halyq-uni.kzКөпшілік шыбын жаны шырқыраған жігіт есірткі тасымалдаушы болуы мүмкін дейді.

Бетперде таққан үш жігіттің белгісіз біреуді шынжырмен сабап жатқан видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Онда басбұзарлар жәбірленушіні шынжырмен сабап, басын жарып, қолын сындырып тастаған.

Көпшілік шыбын жаны шырқыраған жігіт есірткі тасымалдаушы болуы мүмкін дейді. Соны үш жігіт ұстап алып сазайын тарттыруда деп жазды. Тіпті күдіктілер темірмен қолынан ұрып, тепкілеп жатқаны анық байқалады. Әбден есі шыққан азамат өзіне қорлық көрсеткендерге ақша ұсынып, ұрып-соқпауын сұрап жатыр.

Осы оқиғадан кейін полицейлер үш күдіктіні де ұстады. Енді тәртіп сақшылары тағы бір азаматты балтамен ұрып қан жоса қылған басқа үш жігітті де іздестіріп жатыр. Олар да белгісіз біреуді өз бетінше жазалаған. Құзырлы орган өкілдері екі оқиға да Ақтау қаласында болғанын анықтаған. Бірақ әр түрлі уақытта болыпты.

«Екі факті бойынша да ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер жәбірленушілер мен үш күдіктіні анықтап, 16 және 21 жастағы күдіктілерді ұстады. Тағы бір күдіктіні ұстауға жедел-іздестіру шарасы жүргізілуде. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Қылмыс жасаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Ибатуллаева. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!