Аймақта «Covid-19» инфекциясына  қарсы вакциналау жұмыстары қарқынды жүруде. Екпе салдыруға ниет білдірушілер саны күн санап артып келеді. Осы мақсатта облыс бойынша барлығы 32 егу кабинеті, 23 жылжымалы топ бригадасы ұйымдастырылған. Енді вакцинация жұмыстары халыққа қолжетімді болу үшін қосымша театр, базарлар мен сауда орталықтарында жүргізіледі. Бұл жөнінде  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазылов мәлімдеді.

Қазіргі таңда облысқа 36200 вакцина жеткізілген. Оның 34200-і «Спутник V» вакцинасы, 2000-ы «QAZVAC» коронавирусқа қарсы екпесі. «Спутник V» барлық аудандарға бөлінсе, «QAZVAC»-пен егу әзірге қалада жүргізілуде.

«Спутник V»: вирустың өзгертілген түрі бар

‒ «Спутник V» – вирус векторынан тұратын вакцина. «Спутник V» респираторлық жұқпалы ауру тудыратын аденовирустар негізінде әзірленген.

Демек, бұл екпеде басқа вирустың өзгертілген түрі бар. Өзгерген вирус генетикалық материалды адамның жасушасына жеткізеді. «Спутник V» екпесінде адамда ЖРВИ, конъюнктивит және гастроэнтерит тудыратын аденовирустар қолданылады (кейбір екпелерде пневмония және қызылша тудыратын аденовирустар пайдаланылады).

Екпеде вектор ретінде қолданылатын вирус ауру тудырмайтындай етіп өзгертіледі. Вектор көзделген вирустың генімен бірге егіледі. Covid-ке қарсы вакцинада бұл ген жасушаға тікен пішінді ақуыз қалыптастыруға көмектеседі. Бұл ақуыз коронавирустың қабығындағы ақуызға ұқсайды.

Адамға екпе салынғанда, вектор адам жасушасына енеді. Ал жасуша тікен пішінді ақуыз шығарады. Иммундық жүйе тікен пішінді ақуызды байқаған сәтте бірден антиденелерді өндіре бастап, ағзадағы өзге де иммундық процестерді іске қосады. Сөйтіп ағзаға вирус түскенде иммундық жүйе тойтарыс беруге дайын тұрады.

«QAZVAC» вакцинасы мұздатуды қажет етпейді

‒ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін халықты жаппай вакцинациялауды қамтамасыз ету үшін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында қазақстандық вакцинаның QazCovid-in (QAZVAC) алғашқы партиясы шығарылды. Қазақстан вакциналар өндірісін іске қосқан және вакциналарды шығарудың толық циклін  әзірлеуден бастап қолдануға дейін өз бетінше игерген әлемнің 10 елінің қатарына кіруде. Бұл ‒ үлкен жетістік.

Отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой салғызды.

«QAZVAC» вакцинасы екі дозалы вакцина және бір ампула бір адамға арналған. Отандық вакцина мұздатуды қажет етпейді, бұл екпе +2-ден 8 градусқа дейінгі температурада сақталады.

 Науқастарды емдеп жазу біздің міндетіміз болса, вирусты неғұрлым жұқтырмай сақтану әрбір тұрғынның міндеті деп білемін. Ал сақтық шараларын күшейте отырып, індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцинациялау, ‒ дейді С.Пазылов.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!