2020 жылдан бері коронавирус инфе­кция­сымен Қызылорда облысында 13 676 науқас тіркелген.  Дүйсенбі күні инфекция­мен Қызылордада – 107, Арал ауданында  – 3, Қармақшыда – 3, Жалағашта –  2, Сырдарияда – 8, Шиеліде – 19, Жаңақорғанда – 6 жағдай  тіркелген. Қазақстан өңірлеріндегі эпидеми­о­логиялық ахуалды бағалау матри­цасы бойынша осы аптада да «Қызыл аймақта» қалдық.

 «Былтыр осы кезеңде облысымызда корона­вирус­ инфекция­­сынан өлім-жітім саны көп болғаны белгілі. Биыл осы қайтыс болған адамдардың жылдық асы өткізілуде және тойлар кеңінен өткізіліп жатқаны туралы мәліметтер түсуде. Қолда бар ақпарат бойынша, Қызылорда қаласында орналасқан «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрам­хан­аларында отбасылық шаралар өткізілген. Дегенмен бұл шаралар мониторингтік топтардың назарынан тыс қалған. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері жанынан құрылған мониторингтік топтардың жұмысы өз нәтижесін бермеуде». Бұл облыс әкімі Гүлшара Әбдіқа­лықованың коронавирус инфекция­сының таралуына жол бермеуге бағытталған жедел штаб отырысында айтқан сөзі. Содан бері екі апта өтті. Аймақта той, отбасылық жиындарға тыйым болды ма? Мониторингтік топтар сыннан қандай қорытынды шығарды? «Қызыл аймақтан» шыға алмай жүрг­енімізге тәртіпті талап ете алмауымыз себеп болып жатқан жоқ па? Саралап көрейік.

Қармақшы ауданында күні бүгінге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 467 жағдай тіркелген. Оның 304-і емделіп шығып, қалғаны әлі ем алуда.  Тойға, отбасылық жиындарға тыйым салынғанымен кәсіпкерлер де, халық та құлақ асар емес. Қармақшыда аудан әкімінің өкімімен мониторингтік топ жыл басынан бері 346 рейд  ұйымдастырылып, 1543 нысанды аралаған.

«Пандемия зардабын биыл да тартып жатырмыз. Карантиндік шектеулерді халықтың орындауы, сақтық жасауы маңызды екенін толық сезінеміз. Санитарлық-ағарту жұмыстарын тоқтатқан емеспіз. Әйтсе де ауданымызда жасырын тәртіп бұзушылыққа барған кәсіп иелері анықталуда. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425 бабы бойынша 63 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Вирустың таралуы адам көп шоғырланған жерлерде өрши түсетінін жазып та, айтып та жатырмыз. Аудан бойынша «Ашық» жобасы бойынша QR код алған 74 нысан жұмыс істеуде. Өкінішке қарай, вирустың таралуы өтірік деп қарайтындар әлі де бар екен», − дейді аудан әкімінің орынбасары, мониторингтік топ үйлестірушісі Жарқын Омаров.

Шиелі ауданында да жағдай күрделі. Жыл басынан бері ауданда коронавирус инфекциясы нақтыланған 812 жағдай тіркелген. Оның 91-і − балалар. Бүгінде 125 науқас ауруханада емделуде, өкінішке қарай, 10 жерлесіміз қайтыс болды. Коронавирусқа қарсы шараларды күшейту мақсатында ауданда 26 мониторингтік топ құрылған. Топ мүшелері карантин талабын бұзған 46 нысанға айыппұл салған. Әйтсе де бұл тәртіп түрі тұрғындарға жеңіл секілді. Айыппұл төлесек те, тойымызды өткерейік деген түсінік қалыптасқан. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, мониторингтік топтың үйлестірушісі Алмасбек Есмаханов халықтың немқұрайлылығына налып отыр.

− Біз138 рейд жүргізіп, 620 нысан назарға ілікті.  Бізді алаңдататын жағдай – әлі де болса той, отбасылық іс-шаралар тоқтамауда. Аудан тұрғындарының көпшілік орындарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП» Шиелі аудандық филиалымен бірлесіп, кәсіпкерлерді «Ashyq» жобасына тіркеу жұмыстары жүргізілуде.  Әзірге 47 нысан енгізілді.  Бүгінде ерікті кәсіпкерлер мен мекемелер есебінен «Ashyq» жобасына тіркелгендер саны − 239. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Біз тәртіпті талап етуді тоқатпаймыз. Әйтсе де әрбір тұрғын өзінің, жақындарының қоғамның өміріне жауапсыз қарамаса екен, − дейді А.Есмаханов. 

Сырдариялықтар 2 348 185 теңге айыппұл өндіргенін жарыса жазып жатыр. Әйтсе де той өткізуге бұл әдіс те тоқтау бола алмады.  Мониторингтік топ мүшелері Тереңөзек кентінің М.Мәметова көшесінде думанды тойдың «үстінен түсті». Қыз ұзату рәсімін ұйымдастырушылар карантин талабы бойынша жиын-той өткізуге рұқсат етілмегенін естісе де, рейдтік тексерістің келетінін күтпепті. Той иелері ақталып, қарсыласуға тырысқанымен мониторинг топ мүшелері қаулы талаптарын түсіндіріп, заң аясында шешім қабылдады. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес қауіпті індетпен күрес жұмыстары ауданда күшейтілген. Бүгінде аудан бойынша 16 мониторинг топ құрылып, күнделікті жұмыс істеуде. Топ мүшелері жыл басынан бері 500-ден астам рейдтік тексеру жүргізіп, нәтижесінде карантин талабы бұзылған 47 іс анықталған. Рейд жүргізу барысында сақтық шарасын сақтамаған қоғамдық тамақтану, компьютерлік клуб, ас беру, көкпар тартқандарға да айыппұл салған. Заңды тұлға да, жеке тұлға да жауапкершілікті мойнымен арқалап, барлығы 2 348 185 теңге айыппұл өндіріліпті.

– Санитарлық нормаларды сақтау – коронавируспен күресте маңызды шарт. Тұрғындарға карантин талаптары жергілікті газет пен әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы түсіндіріліп, насихатталуда. Алайда ортақ талапқа бағынғысы келмейтіндер көп. Мониторингтік топ мүшелері заң аясында шешім қабылдап, тағы бір той тарқатылды. Той иелерінен түсінік алынып, әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл төлеу абырой емес. Өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін оқшауланып, адам көп шоғырланатын аумақтарға бармау қажет. Ауданның кез келген тұрғыны мониторингтік топ мүшелеріне карантин талаптарының сақталмау дерегі бойынша ақпарат ұсына алады. Ақпарат ұсынушы туралы мәлімет құпия сақталады – дейді №2 мониторингтік топ жетекшісі Алимаш Мырзахметова.

Қазалыда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жанынан құрылған топтың рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Рейд барысында жергілікті полиция, Әйтеке би кенті әкімдігінің қызметкерлері бірлесіп, 48 қоғамдық көлік және 16 такси жүргізушісіне карантин талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту хатын таратқан.

− Адам көп жиналатын теміржол вокзалы, «Қазалы Керуен» автовокзалы, «Нұршуақ» және «Талап» автостанциялары келушілердің дене температурасын бақылауға арналған аспаптармен, антисептик құралдарымен қамтамасыз етілген. 22 шілдеден бастап мониторингтік топпен жүргізілетін алдын ала тіркеу және жүргізілген рейд нәтижелерін InfoKazakhstan платформасына тіркеу арқылы қызмет көрсетуші 16 тамақтандыру орны және 4 азық-түлік дүкеннің карантин талабын бұзғанын анықтадық. Мұның бәрі ең алдымен халықты аса қауіпті індеттен аман сақтап қалу үшін жасалып жатыр. Сондықтан осынау сын сағатта бәрімізге тастай жұмылып, алапат індетке қарсы бірігіп күресуден басқа амал жоқ, − дейді аудан әкімінің орынбасары, мониторингтік топтың жетекшісі Жалғас Сүйеубаев.

Жаңақорған ауданында мониторингтің топтың жұмысы қарқынды. 535 рет тексеруге шығып 1 295 нысанды нысанаға алыпты. Ауданда және ауылдарда 30 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері 49 карантин талабын бұзғандарды анықтап, бәріне айыппұл салған. 

− Кординациялық орталықтан 17 іс келген. Бәрі де халыққа той ұйымдастырып берген кәсіп иелері. Мобильдік топпен 32 іс түсіп, 32 тұрғынға әкімшілік шара көрілді. Аудан бойынша 278 нысан «Ashyq»  жобасына қосылған. Халықтың шоғырлануы дерттің таралуына әкелуде. Сондықтан рейдке жиі шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, − дейді Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары, мониторингтік топ жұмысын үйлестірушісі Дархан Тұрсынбаев.

Жалағашта тұрғындар ескертуге құлақ асып, жиынды тек ет жақындарымен үйлерінде өткізіп жатыр екен. Карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 15 мониторингтік топ құрылған. Олар нысандарды аралап, тәртіпті таразылап,  47 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салған.

− Қазіргі таңда біздің елімізде де коронавирустың таралуы мен түрленуі күннен күнге күрделеніп, қауіптілігі жоғары штаммдар таралып жатқанынан хабардармыз.  Аудан тұрғындары ауруды бастан өткеріп, қауіпті сезіне бастады. Өршіп кетпес үшін күн сайын карантиндік талаптарды қатаң сақтау туралы ақпараттар әлеуметтік желілерде, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып келеді. Халыққа түсіндіруден аянбай жатырмыз, − дейді  аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы Бексұлтан Ермахан. Арал ауданында карантин талаптарын сақтамаған 26 кәсіпкерлік нысанға және дәстүрлі жиын-той жасаған 47 жеке тұлғаға хаттама толтырылған. Жалпы жыл басынан бері мобильдік топпен 832 рет рейд жүргізіліп, 547 нысан тексерілген. Мониторингтік топ аудан тұрғындарына карантиндік талаптарды қатаң сақтау, вакцина салдыру жұмыстарының маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырғанын айтты. Әр аптаның бейсенбі күні аудан әкімі С.Сермағамбетовтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияға қарсы штаб отырысында өздері де саралайды екен.

– Карантин талаптарын сақтауды ескертіп жатырмыз. Кәсіпкерлер де халықтың денсаулығы маңызды екеніне түсіністік танытуы керек. Аудандық газет, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы санитарлық-ағарту жұмыстарын, ескертулер беріліп отыр. Дерт халық көп шоғырланатын орындарда тез таралатынын түсіндіріп, шоғырланбауға шақырып жатырмыз. Айыппұл да салынуда. Коронавируспен күрес − ортақ іс. Әрбір азамат жауапкершілік сезінуі керек, − дейді  Арал ауданы әкімінің орынбасары, мониторингтік топ жетекшісі Бектемір Жұмағұлов.

Қызылорда қаласында да жасырын той жасаушылар азаймай тұр. Содан болар жыл басынан бері қалада коронавирус дертімен ауырғандардың саны 8551 адамға жетті. Жалпы Қызылорда қаласында санитариялық-эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын бақылау бойынша құрылған 16 мониторингтік топ ауылдық округтерде 9, қалада 7 топ жұмыс істеуде.

− Кәсіп иелері де, тұрғындар да айыппұл салады-ау деп қорқып тұрған жоқ. Олар, ең бастысы вирустың таралуына себепші боламын деп ойласа екен. Ескерту алған тойхананың тығылып той жасағанын анықтадық. Барлығы 5720-дан астам нысанды араладық. Карантин талаптарын бұзған 256 нысанға шара көру үшін санитарлық эпидемиялогиялық басқармасына хабарлама жолданды. Тойханаларда 50 той, жеке үйде 35 басқосу өткен. Бұл тұрғындардың дертке әлі де немқұрайлы қарап отырғанын білдіреді, − дейді қала әкімінің орынбасары, мониторингтік топ жетекшісі Бектас Нұридинов. 

Елдегі жағдайды бақылап отырған Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шектеулер мен тексеріс те тиімді болмай тұр. Үкіметке мониторингтік топтардың жұмысын реттеу тапсырылды. Мониторинг топтардың жұмысы кейде ашық емес сипатқа ие болып, бір мекемелер үнемі тексерілсе, кейбірі мүлдем тексерілмейді. Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцина салдыруды табысты өткізуімізге байланысты. Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күресте түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс», − деді.

Сырдария ауданы айыппұл салудан алда келеді. Қазалылықтар карантин талаптарының қатаң сақталуын қадағалап жүр. Шиеліліктер де шектеудің шегіне шықпауды қадағалауда ширақтық танытқан.  Ал қаладағы мониторингтік топтың құрамына қосыла алмадық. Себебі кешкілік уақытта шығады екен. «Күндіз тойлар өтіп кетпей ме?» деген сауалымызға, қалалық ішкі саясат басшысы тойханаларда той кешке болуы мүмкін деп сендірді. Танымал әншілер мен асабалар қаламызға келгенін желі арқылы жариялауда. Тойға келгені анық. Тіпті бүгін қатысқан тойын «бұл архив» деп жариялайды. Тәртіп – талаптың бастауы, коронавирус – өмірдің қас жауы болып тұр бүгінде. Қаншама адам ажал құшуда. Жауапкершілік тәртіпті талап етушіге де, халыққа да бірдей.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!