Шымкентте тілсіз жаудан кейін жер үй күлге айналып, сегіз баланың анасы ажал құшты. 39 жастағы әйел ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға кезінде отбасының кәсібі де, баспанасы да отқа оранды. Айдос Боранбаев бір күнде жұбайынан, үйі мен жұмысынан айырылған. Қызыл жалынның арасынан шыққан әйел денесінің көп бөлігін күйік шалғанын түсініп те үлгермеген. Ал сыртта қалған отағасы жанұшыра жұбайын аман алып қалуға тырысқан.

«Әйелімді құтқара алмадым. Біз мақтамен айналысамыз, көрпе-төсек жасаймыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80 пайыз күйіп қалыпты. Өзімнің табаным күйіп қалған, жүре алмай жүрмін», – деді Айдос Боранбаев.

Үй иелері көрпе-төсек тігіп, адал еңбегімен сегіз баланы асырап келген. Ауласында шағын цех ашып, күн көріп отырған отбасының бар тіршілігі әп-сәтте күлге айналды. Тұрғындардың айтуынша, әуелі жиналған мақта тұтанып, артынша алапат өрт лезде айналаны шарпыған.

«Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады», – деді Шымкент қаласы ПД өкілі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!