Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылодада қайтыс болған оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталмаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов мәлімдеді.

Қайтыс болған оқушының денесінде бөртпе пайда болып, ауырған. Бастапқыда үй жағдайында ем алған. Дәрігерге көрінгеннен кейін инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Коронавирусқа қатысты сынама алынып, нәтижесі теріс болды. Сондықтан 19-шы қаңтарда көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырылды. Республиканың білікті мамандарынан кеңес алынды. Өкінішке қарай 24-ші қаңтар күні оқушы қайтыс болды. Жүрек, өкпе жұмысының жеткіліксіздігі негізгі себеп болып отыр. Қосымша комиссия құрып, жұмыс істейтін боламыз, – деді Сәбит Пазилов.

Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова да оқушының онлайн форматта оқып жүргенін айтты.

Қызылорда қаласындағы №8 П.Осипенко атындағы мектептің 4-сынып оқушысы І оқу тоқсанынан бастап онлайн форматта қашықтан оқып келген. Оқушының оқу үлгеріміне қатысты айтарлықтай проблема туындаған емес. Қашықтан оқытуға байланысты бала электронды жабдықтармен қамтылған. Ұстаздары тарапынан баламен кері байланыс жұмыстары жүргізілген, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда қаласындағы мектеп оқушысы коронавирус инфекциясынан қайтыс болды деген ақпарат тараған болатын.

Қазіргі таңда облыс бойынша 89 258 оқушы (53%) қашықтан, 80 636 оқушы (47%) дәстүрлі білім алуда.