«Менің ойымша, коронавирус пандемиясы келесі жылдың жазына қарай біртіндеп аяқталады», – дейді В. Локшин.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин тұмауға қарсы вакцинациялаудың қандай маңызы барын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус инфекциясы – адамнан адамға оңай берілетін өте жұқпалы ауру. Оның негізгі алдын алу әдістері – гигиена, әлеуметтік қашықтық және маска тағу және халық көп жиналатын орындарға бармау керек. Осылай ғана қорғануға болады. «Бүкіл адамзат маска тақса, эпидемия бітер еді» деген эпидемиологтардың сөзі бар. Вируспен күрестің негізгі әдісі – карантин шараларын сақтау. Қазір вакциналар жасалып жатыр. Менің ойымша, коронавирус пандемиясы келесі жылдың жазына қарай біртіндеп аяқталады», – дейді В. Локшин сұхбатында.

Сонымен бірге дәрігер тұмауға қарсы вакцинацияның не үшін қажет екенін, өршіп жатқан ЖРВИ мен тұмау кезінде иммунитетті қорғау жолдарын түсіндірді.

«Тұмауға қатысты вакцина бар. Жыл сайын штамптар өзгереді және вакцина вирустың болжанған түріне сәйкес шығарылады. Жыл сайын әлемдегі көптеген адам осындай вакцинаны салдырады. Әсіресе қарттар мен жүкті әйелдерге, дәрігерлерге және басқа да санаттағы адамдарға вакцина салдыру дұрыс болар еді. Егер дәрі-дәрмек өндірушісі дұрыс штампты таңдаса, адамдардың вирусты жұқтырмау немесе ауруды жеңіл формада өткізу мүмкіндігі жоғары болады. Бұл әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде өте маңызды. Егер тұмауға коронавирус инфекциясы қосылса, оны емдеу әлдеқайда ауыр өтеді. Сондықтан вакцинация өте қажет. Тұрғындардың қыркүйек-қазан айларында екпе еккізуі де дұрыс қадам болды», – дейді профессор.

Дәрігер иммунитетті сақтауға көмектесетін шаралар туралы айтып берді.
«Иммунитетті қорғау мәселесі де өте маңызды. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада серуендеп, Д витаминінің қалыпты мөлшерін қабылдау керек. Д витаминінің аз болуынан да иммунитеттің төмендейтіні дәлелденді. Аскорбин қышқылы мен мырышты да қабылдау керек. Яғни дұрыс тамақтану мен қажетті дәрумендер иммунитетті сақтауға көмектеседі», – дейді Вячеслав Локшин.