Комфорт зонасы мен сенімсіздік көкжиегінде таптаурынды жеңіп, алға ұмтылыс жасап жүрген жастардың саны артып келеді. Бүгінгінің жастары жалынды, тепсе темір үзіп, мардымды дүние жасауға асық. Еңбектің кілтін тауып, мүмкіндік есігін айқара ашқан олардың ойы да жан жадыратады. «Ерте жастан еңбекке араласқанның пайдасы қандай?» деген шағын сауалнамамыздың қорытындысын ортаға салсақ.

Алуа ОРАЗБЕК:
– Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 2 курс студентімін. Қыз баласы болған соң әсемдікке, әдемілікке бейім болып өстім. Сән салоны саласында 17 жасымнан бері қызмет етіп келемін, яғни биыл 3 жыл болды. Жалпы ерте жастан еңбек етіп, өз наныңды өзің тапқанға не жетсін. Кәмелет жасқа толмай жатып өзімді қаржылай қамтамасыз етемін. Қалағанымды алып, еркін өмір сүруге мүмкіндігім бар. Сондай-ақ отбасыма қаржылай көмек көрсетіп, жанашыр жандарымды қуанта аламын. Әрбір бастау алған бизнестің берер тәжірибесі мол, пайдасы орасан зор. Сол себепті өзіңізге іштей сенім білдіріп, идеянызды жүзеге асыруға жасқанбаңыз!

Бақыт АРДАҚ:
– Камера – менің жан серігім. Заман талабына сай мобилография саласында бағымды сынап жүрмін. Мобилография – табыс көзі. Сонымен қатар қоғаммен тығыз байланыста боласың. Қазіргі таңда қаладағы танымал «Әділет» студиясында мобилограф болып жұмыс істеймін. Қосымша өзге де орындарда видеограф қызметін атқарамын. Осы салада жұмыс істегелі көптеген мәдениет өкілдерімен таныс болып, түсірілім алаңында бірге қызмет еттік. Айналамдағы талантты тұлғаларды көрсем, шабыттанамын. Бизнестің көзін жастайынан ашқан адам есейген кезде қателіктерден алшақ болады. «Оқу-оқу» деп, тек қана сабақпен шектеліп қалу қате. Мықты карьера құру үшін жан-жақты дамып, білім көзін әр бағыттан іздеу қажет.

Луиза АЛИЕВА:
– Ерте жастан жұмыс істегеннің пайдасы зор. Біріншіден, тәжірибе жинақтайсың, екіншіден ешкімге тәуелді болмайсың. Ата-анам – білім беру саласының ардагерлері. Қанымнан дарыған болса керек, балалармен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Сабақтан бос уақытымда мектепте оқитын бүлдіршіндерге үй жұмысын орындатып, түсінбеген тақырыптарды меңгеруге көмектесемін. Өзіме ұнайтын іспен айналысып күнделікті нәпақамды тапқанымды мақтан тұтамын. Өз қызығушылықтарыңды зерттеген дұрыс, себебі солай ғана өмірлік бағытыңды дұрыс таба аласың. Әмбебап маман қашанда сұраныста.

Айсұлу МАХСЕТОВА:
– «Есесі қайтпас еңбек жоқ, бір басты асырайтын екі қол» демекші, жұмыстың жеңілі жоқ. Бұған қоса қандай да бір жұмысты істеп жүріп, адал жолмен нан тауып жүргеніңе қысылып-қымтырылудың қажеті шамалы. Өзім университетте оқимын. Базарда анамның кәсібін дөңгелетіп, киім сатумен айналысамын. 2 дүкенім бар, жақында көтерме сауда дүкенін ашуды жоспарлап отырмын. Жұмыс істеу оқуға еш кесірін тигізбейді. «Үлгермеймін, уақытым тығыз» деп сылтау іздейтін кейбір студенттерді түсінбеймін. Ақшамды өзім табамын, отбасыма көмек беремін деген адам үшін еңбек ету қиындық туғызбайтынына сенімдімін. Ешқашан анамның, не өзімнің базарда тұратыныма ұялған емеспін. Адал еңбекпен тапқан нан әрқашан тәтті.


Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!