Бүгінде аймақ кәсіпкерлігі кең өріс алған. Қолдан келген өнерді кәсіп қылған жандардың қарасы қалың. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Өнеріңді сатып, кәсіп қыл» деген сөзі әлі де өз құндылығын жойған жоқ. Қала тұрғыны Райхан Борашова осы қатарда. Ол шаштараз ісін жеті жылдан бері жүргізіп келеді.

– Менің шаштараз ісін бастауыма әкем себепкер болды. Ол әлсін-әлсін шашымды алып берші деп отыратын. Осылай ерлер шебері болдым да кеттім. Әкеме алғысым зор. Жеті жылдан бері өзімді шыңдап, дамытып келемін. Қалай болғанда да бір орныңда тұрып қалуға болмайды. Бүгінгі қоғамның талабы – «Өзің оз, озбасаң, кейінгіге жол бер». Аялдап қалғаның, артта қалғаның. Осылайша құмырсқаша жыбырлап жүріп, өзің үйрене жүріп, тәжірибе жинайсың. Келушілердің де талабы жаңа заманға сай өзгеріп тұрады. Сондықтан, жан-жақты дами жүріп, еңбек етесің, – дейді кәсіби шебер.
Жылдар жылжыған сайын тәжірибе қоржыны да тола түседі. Райхан Мұратқызы осы уақыт аралығында өзінің кәсіби шеберлігін шыңдай бастады. Елге белгілі Динара Алмусаева академиясында да ерлер мастері қызметін атқарады. Әйтсе де, әрбір сәтте өзіне сырт көзбен қарап, кемшін тұсын жөндеп, жетістігіне марқая алады.
– Осы уақыт ішінде талай қызықтары мен шыжықтарын көріп келемін. Қазір әкеме үлкен алғысымды айтамын. Бастапқыда қарапайым шаштараз болып бастаған мен, қазіргі таңда барбер дәрежесіне дейін шыңдалдым деп толық айта аламын. Үлкен қалаларға, кәсіби барберлерден сабақ алып, өз жерімде сол алған тәжірибеммен бөлісіп келемін. Өзің сүйіп, таңдаған саланың ешқандай қиындығы жоқ. Бар болғаны, өзіңнің ынта-ықыласың болса, болғаны. Сол жеткілікті. Ары қарай барлығы да еңбекпен келеді, – дейді кәсіпкер.
Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген бар. Бұл бағытта өзінің өнерін кейінгі толқынға үйретіп жүрген Райхан Мұратқызы саладағы сабақтастықты жолға қойған. Алдыңғы толқыннан алған үлгісін кейінгіге көрсетіп, бағыт-бағдар, жол нұсқап жүр. Онысын кейінгі ізбасарларының алдындағы міндеті санайды.
– Қазіргі таңда 6 шәкірт тәрбиелеп шығардым. Ол кісілердің де жетістіктерін көріп келемін. Бұл саланы таңдаған адамның бойынан табылу керек касиеттерді айта кететін болсам, ол – шыдамдылық, өз жұмысын сүйіп атқару, даму. Әуелі Алла, одан кейін ата анама алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер.
Талаптың тұлпарын мініп, төзімділікті жанына серік еткен Райхан шебер міне қызу тірлік үстінде. Аз ғана уақыт ішінде мұнда келушілердің қатары қалың екенін байқадық. Бастысы, адал еңбек ету. Ал тұтынушы қай кезде де мықты шеберді өзі-ақ тауып алады. Райханның еңбектегі басты ұстанымы да – осы.
– Ата-анам маған адал кәсіп етуді үйретті. Соның арқасында осындай жетістіктерге жеттім. Алдағы уақытта да кәсібімді қанша кеңейтіп, қандай биіктерді еңсерсем де, ата-анамның маған «бетегеден биік, жусаннан аласа бол» деген ақылы әркез жанымда серік болады, – дейді ол.
Кәсіпті адал атқарған адам қай кезде де биік шыңдардан көрінетіні анық.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!