Redaktor baǵany

Алты құрлықты аяғынан тік тұрғызған коронавирус инфекциясының қаупі әлі сейілген жоқ. Соған қарамастан қайда барса да, тіпті қоғамдық көліктің өзінде маскасыз жүрген жұрт кәдімгідей қорқыныш ұялатпай қоймайды. Өйткені жаздағыдай болады деп болжанған желтоқсан да бірер күнде кіреді. Қыр астында жылтырақ пен әлемішке толы күнтізбедегі жаңа жыл басы – қаңтар тұр. Егер болжам расқа айналса (Құдай бетін әрі қылсын), қамсыздық пен қаперсіздік баса айтылып, тағы да халықтың өзі кінәлі боп шығады-ау деген күдік те көңілге маза берер емес.

   Бүкіл әлем ғалымдары ауырған адамның белгілеріне қарап, вирустың қалай құбылатынын, оны әр адамның иммунитетіне қарай әртүрлі өткеретінін айтып жүр, яғни бір сөзбен айтқанда, ауырып жүріп, ауруды тану үстіндеміз. Қазір бұрынғыдай жөтел мен дәм не иіс сезу аса актуалды болмағанмен, оны мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Мұнымен қоса вирустың адам ағзасынан көрініс беретін жаңа белгілері туралы жиі айтыла бастады. 

Есту қабілетінің нашарлауы, көздің нашар көруі, балалардың іш ауруы, шаш түсуі деген бұрын айтылмаған белгілер қосылды. Ересектердің де, балалардың да асқазан ішек жолдарын зақымдайды деп вирусологтардың әрбірі дабыл қағуда. Жоғары температура, әлсіздік, құсу, іштің өтуі күмән тудырса, дереу дәрігерге қаралу керек. Шаштың уыстап түсуі өз алдына, тіпті шаштың шықпай қалу қаупі де бар деген мәліметтерді жоққа шығару қиын.

Мұнымен қоса осыған дейін COVID-19-бен ауырғандардың әлі де оңала алмай жүргенін ескерсек, біздің бейқамдығымыз өзімізге қастық қылғанмен бірдей боп тұр ғой. Демігіп қалумен қоса әлі де не дәм, не иіс сезе алмай жүрген адамдардың мәселесі денсаулығым – байлығым деп білетін кез келген адамды бей-жай қалдырмау керек. Сондықтан сақтық шарасына сергек болған абзал.

Газетіміздің тұрақты оқырманы жақсы біледі, өткен санымызда («Ақмешіт жастары», №46(375) дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев айтқанындай коронавирус уақыт өте келе, өзгеріске ұшырайды, бірақ оның адамдарға тигізер залалы не жеңіл, не ауыр болары белгісіз, тіпті ел ойламаған бағытта өзгеруі мүмкін. Күніне жүз құбылатын жаңа заманның адамдарындай, маусым сайын мың құбылып тұрған вирус болды бұл. Қал-қадірімізше сақтанып жүрейік, достар!

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!