Жуырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен бизнесті кеңейту мен масштабтауға арналған кездесуде жергілікті кәсіпкерлер бас қосты.

Жиын 6 сәуір мен 4 мамыр аралығында еліміздің 17 қаласын қамтитын ауқымды тур аясында жүзеге асуда. Басты мақсат – шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету, кәсіпкерлерге өз ісін жаңа деңгейге шығарудың нақты жолдарын ұсыну. Жоба «Атамекен» ҰКП мен Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығының бірлесуімен қолға алынған.

Кездесу барысында сарапшылар кәсіпті жүйелеу, филиалдар ашу, басқа өңірлерге шығу, сондай-ақ франчайзинг арқылы кеңейту мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушылар бизнес-процестерді тиімді ұйымдастыру, қаржылық есеп жүргізу және қашықтан басқару тәсілдері бойынша практикалық кеңес алды. Нақты кейстер арқылы кәсіпті дамытудағы өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары ұсынылды. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.

− Бүгінде көптеген кәсіпкердің тұрақты жұмыс істеп тұрған бизнесі бар. Алайда оны кеңейту кезеңінде нақты құралдар мен тәжірибе жетіспейді. Осы жоба арқылы кәсіпкерлерге өсудің жүйелі жолдарын көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге бағыт беруді көздейміз, – деді ұйымдастырушылар.

Сондайақ, олардың айтуынша, бизнесті масштабтау тек табыс көлемін арттыру ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының дамуына да оң әсер етеді. «Филиал ашу немесе франчайзингке шығу – жауапты қадам. Сондықтан әр кәсіпкер бұл процесті дұрыс жоспарлап, сапаны сақтаудың тиімді тәсілдерін меңгеруі қажет», – деп атап өтті палата өкілдері.

Іс-шараға қатысушылар да кездесудің практикалық маңызын жоғары бағалады. Кәсіпкерлердің айтуынша, нақты тәжірибеге негізделген кеңестер бизнесті дамытуға жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, тур аясындағы кездесулер еліміздің өзге қалаларында жалғасады.

Камилла САҒЫНДЫКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!