«Сынақ – мүмкіндік». Жұмыр жер деп аталатын ғалам тұрғындарын тік тұрғызған (әлі де қаупі сейілмеген) коронавирус пандемиясы қарым-қатынастың барлық саласында заманауи талаптарды күшейтті. Оның ішінде телекоммуникация да бар. Әсіресе карантин кезінде абоненттердің сұраныс-тілегі әлденешеге артты, қажеттілігі онсыз да күн тәртібінде тұрған кей мәселелердің шешілуін жеделдетті.
Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын Меуччи деген итальяндық бір пақыр отырған жеріңізден басқа бір жердегі адаммен электр желілері арқылы сөйлесетін жаңалығын жүзеге асыру үшін банкке қаржы сұрап барғанында ондағылар алаяқ деп қуып шыққан екен. Кейін басқа өнертапқыштар жүзеге асырған оның бұл жаңалығы «телефон» деген атпен тарихта қалды. Дәуірлер алмасып, сансыз телефон желілерін сымсыз байланыс ауыстырды. Қазір бұның қолданыс аясы өзінің байланыс орнату шегінен де асып түсті. Сондықтан болар, бұрын үйіңізге телефон желісін орнату жеткілікті деп санайтын телефонистердің сөздік қорына «модем», «порт», «порттық сыйымдылық», «FTTH», т.б. сөздер оп-оңай сіңіп кетті.
Телекоммуникация дегеніміз ол бұрынғыдай телефон байланысы ғана емес, ол – шексіз интернет, онлайн-мектеп, бизнеске арналған платформа, онлайн сауда, т.б. сан салада қызмет көрсететін әлеуетті ресурс. Инновация мен технологияның озық үлгісі саналатын smart home, smart city аясындағы қызметтерді де телекоммуникациясыз елестете алмаймыз. Қазақтелеком басқарма АҚ Төрағасы Қ.Есекеевтің өзі айтатынындай, пандемияның аты түгілі заты жоқ кезде ойластырып, жүзеге асырған Ismet.kz платформасы бизнеске қатысты барлық шаруаны онлайн атқаруға мүмкіндік береді, яғни мұнда тіркелген кәсіпкерлер өзгелердің қызметін сатып алып, өзінің де тауарын онлайн саудалай алады. Бұл жоба о баста уақыт пен шығынды үнемдеу мақсатында қолға алынғанын ескерсек, санитариялық талаптар басты орынға шыққан бүгінгідей қоғамда нағыз қажеттеліктің өзі болып отыр. Карантин кезінде бұл порталды 150 000 адам қолданған, қазір 21000-нан астам тұрақты қолданушысы бар.
Абоненттерге қолайлы және қауіпсіз болуы үшін және уақытын үнемдеу үшін ірі байланыс операторы наурыз айында +77080000160 нөмірінде WhatsApp Business және Telegram жаңа онлайн қызмет арналарын іске қосты, сонымен қатар telecom.kz сайтындағы жеке кабинетті жетілдірді. Нәтижесінде күн сайын 5000-ға жуық абонент өз сұранысын қашықтан қанағаттандырып отыр. Бұған жақында қосылған бейне кеңес беру қызметі өз артықшылығымен-ақ лезде танымал болып үлгерді. Күніне 2500-нан астам абонент өтінішін осында қалдырады.
Бүгінде интернетке қажеттілік бұрын-соңды болмаған дәрежеде артты. Тек қана биылғы наурыз айының өзінде Қазақтелекомның абоненттік базасы 25000 жаңа клиентпен толыққан, ал бұл жүктеме әл-әзір артпаса азайған жоқ. Өзіңіз елестетіп көріңіз: үйге тартылған бір желіден бір мезетте үйдегі адамның әрқайсысы телевизор, планшет, компьютер, смартфон арқылы бірі сабақ оқыса, бірі кино қарайды, енді бірі онлайн жиналыста отыр, бірі бейнеқоңыраумен сөйлесу үстінде. Осының бәрі интернет жүктемесін арттырады. Осыған сәйкес интернет арналарын кеңейту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған.
Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері Қазақтелеком сыртқы интернет арналарының өткізу қабілетін арттыру үшін провайдерлермен жедел келіссөздер жүргізді. Қазір бұл арналар шамамен 25%-ке кеңейтілді, бұл сырттан келетін интернет арналарын жүктемеуге және ұсынылатын қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бүгінде Қазақстанішілік трафик бар, бұл еліміздегі барлық интернет ресурстар мен хостинг өз тізгінімізде деген сөз. Мұнымен қоса хостингі сыртта Facebook, Youtube сияқты шетелдік трафиктер компанияның дата орталықтарындағы серверлерге кэштеледі де, сәйкесінше көптеген танымал ресурстарға қосылу жылдам әрі сапалы болып отыр.
Бүгінде Қазақтелеком компаниялар тобына тиесілі Activ/Kcell, Tele2, Altel байланыс операторларымен бірге еліміздегі үш ұялы байланыс операторлары «МТС» ЖШС, «Кcell» АҚ және «Картел» ЖШС ауыл үшін шеринг «+250» жобасын қолға алды. Бұл келісім бойынша Қазақтелеком АҚ жүргізген талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылу арқылы 250 және одан да көп тұрғыны бар ауылдарда жоғары жылдамдықтағы интернетке ие инфрақұрылым құру жоспарлануда. Енді үш оператордың әрқайсысы кең жолақты интернетпен қамтитын базалық станциясының желісін барлық ауылға орналастырады.
«Бұл қай ауылда тұрғанына қарамастан әрбір азаматтың байланыс қызметін алу құқығын қамтамасыз етеді, – дейді ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Д.Тұяқов. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, желілік инфрақұрылымды бөлісу шешімдері нарықтық жағдайда өте тиімді, мәселен, Ұлыбритания, Швеция, Франция, Үндістан, Австралия, Бразилия, т.б. елдерде бұл уақыт сынынан өткен. Әрі бұл ауыл тұрғындарына қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, яғни ұялы байланыс операторын сеть ұстайтыны үшін ғана емес, қызмет сапасы үшін таңдай алады. Бұл телекоммуникация нарығындағы жаңа қадам деп бағаланады. Осылайша ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтық жойылады. Мамандар күткеніндей, бұл елдің экономикалық дамуының жаңа драйвері болмақ.
Бір айта кетерлігі, бұл әлеуметтік бағдарлама 35 жылдан кейін ғана өтеледі дейді мамандар. Құрылыс жұмыстарындағы күрделі шығын, электр энергиясын жеткізу, желіні пайдалану шығыны – мұның барлығы халық санының тым аздығынан. Егер әріптестік аясында немесе мемлекеттің жақында енгізетін арнайы салық жеңілдігі болмаса, бұл жобаны жүзеге асырудың өзі мұң болар еді.
Қазіргі кезде телекоммуникациялық сектордың алдында тұрған негізгі проблема – тұрақты даму мен бизнесті әртараптандырудың ұзақ мерзімді траекториясын таңдау. Сымсыз байланыс нарығы шарықтау шегіне жетті де, тұрақты байланыс сегменті, яғни үйдегі тіркелген телефондар қиын кезеңге тап болды, өйткені дәстүрлі байланыс қызметі біртіндеп қолданыстан шығуда. Сондықтан байланыс операторлары бизнестің жаңа салаларына инвестиция салады және өз пайдаланушылары үшін қосымша қызмет көрсетеді.
Егер әлемдік телекоммуникациялық компаниялардың стратегиялық дамуына талдау жасайтын болсақ, бірнеше негізгі бағытты көреміз. Бұл саланы цифрландыру, мобильді және тіркелген байланыс конвергенциясының тұтынушы контентіне бағдарлануы, бұл өз кезегінде сапалы инфрақұрылымға деген сұранысты арттырады. Тағы бір мәселе – бірлесу, жергілікті және халықаралық нарықта операторлардың өзара инфрақұрылымдарын біріктіріп, синергия құру арқылы өсу. Қазірдің өзінде шоғырландыру кезеңінен өтіп, қызметтерді цифрландыруға, ұялы және тіркелген байланыстардың конвергенциясына белсенді қатысатын Қазақтелеком тестілеуден кейін 5G байланысын модернизациялау жолдарын қарастыруда. Әлемдік телекоммуникация өндірісінде көшбасшы Ericson швед компаниясымен меморандум аясында фискальды-сымсыз байланыс (FWA), кеңжолақты мобильді байланыс (eMBB), машинааралық өзара байланыс (mMTC) технологиясының үш кезеңі, сондай-ақ радиожелісі (vRAN) жаңа қоғамның заманауи шешімі болмақ.


Айжан АБДУЛЛАЕВА,
«Ақмешіт жастары»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!