Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 2020 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша халық алдындағы есепті кездесуінде аймақта аудандық орталық ауруханалар салу мәселесі толығымен шешілгенін айтты.

«Біз аудандық орталық ауруханалар салу мәселесін толығымен шештік. Енді алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңартуды жоспарлап отырмыз», – деді Гүлшара Наушақызы.

Оның ішінде биылғы жылы Жаңақорған ауданындағы Жаңарық, Жалағаш ауданындағы Таң ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталады.

Сондай-ақ, өңірде 23 нысанның, атап айтқанда, 14 амбулатория, 9 медпункт жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылы індетпен тікелей күрескен 3 мыңнан аса медицина қызметкеріне 3 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленгенін айтты. Сонымен қатар, 20 медицина қызметкері жоғары мемлекеттік наградамен, 107 қоғам белсендісі (еріктілер, медицина қызметкерлері, меценаттар) «Халық алғысы» медалімен марапатталған.

Kyzylorda-news.kz.