Гүлді баптап өсіру, күтімін жасау екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Себебі гүл көп нәрсені ұната бермейді. Тіпті гүл қоятын орынды да алдын ала таңдап алу керек. Суды көп ішпейтінін, салқын жерді ұнатпайтынын жапырағындағы өзгерістен бірден аңғаруға болады. Жалпы гүл өсірудің қияметін мамандардан біледі. Олар тіпті қай гүл аса күтімді қажет етеді, қай гүл көлеңке жерде тұра береді, соның бәрін біліп тұрады. Ал үйдегі қырық шақты гүлден бөлек гүл өсіру ісін кәсіп қылу қиынның қиыны. Одан да өзге кәсіп түрін таңдаған тиімді ме дерсіз. Қай іске де махаббат керек.

Қызылордалық Салтанат Қылышбекқызы он жылдан бері гүл өсіру, гүлмен әрлеу, көркемдеу саласында еңбек етеді. Бұл бизнесте сұраныстың жоғары екенін байқаған Салтанат гүл дүкенін ашу мақсатында Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алады, «Бастау» жобасын онлайн оқып, бизнесте біліктілігін арттырады. Осылайша «Еңбек» бағдарламасы аясындағы гранттық конкурсқа қатысып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді.

– «Бастау» жобасын онлайн бітіріп алғаннан кейін жобамды гранттық комиссия алдында қорғадым. Осылайша 555 600 грант ұтып алдым. Бұл кезге дейін Қызылорда қаласының орталығында жұмыс істеп келдім. Арманым гүлдер дүкеннін ашу еді. Оқудың арқасында өз бизнесімді аштым. Қазір «Шұғыла» мөлтек ауданында дүкенім бар. Тұтынушылар риза, қуанышты. Табысым да, шүкір, жақсы, – дейді жас кәсіпкер Салтанат Қылышбекқызы.

Кәсіпкер бүгінде «Бастау» жобасында алған біліктілігін бизнесте қолданып, қызмет көрсету сапасын жетілдіре түсуде. Сыйлық түрлерін жоғары талғаммен жасайды. Бұл жерде оның бейнелеу өнері мамандығы бойынша алған кәсіби білімі де көмектесуде.

«Шұғыла» мөлтек ауданынан ашылған гүл дүкеніне келушілер қарасы да басым. Әр тұтынушының көңілінен шығу Салтанат үшін де жоғары мәртебе. Қызылордалықтарға кәсіпкер түрлі раушан гүлдерімен қоса, лала, экзотикалық гүлдерді де ұсынуда. Алдағы уақытта үй жағдайында өсірілетін гүл түрлерінің көлемін арттыруды жоспарлауда.

– Бүгінде үй жағдайында өсірілетін гүлдерге сұраныс жоғары. Барлығының да талғамы бөлек. Тұтынушылар гүлдің кішісін емес, үлкенін алғысы келеді. Ал ол гүлді өсіру оңай болмасы анық. Әрі қарайғы жұмыс та шаш етектен. Күтімді ерекше қажет ететін гүл түрлері көп. Уақыт тауып, гүлмен сөйлесіп тұрған да артық болмас еді. Тұрғындардың гүлге сұранысы жоғары екенін дүкенді ашқан кезде аңғардым. Болашақта гүл санын көбейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында 2181 азамат «Бастау» жобасы бойынша онлайн біліктілігін жетілдірді. Оқыған азаматтардың 42 пайызының жобасы, нақтырақ айтқанда, жалпы құны 515,9 млн теңгені құрайтын 914 жоба қаржыландырылды. Басым бөлігі «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз қаржыға ие болған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!