Фото: Қонаев қаласы әкімдігі
Қонаев қаласында тозығы жеткен кәріз желілерін толық жаңғырту жұмыстары басталады. Мұндай шешім Қонаев көшесі мен ХҚО ғимараты маңында болған бірнеше апаттан кейін қабылданды, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Бұған дейін қаланың орталық көшелерінің бірінде асфальт опырылып, апатты жағдай тіркелген болатын. Мамандардың мәліметінше, оған ескірген кәріз құбырлары себеп болған.
Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, «Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында кәріз желілерін қайта жаңарту және жаңадан салу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынады.
– Қазіргі кәріз құбырлары 58 жыл бұрын салынған. Ұлттық жоба аясында оларды жаңарту 2027 жылға жоспарланған еді. Алайда соңғы апаттардан кейін жобаны жеделдетіп, құрылысты 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ұзындығы 6 шақырымнан асатын кәріз желілері толық жаңғыртылады. Құрылыс жұмыстары алдағы бір ай ішінде басталады, – деді Тимур Ақмырзаев.
Сонымен қатар биыл Алматы және Сейфуллин көшелеріндегі ауыз су желілерін жаңарту жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, жылу жүйелерін модернизациялау бойынша екі ірі жобаны іске асыру көзделген.
Әкім орынбасарының мәліметінше, 2026 жылы ұлттық жоба аясында инженерлік инфрақұрылымға қатысты бес жоба жүзеге асырылады.
Ал келесі жылға тағы төрт жоба жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы 67 шақырым инженерлік желі жаңғыртылады.
Қазір қалада 11 кәріз-сорғы станциясын жаңғырту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Екі нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.
– Кәріз-сорғы станциялары бүкіл су бұру жүйесінің негізгі бөлігі. Олар ағын суларды тазарту нысандарына айдайды. Сорғы жабдықтарын ауыстыру және станцияларды жаңарту жүйенің сенімділігін арттырып, коммуналдық қызмет сапасын жақсартады, – деді Тимур Ақмырзаев.
Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – тазарту нысандарының тозуы. Мамандардың айтуынша, қазіргі кәріз-тазарту жүйесінің тозу деңгейі 100 пайызға жеткен.
Осыған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа кәріз-тазарту кешені салынып жатыр. Жаңа нысан Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасады. Қазір құрылыс алаңында жер жұмыстары басталған.
Кешеннің қуаттылығы сағатына 1600 текше метр суды қабылдауға жетеді. Жобаның жалпы құны – 33 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтау жоспарланған.
Жергілікті билік жаңа кешен іске қосылғаннан кейін ескі тазарту нысаны рекультивацияланып, тұрғындар жиі шағымданатын жағымсыз иіс мәселесі толық шешілетінін мәлімдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!