Аймақта кәсіпкерлік саласы көш бастап, алдыңғы орында келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар ісін жаңадан бастаймын дегеннің де, дамытамын дегеннің де қолтығынан демеуде. Игі бастамалардың нәтижесі де жоқ емес. Қазір тіпті елді мекендерде де өнім шығарып, өндіріске ықпал етіп жатқандар көптеп кездеседі. Мұның барлығы мемлекеттік деңгейдегі қолдаудың жемісі екені даусыз. Осы ретте халықтың оң жамбасына шығатын игі бастамалардың жай-күйі барысын білу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбәраковпен әңгімелескен едік.

– Қамбарбек Амангелдіұлы, осы күнгі кәсіпкерлікті қолдау жайына тоқталып өтсеңіз… Бұл бағытта өңірде қандай ілкімді істер бар?
– Мемлекет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлік саласын жүйелі дамыту, оларға қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Үкімет шағын бизнесті ортаға және орта бизнесті ірі бизнеске айналдыру үшін мемлекеттік қолдау аясын кеңейтіп отыр. Биыл аймақта кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әр түрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат қаралған. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде облыста шағын және орта кәсіпкерлікте тіркелген субьектілер саны 74 987-ге жеткен. Бұл – 132,5 процентке өсті деген сөз. Ондағы жұмыс істейтін субьектілер саны 70 879-ды құрайды. Сандық деректерге жүгінсек, мұнда да 138,7 процент өсім бар. Ал қала және аудандарда кәсіпкерлер саны 30-40 процент арасында ұлғайған. Экономиканың бұл секторында облыстағы экономикалық белсенді халықтың 34,8 проценті, яғни 121,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай облыста шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі 25 процентке жеткізу міндеті қойылған. Бұл бағытта өңірде кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңінен іске асырылатын болады. Биыл әсіресе, жастар кәсіпкерлігіне баса маңыз аударылуда.

Жастар деп қалдыңыз, облыс жастарының төл басылымы болғандықтан, нақтылай кетсек… Жастарға қандай басым бағыттар қарастырылған? Оларда қандай мүмкіндік бар?
– Иә, әрине. Жастар – елдің қозғаушы күші. Жастары білімді, ынталы, жаңа нәрсеге құмар, тыңнан түрең сала алатындай мүмкіндігі болған ел қайда болса да топ жарып, алға шығады. Сондықтан, біз бұл бағытта тың жобаларға ерік беріп отырмыз. Ел жастарына арналып, 2,5 процентпен төмендетілген несие беру қарастырылған. Ұлттық жоба қаражатының жартысынан көбі жастарға бағытталады. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама аясында инновациялық грантқа өткен жылы бөлінген 120 миллион теңгенің 50 миллион теңгесі жалпы қарапайым халыққа арналса, қалған 70 миллион теңгесі жастарға арналған. Басымдық қалай беріліп тұрғанын көріп тұрсыз. Оған 673 кәсіпкер өтінім берді. Дей тұрғанмен, сол жоба тапсырушылардың ішінде инновациялық жобалар өте аз. Мәселен, наубайхана ашу ісі, сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі, тігін цехтарын ашу, құрылыс материалдарын шығару, жиһаз өндірісі, техникаларды жөндеу, автокөлік жуу, желімдеу орталығы, сабын және кір жуу жабдықтарын шығару жобалары көп кездеседі. Міне, өзіңіз көріп отырғаныңыздай, елде бар кәсіпті ашқысы келеді. Жастарға да, басқаға да барынша мүмкіндік беріліп тұр. Тек оны дұрыс қолдана білу керек. Халыққа осы жетіспейді. Тың нәрсе дегенде жаңадан велосипед ойлап тап деп жатқан жоқ, тұрғылықты елді мекенде бұрын-соңды болмаған кәсіп болса, тым алақай емес пе?! Бұдан не түйеміз?! Бастысы, елге нағыз қажетті кәсіпті бастау керек. Қазір халық­тың ойын­дағы керек нәрселер көп.
Сөзіңізді бөлсем, айып етпессіз. Осы жерде елге нақты қандай кәсіп керек? Біз осыны нақтылап айта аламыз ба?
– Иә, біз ел аралап, халықпен кездесіп жүрміз. Менің бір түйгенім, әрбір ауыл бір-біріне тәуелді болмай, өз алдына қажеттіліктермен қамтылу керек. Сосын бір айта кетерлігі, біз Ұлттық жобаның ішінен ең алдыңғы қатарда қажет кәсіптер тізбесін жасақтауымыз керек. Жоба ойлап жүрген азаматтардың көпшілігі елде бар кәсіпті айта береді. Бәрі бірдей наубайхана ашқысы келеді. Олай болмайды ғой. Мысалы, Қытайдан құрал-жабдықтар әкелетін жігіттер бар. Өткен жолы зерттесем, сол құрал-жабдықтар мен арнайы машиналардың арасында қолғап тігетін, шеге шығаратын, сым тоқитын аппараттар бар. Міне, осы нәрселерге біздің елдің көзқарасы енді қалыптасып келеді. Қазір сым шығаратын, шеге шығаратын цехтар бар біздің аймақта. Міне, осылай істеу керек кәсіпті.
Бұл бағытта қандай қиындықтар бар?
Халық білмей қала ма, әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір көпшілігі қайтарымсыз гранттан алған қаржыны алған мақсатына жұмсамайды. Міне, оның аяғында «Даму» қоры нысаналы мақсаттарын тексеріп, аралайды. Жұмыс істеп жатса, оны көріп, жұмыс істелмесе, ол ақшаны қайтаруын талап етеді. Ары қарай сот процесі жүзеге асады. Мысалы, бір жылда алынған қайтарымсыз қаржының 15 проценті мақсатсыз жұмсап жіберген. «Тегін беріліп жатыр, алып алайық» деген ой жүрмеу керек мұнда. Кез келген нәрсенің сұрауы бар. Ертең бұл қаражаттың да сұрауы болады. Тағы бір айта кетерлігі, биыл келіп жатқан жобалар көп. Бірақ қаражат жетпей қалуы мүмкін екенін көріп, біз облыс әкіміне ұсыныспен шықтық. Аймақ басшысы егер жақсы жобалар болса, қаражатты екі есеге көтеріп беретінін айтты. Шынайы жұмыс істейтін болса, халыққа көп жеңілдік. Мәселен, Ұлттық жоба аясында жастардың кәсіп ашып, құрал-жабдық алуына 10 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат гранты қарастырылған. Ол үшін де биыл біраз қаражат бөлінді. Егер алатын құрал-жабдық 10 млн теңгеден қымбат болса, қалғанын кәсіпкер, яғни, жоба авторы өзі қосып алуына да болады.
Өндіріс бағытына байланысты не айта аласыз? Бізде басым бағытқа айналуы тиіс саланың бірі. Мұнай саласына иек артып отыра бермеу керек деген мәселе осыдан 4-5 жыл бұрын басталған. Содан бері біз қаншалықты өндіріске бет алдық? Айқын жоспар бар ма?
– Сұрағыңыз орынды. Мұнайдың азайып жатқаны ақиқат. Енді біз оның орнын немен толтырамыз? Соны ойлануымыз керек. Тек ойланып қоймай, айқын қадамдар бастауымыз керек. Өңдеу өнеркәсібін қолдап, оны дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану қажет. Мәселен, Шиелі ауданындағы «Гежуба» цемент зауытын мысалға алайық. Қуаттылығы миллион тоннаға жақын. Осы зауыттан екі есе үлкен зауыт Жаңақорған ауданынан салынбақ. Қазір инвесторлар келіп жатыр. Келісімдер жүруде. Оған шыны зауытын қосыңыз. Бұл – Қазақстанда жоқ жоба. Осы шыны зауытының жанынан 8 қосымша зауыттың құрылысын бастаймыз. Германиялықтармен келісімге келдік, құжаттарға қол қойылды. Құрылыс материалдарын, айналар мен машина әйнектерін, ыдыстар, құтылар шығаратын зауыттар бой көтермек. Міне, өндірістің ең ауқымды жобалары осылар.
– Өндіріске халықты тарту үшін алдымен қызықтыру керек шығар…
– Ол – бірінші кезектегі мәселе. Біз қаланы аралап шықтық. Бізге керегі – өндіріс паркі. Өйткені, көп адам осы салаға келгісі келеді, бірақ отыратын орны жоқ. Ғимаратты жалға аламын дейді. Ол – қиын нәрсе. Енді мынадай ой келді. Үлкен-үлкен қоймалар салып қойып, оны кәдесіне жарата алмай отырғандар көп. Біз осындай нысандарды пайдаға асыруымыз керек. Ішіне жалға ғимарат, орын іздегендерге жеңілдетіп көмектесіп, бір үлкен ангардың ішіне бір өндірістің орындарын даярласақ. Шағын цехқа көп орын керек емес, міне ішін орын-орынға бөліп тастау керек. Қазір үш жерді белгілеп отырмыз. Бұл қадамға бармасақ, болмайды. Өйткені, жері мен ғимараты жоқ, бірақ талабы мен идеясы бар жоба ұсынушылар көп. Ал кәсіп нарықтың жалдау құнын көтермей тұр. Шеге шығарамын дей ме, сым шығарамын дей ме, жоқ әлдеқолғап тігемін дей ме, міне, орын беріледі, сол кәсіпкермен жеңілдікпен жалдауға келісімге келіп, жұмысын істей береді. Біз осындай парктерді ашып, қажетті цехтардың барлығын бір жерге шоғырландырсақ деп отырмыз. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттей 30 миллион теңгедей қаражат бөлінді. Біз оны қорғау үстіндеміз.
– Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңызға алғыс білдіремін.


Әңгімелескен
Дәулет Қырдан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!