Медицина қызметкерлері, педагогтер, полицейлердің арасында қазақстандық вакцинаны алғысы келгендер болса, оларға бірінші салынады

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Қазақстанда QazVac вакцинасын егу кезінде дәрігерлер, мұғалімдер мен полицейлерге басымдық беріледі. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, отандық QazVac-пен вакциналау кезінде тәуекел топтарына басымдық беріледі.

«Спутник V пайда болған кезде, ең алдымен тәуекел тобына егілді: медицина қызметкерлері, педагогтер, полицейлер. Егер осы топтардың арасында қазақстандық вакцинаны алғысы келгендер болса, оларға бірінші салынады. Одан кейін вакцинаның қолжетімділігін ескеріп, кез келген адам салдыра алады. Бүгінде қазақстандықтарда таңдау бар: «Спутник V» немесе QazVac-ты салғыза алады», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, Қазақстан өңірлеріне отандық QazVac вакцинасы жеткізіле бастады.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия QazVac препаратымен вакциналау 26 сәуірде басталатынын хабарлады.

Бүгінде QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы өндірілді, мамырда тағы 50 мың доза көлемінде шығарылады.

sputnik.kz