Бүгінде елде есірткіге қарсы жұмыс жүйелі жүріп келеді. Дей тұрғанмен синтетикалық затқа құмартқан жастардың қатары азаймай тұр. Бұған қолға тиген наркологиялық есеп дәлел бола алады. Мәселен, 2024 жылы 18 мыңнан астам адам тіркеуде тұрса, бұл көрсеткіш биыл тағы да көбейген. Оның 70%-ы кәмелетке толмағандар. Ашынғанда шығады ащы даусың…

Сорақысы сол, өткен жылы халықаралық «World Population Review» ұйымы жариялаған есірткіні көп тұтынатын елдердің рейтингінде Қазақстан 8-орында екен. Ұйым сарапшылары жыл сайын қолдануға тыйым салынған заттарды тұтынатын елдердің тізімін жариялап отырады. Олар рейтингті шығаратын кезде БҰҰ-ның есірткі туралы мәліметтеріне, ДДҰ-ның сараптамалық мәліметтеріне сүйенеді.

Рейтингтегі алғашқы он елге назар аударсақ. Есірткіні ең көп тұтынатын елдердің көшін АҚШ бастап тұр екен. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ондағы барлық халықтың 6%-ы есірткі тұтынады. Осының кесірінен штат тұрғындарының өмірі 6,7 жылға қысқарады екен. Екінші орында – Эстония. Эстониялық нашақорлар өмірінің 5 жылын жоғалтады. Үшінші орында – Белорусь елі. Олар 4,1 жыл аз өмір сүреді. Тізімді ары қарай Моңғолия, Канада, Гренландия, Ресей жалғастырады. Ал Қазақстан 8-орында. Сарапшылардың орташа есебі бойынша қазақстандық есірткіге әуестер өмірінің 3,7 жылын жоғалтады. Халықаралық ұйымның жасаған тізімі ақиқаттан алыс емес секілді.

– Қазақстанда наркологиялық есепте 18 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның 1,5 мыңы әйел болса, 66-сы – кәмелетке толмағандар. Бірақ елдегі нашақорлардың нақты саны бұдан 10 есе көп, яғни 200 мыңнан асып түседі. Сондықтан біз бұдан былай бірден тіркеуге алу бойынша әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта есепке алу жұмыстары тек пациенттердің келісімімен ғана жүзеге асырылады, – деп сол уақыттағы статистика бойынша ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары мәлімдеген болатын.

Елде 700-ге жуық есірткі түрі кездеседі

Әлемде есірткінің мыңнан астам түрі таралған. Ал Қазақстанда соның 700-ге жуық түрі кездеседі. Мамандар елдегі есірткі айналымын негізінен каннабис шикізаты, героин және синтетикалық есірткі құрайды дейді.

Мәселеге әріден үңілсек, тәуелсіздік алып шекарамызды шегендеп, етек-жеңімізді жинап жатқанда Қазақстанда апиын, гашиш, марихуана емін-еркін таралды. 1990 жылдары атышулы ауған героині үлкен сұранысқа ие болды. Ал 2000 жылдардың басында героинге тәуелділік артты, соңыра синтетикалық каннабиноидтар айналымға шықты. Ал бүгінде елдің есін алып, санасын улап, сергелдеңге салған синтетика Қазақстанға сонау 2015 жылдары келе бастады.

Қазір елімізде синтетикалық есірткілерді тарату жүйесі күрделі әрі көп деңгейден тұратын схема бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен синтетикалық есірткілерді өндіруге қажетті химиялық заттар мен жабдықтар көбінесе шетелден заңсыз жолмен жеткізіледі. Олар елімізде арнайы жасырын лабораторияларда жасалады. Мұндай лабораториялар қалаларда, ауылдық аймақтарда, тіпті пәтерлерде де болуы мүмкін. Өндірілген есірткі жасырын қоймаларда сақталады. Ал оны таратудың өзі бірнеше деңгейде жүргізіледі. Бірінші деңгейде үлкен партиялар аймақтық диллерлерге жеткізіледі. Ал екінші деңгейде есірткіні шағын бөліктерге бөліп, ұсақ дилерлер мен тұтынушыларға таратады. Сатудың өзі онлайн және офлайн түрде жүргізіледі. Кейінгі жылдары синтетикалық есірткілер интернет арқылы кеңінен сатылып жүр. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, DarkNet (көлеңкелі интернет) платформалары тапсырысты қабылдап, курьерлер үйге дейін жеткізіп береді.

– Әсіресе оңтүстік өңірлерімізде, ірі көлік-логистикалық тораптарда орналасқан – Алматы және Жетісу облыстары мен Алматы қаласы. Аталған облыстарда синтетикалық есірткі өндіретін зертханалардың негізгі бөлігі байқалды. Құқық қорғау және арнайы органдармен 33 есірткі (2024 жылғы дерек) зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прескусорлар тәркіленді. Осылайша, тұтынуға дайын 1 тонна есірткі затының өндірісіне жол берілмеді. Бұл шамамен 3 миллион бір реттік доза және мыңдаған адамның өмірін құтқару әрекеті, – деген болатын Ішкі істер министрлігі мамандары.

Қазірде Қазақстан есірткі өндірісінің ауқымы жағынан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орында тұр. Тіпті, Қазақстан синтетикасы Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап үлгерген.

ІІМ-нің мәліметінше қазір есірткі таратуға 13 пен 15 жас аралығындағы балалар тартылып жатыр. Құқық қорғаушылардың сөзінше, қылмыстың бұл түрі мессенджерлер арқылы жүзеге асатындықтан жолын кесу қиын. Мамандар бұл ретте балаға жауапкершілікке 16 жастан бастап тартылатынын, есірткі саудасы үшін 10 жылдан бастап, өмір бойына сотталатынын түсіндіру қажет деп санайды.

Есірткімен күрес күн тәртібінен түспеуі тиіс

Ұлт болашағына қауіп төндіретін есірткімен күрес тоқтамауы керегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтады.

– Әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын, – деген болатын Президент.

Президент тапсырмасын орындаған Мәжіліс депутаттары сол уақытта есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекет басшысы өз бақылауында ұстап отырған есірткі саудасының жолы кесіліп, оңай олжаға кенелгісі келгендер біртіндеп тұзаққа түсе бастады.

Ресми өкілдің айтуынша, 2024 жылы есірткі бизнесіне байланысты 2064 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Есірткі таратудың 517 дерегі тоқтатылған. Бұл жағдайдың бәрінде әрбір үшінші дерек интернет арқылы іске асырылғаны анықталып отыр.

– Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды. Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ жойылды. Олар синтетикалық заттарды сатумен және жеткізумен айналысқан. Қылмыстық топты ұйымдастыру және оған мүше болу әрекеті бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның аясында 66 келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар 16 есірткі зертханасы анықталып, жойылған. Оның тең жартысы синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Алматы қаласында – 4, Алматы облысында – 3, Шымкентте бір зертхана анықталып, жойылды, – деп мәлімдеді мамандар. Бұл нақты дерек болатын болса, біз білмейтіні қаншама?!

Қалыпты өмірге оралу өз қолыңда

Синтетикалық есірткінің «дәмін» бір татып көргендердің 90%-ы тәуелді болып қалады дейді мамандар. Өйткені синтетика түрі – есірткінің ең ауыры. Адам оны тұтынған сайын оған тамақ, киім, отбасы керек болмай қалады. Оның бәрінің орнын есірткі алмастырады.

Артур Котенко – Шымкент қаласындағы «Ренессанс-Шымкент» оңалту орталығының жетекшісі. Химиялық есірткіге тәуелді науқастармен жұмыс істейді. Жас жігіттің өмір жолы қызық әрі қиын. Қиын дейтінім, өзі бұрынғы нашақор. Қызық дейтінім, қазір нашақорларды емдеуге арналған орталықтың жетекшісі. Артур тағдырдың тұңғиық тереңіне батып бара жатып, қайта бас көтеріп, есін жиып, бойын түзеп, есірткінің құрсауынан босап шыққан жан. Павлодарда өмірге келген ол 22 жасында Екатеринбург қаласына кетеді. Сол жақта 25 жаста ең алғаш рет есірткінің дәмін татады. Әкесінің қазасын көтере алмай, ауырған жанының жарасын кокаинмен басады. Осылайша жарты жылдай жұмысқа барып-келіп, кешкісін есірткісін шегіп, арасында өзіне «демалыс» жариялап, денсаулығын қалпына келтіріп, қайтадан шегу әдетіне айналып кетеді.

– Арада біраз уақыт өткеннен кейін өзімнің ашуланшақ, сөз көтере алмайтынымды байқадым, жүйкем сыр бере бастады. Бұрын жер қозғалса да, қозғалмайтынның бірі мен едім. Ол кезде кез келген ұсақ-түйекке күйіп-пісіп, айналама жеккөрінішті бола бастадым. Жүйкемді тыныштандыру үшін маған есірткі ауадай қажет болатын. Кокаинге күнде ақша қайдан табылсын, келе-келе арзан синтетикалық есірткіге тәуелді болып алдым. Осылайша 2 жыл синтетикада «отырдым». Өмірімнің астаң-кестеңі шықты. Үйдегілер менің нашарқор екенімді бетіме басып айтатын болды. Отбасымнан кетіп, пәтер жалдап тұрдым. Істеп жүрген жап-жақсы жұмысымнан шығып кеттім, сүйікті қызыммен айырылыстым, достарымды жоғалттым, соңында қарызға белшемнен баттым. Ары қарай қалай өмір сүру керегін білмедім. Өзіме қол салғым келген кездер болды. Осындай ауыр күндердің бірінде анама келіп көмек сұрадым. «Оңалту орталығына барып емделуден басқа жол жоқ!», – деді анам. Сөйтіп «Ренессанс» наркологиялық орталығында 7 ай емделіп шықтым. Кейін осы жерде арнайы оқудан өтіп, бүгінде орталықта жетекші маманмын. Психологтың оқуын оқып жатырмын. Бұл салаға өзімді тану, зерттеу үшін келдім. Сондай-ақ химиялық тәуелділігі бар адамдарға барынша көмектесу – басты мақсатым, – дейді ол.

Артур өмірінің мәнін енді тапқандай. Есірткі құрбандарымен жұмыс істеу, оларды оңалту шараларын жан-жақты жүргізу өзіне ұнайды. «Мен жүрген жолмен жүріп көр. Жығылып, қайта тұрып көр. Түсінгің келсе, сен мені. Мен болып өмір сүріп көр» деп келетін науқастардың жайын, эмоциясын, көңіл-күйін, ішкі сезімдерін Артур жақсы біледі. Өйткені бір кезде өзі де нашақордың кедір-бұдыр жолын жалаң аяқ кешкен.

Синтетикалық есірткі шеккен адам өзін батыл сезінеді, күші тасып, сенімділігі артып тұрады. Алайда мұның бәрі иллюзия. Адам ағзасы есірткіні аз дозасына да үйреніп, кейін қанағаттанбайтын болады. Доза күшейген сайын адам отбасын, жұмысын, қоғамдағы орнын, қоршаған ортасын ұмыта бастайды. Кейін оған су қалай керек болса, есірткі де солай керек болады, онсыз өмір сүре алмайды. Химиялық тәуелділіктен арылғанның өзінде адам өмір бойы өзімен жұмыс істеп, қайта бастап кетпеуіне назар аударып отыруы керек.

Нашақорға күн сайын тығырықтан шығатын жол алыстап кеткендей көрінер. Алайда шырмауықтың шырмауынан құтылуға болады. Хәкім Абай: «Өзгермейді деген адамның – тілін кесер едім» дейді. Расында өзгермейтін адам жоқ. Ол үшін адамның өзіне деген сенімі, күш-жігері, қайраты, ең бастысы отбасы, туыстары мен достарының қолдауы маңызды.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!