BAQ.KZ. 17 мамырда әлем жұртшылығы артериялық гипертониямен күрес күні ретінде атап өтеді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жоғары қан қысымы инфаркт, инсульт және мезгілсіз өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін еске салды.

Артериялық гипертония ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермей өтуі мүмкін. Сондықтан бұл дертті «үнсіз өлтіруші» деп атайды. Жоғары қан қысымы миокард инфарктінің, инсульттің, жүрек жеткіліксіздігінің, бүйрек аурулары мен тамырлық деменцияның негізгі қауіп факторларының бірі саналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазақстандық ересектердің шамамен 42 пайызында қан қысымы жоғары. Яғни іс жүзінде елдегі әрбір екінші тұрғын осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша артериялық гипертония диагнозымен 1 776 876 адам диспансерлік есепте тұрған.

Ауру қалай анықталады

Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау мен алдын алу бағдарламалары жалғасып жатыр. Скринингтік тексерулер гипертонияны бастапқы кезеңінде анықтап, емді уақытында бастауға мүмкіндік береді.

Гипертониясы бар науқастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.

Министрлік ескертеді

Ведомство мәліметіне сәйкес, 2025 жылы елде қан айналымы жүйесі ауруларының көрсеткіші 5,5 пайызға төмендеген. Ал осы дерттерден болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың адамға шаққанда 148,8 болған.

Денсаулық сақтау министрлігі қан қысымын тұрақты өлшеп тұру, дәрігерге дер кезінде қаралу, салауатты өмір салтын ұстану және тағайындалған емді сақтау ауыр асқынулар мен мезгілсіз өлім қаупін азайтатынын еске салды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!