
Ал Қазақстандағы опера өнері салыстырмалы түрде жас болғанымен, өте қарқынды дамып келеді. Бүгінде «Астана Опера» секілді әлемдік деңгейдегі сахнамыз бар. Ең бастысы − әлемдік сахнада өнер көрсетіп, жас буынға сол тәжірибені бөлісіп жүрген білікті ұстаздар бар.
Меніңше, Италиядағы опера − дәстүр мен сабақтастыққа негізделген, ал біз өз жолымызды қалыптастырып жатқан кезеңдеміз. Бірақ бұл екі мәдениет бір-біріне қарсы емес. Керісінше, бірін-бірі толықтырады.
− Бүгінгі көрерменнің операға деген талғамы туралы не айтасыз? Қазақстанда бұл өнерді түсінетін, бағалайтын аудитория қалыптасты ма? Ал Италиядағы көрермен мәдениеті қандай?
− Кейінгі он жылда елде нағыз опера аудиториясы қалыптасты. Қазір «Астана Операның» залына барсаңыз, тек өнер адамдарын емес, жас отбасыларды, студенттерді, шетелдік дипломаттарды да көресіз. Бұл − өте маңызды өзгеріс. Бұрын опера тар ортаға ғана тиесілі өнер сияқты қабылданатын. Ал қазір оған қызығатын буын көбейіп келеді. Бірақ біз әлі ұзақ жолдың басындамыз. Опера тыңдайтын мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол үшін уақыт керек, тұрақты орта керек.
Ал Италиядағы көрермен мүлде бөлек. Олардың «құлағы» ғасырлар бойы тәрбиеленген. Олар әншінің тек даусын емес, тембрін, тынысын, тіпті бір фразаның қалай айтылғанын байқайды. Парма театрының сахнасында тұрған кезде залдың реакциясын анық сезетінмін. Кейде көрермен тұтас арияға емес, сәтті шыққан бір ғана музыкалық фразаға да ерекше ықылас білдіреді. Сол кезде операны тыңдау мәдениетінің қандай деңгейде екенін түсінесің. Қазақстанда дәл сондай талғамды аудитория қалыптастыру − тек театрдың емес, біздің, яғни орындаушылардың да ортақ міндеті деп ойлаймын.
− Сонда қазақ операсын әлемдік деңгейге шығару үшін не істеу керек?
− Менің көзқарасым бойынша, үш бағыт маңызды. Біріншіден, қазақ опера репертуарын, мысалы Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Жұбанов-Хамидидің «Абай» сияқты туындыларды әлемдік сахнаға шығару керек. Екіншіден, әншілерді «Accademia Verdiana», «La Scala Academy» секілді бағдарламаларға жіберуді жүйелеу де маңызды қадамның бірі. Әрі қазақы опера дәстүрін Еуропа дәстүрімен қатар ұсынатын жобалар жасау қажет. Мысалы Римдегі Санта-Чечилия консерваториясында өткен «Дала әуендері» концерті − итальяндық көрерменге қазақ классикалық музыкасын алғаш рет таныстырды. Міне, осындай көпірлерді көбейту керек.

− Ал жастардың операға қызығушылығын қалай арттыруға болады?
− Жастарға операны «аударып беру» керек. Яғни, олар түсінетін тілде түсіндіру қажет. Мысалы, «Макбетті» не үшін бүгін көру керек? «Травиатаның» махаббат хикаясы TikTok дәуірінде неге әлі де өзекті? Осындай сұрақтарға нақты жауап бере алсақ, опера да жастарға жақындай түседі.
Меніңше, мәселе операның өзінде емес − оны жеткізу тәсілінде. Біріншіден, мектеп пен университеттерде ашық репетиция өткізу керек. Жастар сахна артындағы процесті көрсе, өнер оларға әлдеқайда жақындайды. Екіншіден, әлеуметтік желінің мүмкіндігін дұрыс қолданып, опера үзінділерін қысқа форматта, бірақ мәнін жоғалтпай, жастар тіліне бейімдеп ұсыну қажет. Үшіншіден, 40-45 минуттық түсіндірмесі бар арнайы концерт форматтары керек. Ұзақ классикалық қойылымның орнына жастарды әуелі осындай кіріспе әлемге алып келуге болады. Тағы бір маңызды дүние − жас әншілердің өз тарихын айтуы. Яғни операны тек классикалық мұра ретінде емес, бүгіннің тірі өнері ретінде көрсету.
Опера − қашықтағы өнер емес. Ол тек біз жасырын тілде сөйлегенімізде ғана қашық болып көрінеді.
− «Операның не екенін Перуза апайымның сабағында түсіндім» дедіңіз. Ұстаздарыңыз жайлы айтып беріңізші.
− Иә, Перуза Амангелдіқызы дауысымды ашты. Талғат Мұсабаев ағайым техникам мен сахналық тұлғамды қалыптастырған, тамырымның негізін қалаған ұстазым. Ал Италияда жүргенде Анна Ванди ханым Россини мектебінің тазалығын сыйлады, әлемдік деңгейдегі бас әнші Риккардо Дзанеллат сахнадағы образ философиясын үйретті. Профессор Франческо Иццо музыканы ноталардан тыс, тарихи контексте оқуға баулыды.
Үлгі тұтатын опера әншілерім де бар. Мысалы Дмитрий Хворостовский мен үшін баритон тембрінің символы. Ол өмірінің соңғы сәтіне дейін сахнаға адал болды. Дж.Дзанканаро − Италияның тірі классигі. Олардан дауыстың техника емес, тағдыр екенін, сахнаға шыққан соң, сен өзіңді емес, ішіңдегі дауысқа қызмет ететініңді түсіндім.

− Дуэт орындайтын кезде серіктесіңізді қалай таңдайсыз?
− Дуэт − бұл екі дауыстың қосылуы ғана емес, екі тыныстың бірігуі. Партнер таңдағанда біріншіден, вокалдық үйлесімге назар аударамын. Менің баритонымның реңіне қарсы тұратын, бірақ онымен жоғалмайтын дауыс керек. Екіншіден, сахналық сезімталдық та маңызды. Серіктесің көзіңнен фразаны түсіне білу керек. Үшіншіден, кәсіби адалдық. Дуэтте бір адам жұлдыз болғысы келсе, музыка өледі.
− Опера әншісінің ең үлкен жауы…
− Ең алдымен − шаршау. Әсіресе көрінбейтін шаршау өте қауіпті. Өйткені дауыс − бұлшықет сияқты. Кәдімгі дене шаршағанда бірден сезесің, ал дауыстың шаршағаны кеш байқалады, бірақ салдары ұзаққа созылады.
Екінші жау − ішкі күмән, сенімсіздік. Сахнаға шығар алдында «бүгін бәрі дұрыс бола ма?» деген ой әр әншіде болады. Сол сәттегі сенімсіздік адамның ішкі дайындығын әлсіретеді.
Бірақ мұны тек техникамен жеңу мүмкін емес. Мұнда рухани тұрақтылық, ішкі тәртіп, сахнаға психологиялық дайындық өте маңызды.
− Мысалы тележүргізушілер артикуляцияға арналған арнайы жаттығулар жасайды. Ал опера әншілерінде қандай ритуалдар бар?
− Біздің әр күніміз тыныстан басталады. Өйткені дауыс − жай ғана дыбыс емес, тұтас механизм. Ал сол механизмнің қозғалтқышы – тыныс. Сондықтан таңертең, ең алдымен, диафрагманы оятатын жаттығулар жасаймын. Одан кейін «vocalise» басталады. Бұл − сөзсіз, тек дыбыспен орындалатын дауыс жаттығулары. Дауыс төменгі регистрден біртіндеп жоғарыға көтеріледі. Артикуляциялық жаттығулар да күнделікті процестің бір бөлігі. Әсіресе итальян тіліндегі шығармаларда дикция өте маңызды. Кейде бір ғана дыбыстың дұрыс шықпауы бүкіл фразаның мінезін өзгертіп жібереді.
Дауысты қорғаудың да өз тәртібі бар. Мысалы суық су ішпеу, ащы тағам жемеу, қатты желден сақтану. Спектакльге бір күн қалғанда сөйлесуді азайтатын кез болады. Ал сахнаға шығар алдындағы ең маңызды дүние – ішкі тыныштық. Себебі сахнаға «сен» емес, кейіпкер шығады. Бұл процестерді жазылмаған заң деуге де болады.
− Сахна сыртындағы Айбек қандай 3 сөзбен сипаттаңызшы.
− Үнсіз. Ойшыл. Қарапайым Сырдың тумасы….. Сахнадағы дауысым қаншалықты жоғары болса, сахна сыртындағы өмірім соншалықты тыныш.
− Рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!