Kyzylorda-news.kz. Пандемия уақытында «Сейхун» провизорлық стационарында еңбек еттік. Сонда тәулігіне қаншама науқас толастамай келіп жатты. Барлығының өкпесі қысылып, бір жұтым ауаға зар болғанын көзбен көрдік. Биыл бұл жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етудің жалғыз жолы бар. Ол – вакцина салдыру.

Коронавирус инфекциясымен күресіп келе жатқанымызға бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында талай жандардың ауа жетпей, өкпесі қысылып қиналғанын көрдік. Осыдан-ақ, бұл дерттің қаншалықты кеселді екенін аңғару қиын емес. Қазіргі кезде де санитарлық эпидемиологиялық ахуал күн өткен сайын күрделеніп барады. Сақтық шараларын бірінші кезекке қоятын кез келді. Мен өзім вакцина салдырған медицина қызметкерлерінің алғашқыларының бірімін. Екпенің екі компонентін де қабылдадым. Екпеден соң ешқандай ауырсыну немесе денсаулығымда кінәрат болған жоқ. Вакцинаны отбасы мүшелерім мен туыстарым да салдырды. Есесіне, «инфекцияны жұқтырып аламын» деген қауіп сейілді.

Қазіргі күні вакцинаға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелердің есіп жүргенін білеміз. Бұл ретте мен, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын. Мамандардың кеңесіне құлақ асайық. Коронавирусты жеңеміз десек, екпе салдыруға барғанымыз абзал. Бұл ертеңіміз үшін қабылданар маңызды шешім.

Ақмарал МАХАНБЕТЖАНОВА,

Қызылорда облыстық психикалық

денсаулық орталығының бас мейірбекесі