KAZINFORM – Соңғы төрт жылда Еуропада жоғары температура салдарынан 200 мыңнан астам адам көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) өңір елдерін халықты аптап ыстықтан қорғау шараларын күшейтуге шақырып отыр, деп хабарлайды DW.
ДДҰ-ның Еуропа бойынша өңірлік директоры Ханс Клюге Еуропа әлемдегі кез келген басқа өңірге қарағанда жылдам жылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі аптап ыстықтың күшеюіне әкеліп, адамдардың денсаулығына елеулі қауіп төндіріп жатыр.
Берлинде Ханс Клюге Германияның қоршаған орта министрі Карстен Шнайдер және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі сенатор Инна Циборрамен бірге халықты жоғары температурадан қорғауға арналған ДДҰ-ның жаңартылған ұсынымдарын таныстырды.
Ұйым парниктік газдар шығарындыларын азайтып, қалалардағы жасыл аймақтардың санын көбейтуді ұсынады. Ұсынылған шаралардың қатарында саябақтарды дамыту, ағаш отырғызу, өзендерді, ормандарды және батпақты аумақтарды сақтау бар. Мұндай табиғи нысандар елді мекендердегі ауа температурасын төмендетуге көмектеседі.
Берлин дәрігерлер палатасының президенті Петер Бобберт азаматтарды аптап ыстықтың қаупі туралы көбірек ақпараттандыруға шақырды. Оның айтуынша, көптеген адам жоғары температураның қауіптілігін жете бағаламай, ыстық ауа райын жайлы құбылыс ретінде қабылдайды.
Маман күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт күн астында болмауға, дене белсенділігін таңертеңгі және кешкі уақытқа ауыстыруға, сондай-ақ ең осал топтардың бірі саналатын қарт адамдарға ерекше көңіл бөлуге кеңес берді.
Сарапшылар сондай-ақ қалаларда қосымша ауызсу субұрқақтарын орнатып, тұрғындар ыстықтан паналай алатын салқын қоғамдық кеңістіктер құруды пайдалы шара деп санайды.
ДДҰ мәліметінше, экстремалды аптап ыстық жыл сайын сырқаттанушылықтың артуына, мерзімінен бұрын болатын өлім-жітімге және миллиардтаған экономикалық шығынға әкеледі. Ең үлкен қауіпке егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар азаматтар ұшырайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
