Бір жыл ішінде облыста шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7679 жаңа жұмыс орны ашылған.  Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 8,5%. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Жолдауды талқылауға арналған активте мәлімдеді.

‒ Мемлекет пандемия кезінде кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетті. Салықтан босатты. Облыста 460 кәсіпкерлік субъектінің несиелері бойынша төлемі кейінге шегерілді. Экономиканың зардап шеккен салаларындағы 40 кәсіпкердің жоғары пайызбен алынған несиелері 6%-ға дейін субсидияланды. Айналым қаражатын жеңілдетіп беру жөніндегі несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Шектеу шаралары кезең-кезеңімен алынып, реттеліп жатыр», – деген Палата басшысы осы қолдаулардың арқасында пандемияның салдарына қарамастан шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң өзгерістер бар екенін жеткізді.

Аймақта кәсіпкерлердің саны да артқан. Соңғы деректер бойынша облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50 357-ге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 9,1 %-ға немесе 4 204 нысанға артқан.

Жолдауда Президент 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеді. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн екенін атап өтті.

‒ Біздің облыста жеке мектептер салу бойынша оң тәжірибе бар. Бүгінгі таңда жергілікті кәсіпкерлер жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі негізінде 5000 оқушыға 12 жеке мектепте білім алуға жағдай жасаған. Дегенмен Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша Қызылорда қаласында  7 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. 2023 жылға дейін бала саны тағы бірнеше мыңға көбейеді. Өткен жылдың өзінде 21 мың бала дүниеге келген», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Ол осы тапшылықты жою үшін жер учаскелерін бөліп, жергілікті ірі кәсіпкерлерді жеке мектеп салуға тартуды ұсынды.  Өтемақы қаражатының республикалық бюджеттен бөлінетінін, жергілікті бюджетке ауыртпалық жоқ екенін атап өтті.