Медициналық сақтандыру қоры осы жағдайдан кейін ауруханада тексеру жүргізіп, дәрігерлердің іс-әрекетінен қателік таппады

АЛМАТЫ, 5 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда медициналық сақтандыру бойынша қарызы бар жүкті әйелді ауруханаға жатқызбаған. Тексеріс барысында дәрігерлердің іс-әрекетінде заңбұзушылықтар жоқ екені анықталды.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Оксананың айтуынша, жүктіліктің 8-ші аптасында өзін жайсыз сезінген. Дене қызуы көтеріліп, қан кете бастаған.

Баланың ана құрсағында жатқанда шетінеп кеткені белгілі болды. Алайда қалалық аурухана оны ауруханаға жатқызудан бас тартты. Себебі, әйелдің міндетті медициналық сақтандыру бойынша қарызы бар екенін анықталған.

«Олар мені қабылдамауға құқылы екенін айтты. Себебі іште шетінеген баламен екі айға дейін жүруге болады. Содан кейін жеке емханада таныс дәрігер арқылы тазалаттым. Әрине, осылай жүре беруге де болады. Олар үшін бұл шетінеп кеткен ұрық, ал мен үшін дүниеге келмеген баламның өлімі», – дейді астаналық әйел AstanaTV телеарнасына берген сұқбатында.

Оксана барған Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді аурухана дәрігерлерінің айтуынша, әйел жедел жәрдемге жүгінуі керек еді.

«Оның сақтандыруы болмады. Ол сақтандыруы бар екенін айтты, деректер қорынан сақтандыруы болмағанын анықтадық. Сол себепті келесі күні біз оны жібердік. Егер адамның жағдайы қиын болса, ол шұғыл көмекке жүгінуі қажет», – деп түсіндірді ауруханада.

Репродуктивті медицина қауымдастығының басшысы Вячеслав Локшин іште шетінеп кеткен баламен он күннен 2 айға дейін жүруге болатынын айтты. Осы уақыт ішінде МӘМС бойынша қарызды төлеуге болады.

Оның айтуынша, егер адам өміріне қауіп төніп тұрмаса, дәрігерлер оны медициналық сақтандырусыз ауруханаға жатқызудан бас тартуға құқылы.

«Егер шұғыл көрсетілімдер болмаса, әйел міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы емдеуге жатқызылады. Ал төленген жарналары болмаса, оны төлеуі қажет. Төленбеген жағдайда ол ақылы түрде қызмет көрсететін ауруханаға жатқызылады», – деді ол.

sputnik.kz