Анар сығындысы, анар шырыны және оның дәнінен алынған май сүт безі, тоқ ішек және простата обырымен күресуге көмектесуі мүмкін. Халықаралық зерттеушілер тобы осындай қорытындыға келді. Шолу нәтижелері Phytotherapy Research журналында жарияланды, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Газета.Ru басылымына сілтеме жасап.
Ғалымдар анар сығындысының, анар шырыны мен оның дәндерінен алынатын майдың онкологиялық ауруларға әсері туралы бұрын жүргізілген зерттеулердің деректерін талдады. Ең перспективалы нәтижелер сүт безі қатерлі ісігі, колоректалды обыр және простата обыры кезінде байқалған.
Жұмыс авторларының мәліметінше, анар негізіндегі өнімдер ісік процесінің дамуын бәсеңдететін бірқатар оң әсермен байланысты.
Бұған дейінгі зерттеулер де анар метаболиттерінің тоқ ішек обыры кезінде оң әсер етуі мүмкін екенін көрсеткен болатын. Осы қасиеттерінің арқасында анар ісікке қарсы қосылыстардың перспективалы көзі ретінде қарастырылатын дәрілік өсімдіктер қатарына жатады.
Зерттеушілер анардың емдік мақсатта ғасырлар бойы қолданылып келгенін атап өтті. Соңғы жылдары онкология саласында да оған деген қызығушылық артып, ол дәстүрлі емдеу әдістеріне әлеуетті қосымша ретінде жиі қарастырыла бастады.
Үміт берерлік нәтижелерге қарамастан, ғалымдар анардың әсер ету механизмдері әлі толық зерттелмегенін айтады. Қандай биологиялық белсенді заттардың ісікке қарсы әсерге жауапты екені әлі де белгісіз.
Жұмыс авторлары бұл шолу алдағы зерттеулерге негіз болады деп санайды. Болашақта ғалымдар анардың әртүрлі қатерлі ісік түрлеріне қарсы қорғаныс әсерінің негізі болуы мүмкін нақты қосылыстар мен олардың метаболизм өнімдерін анықтауды жоспарлап отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
