Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 320 мың теңгеге жетсе, 2023 жылға қарай 561 мың теңгені құрайды

Қазақстанда 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық емес қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлімдеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық емес қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін пысықтауда», – деді ол.

Осылайша, Цойдың айтуынша, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 320 мың теңгеге жетеді. 2023 жылы 561 мың теңгені құрайды.

«2021 жылы орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңге, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді», – деді министр.

Ол президент биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру міндетін қойғанын еске салды.

2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе көп болады деп болжануда. Мәселен, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджетте тиісті шығыстар көзделген. 2021 жылы – 222 миллиард теңге, 2022 жылы – 362 миллиард теңге, 2023 жылы – 557 миллиард теңге.

Цой медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесі ел басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Еске салсақ, коронавирус пандемиясы кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үкімет шешімімен материалдық қолдау көрсетілді. Үш тәуекел тобына 116 миллиард теңге үстемеақы төленді.

Сонымен қатар, вирус жұқтырған 9 мыңнан астам медицина қызметкері  әлеуметтік төлем алды.

Sputnik.kz