Денсаулық − тән, рухани және әлеуметтік игі­лік­тің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру маңызды. Себебі сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау – бәрі де денсаулыққа қызмет етеді. Бірақ өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға немқұрайлы қарайтын кей жастар, рухани өсуді қайдан ойласын?! Дәрігерлер қанша ескертсе де жаман әдеттерден арылғысы келмейді. Бүгінде жастардың темекі тарту, ішім­дік ішу, есірткіге құмарлық және улы заттарға әуестік, адамгершілікке жат мінез-құлық танытуы, ерте жыныстық қатынасқа түсуі жастардың денсаулығына қауіп тудыруда. Біз бірнеше жас­өспіріммен әңгімелесіп, олардың дәрігерге си­рек қаралатынын білдік. «Дәрігерге соңғы рет қашан қаралғанымды білмеймін. Басым ауырса аспирин ішемін. Әлсіреп тұрсам, жатып дем алып аламын. Тісім ауырса, ауырғанын басатын дәрі ішемін. Соңғы рет тек тіс дәрігеріне тіс жұлдыруға бардым. Оның өзінде ауру жаныма батқан соң. Денсаулығымды толық тексертіп көрмеппін», – дейді 16 жастағы Алтынай Нұрболатқызы. Ал 15 жастағы Бақберген Азаматұлы белі ауыратынын және буындары сырқырап, футболға қатыса алмай жүргенін айтты. Өкініштісі сол, шағымын айтып емханаға бармаған. 23 жастағы Айша Нұрлыбек есімді бойжеткен әр ай сайын бүк түсіп ауырып қалатынын, бірақ дәрігерге барып қаралмайтынын жасырмады. Біз тілдескен жасөспірімдер емханаға барып қаралмақ түгілі жастар денсаулық орталығының қайда орналасқанын да білмейтін болып шықты.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жастар денсаулығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына биыл жеті жыл. Орталық − жасөспірім кезеңнің ерекшеліктеріне байланысты кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмекті тегін және құпиялылықты сақтай отырып қызмет көрсетеді. Жеті жыл жастарға кеңес беріп, аурушаңдықтың алдын алып келе жатқан орталыққа бөлінетін қаржы биыл 70 пайызға қысқарған. Бұл орталық жұмысын күрт баяулатып, штат санын қысқартты. Орталықтың қалалық және 7 аудандық құрылымдық бөлімшесі жергілікті емханалар есебінен қаржыландырылып, орталық қызметін жалғастыруда.

− Біздің орталыққа 29 жасқа дейінгі жастар мен жасөспірімдер жүгінеді. Орталық мамандары тегін дәрігерлік кеңес береді. Бұған дейінгі  жұмыстар нәтижесінде жасөспірімдер мен жастарды қамту 42,5 пайызға өсті. Аурушаңдық көрсеткіші төмендеді. Жастар денсаулығы орталығының басты қызметінің бір бағыты тәулік бойына психологиялық көмек көрсететін “Жедел желі” байланыс телефоны жұмыс істеп тұр. Орталық қаржылық қолдау тапса, жастардың тек дәрігердің кеңесін алып қана қоймай, толық тексеруден өтіп, ем алуына да жағдай жасар едік, – дейді облыстық жастар денсаулық орталығының директоры Гүлжихан Нысанова. 

Жуырда ҚР Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мінберден елге келген мезетте жасөспірімдер денсаулығы жайлы әңгімелестік.

− Жасөспірімдер денсаулығы туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сенатор ретінде сауал жолдадық. Бүгінгі таңда «Қоғамдық денсаулық сақтаудың ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде әр облыста жүзеге асыруды ұсындық. Қазақстан Республикасының Жастар денсаулық орталықтары желісін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленеді. Ол үшін көрсетілетін қызметтердің тізбесін және қолжетімділігін кеңейте отырып, жастар денсаулық орталықтарының (бұдан әрі ЖДО) қызметін жетілдіру бойынша. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент заң жағынан дербес Жастар денсаулық орталықтарын дамыту жоспарын әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды, – дейді Ақмарал Шәріпбайқызы.

Жастардың өзіне қол жұмсауын болдырмау үлкен жауапкершілік жүктейді. Сенатор жасөспірімдерге психологиялық қолдау қажеттігін айтты. «Жасөспірім шақ − нағыз сенімді серік іздейтін, көңілдің албырт шағы. Бала өз қалауын, өз таңдауын жасағысы келеді. Ата-ананың баласының шешімдерін түсінбеуі, қолдамауы, тіпті балаға мүлде көңіл бөлмеуі психикалық өзгерістерге алып келеді. 2021 жылғы 2 тоқсанның қорытындысы бойынша республикада жасөспірімдер мен жастардың ұрпақты болу және психикалық денсаулығын қорғау жөнінде кешенді медициналық-психоәлеуметтік қызметтер көрсететін 142 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Медициналық ұйым ретінде бұл орталық қызметі Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 92 бабымен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-285/2020 «Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың және жастардың ұрпақты болу және психикалық денсаулығын қорғау бойынша Медициналық көмекті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі. Бұл әрбір жасқа денсаулық орталықтарының есігі айқара ашық болады деген сөз», −деді сенатор А.Әлназарова

Ең бастысы, жасөсіпірімдер мен жастар медициналық қызметтерді тегін алады. Сенатта жасөспірімдер саулығы кеңінен талқыланып, «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығында көрсетілетін қызметтер тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрықтарына сәйкес, жастар денсаулық орталықтары көрсететін медициналық 57 қызметті 105 дейін кеңейту үшін тізімнің жобасы әзірленген.

Сондай-ақ еліміздегі жасөспірімдер денсаулығына қатысты жобаларға халықаралық ұйымдар да қолдау білдіріп отыр. Халықаралық ұйымдар жастардың денсаулық мәселелерін толық зерттеп отырады. «Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНФПА) қоры Министрлік пен ЮНФПА арасындағы техникалық көмек туралы келісім шеңберінде жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті және психологиялық денсаулығы проблемалары бойынша клиникалық хаттамалар мен консультация беру алгоритмдерін әзірлеген. ЮНФПА әзірлеген материалдармен нозология бойынша пациенттердің жеке санаты ретінде жасөспірімдер үшін орталықта медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын әзірлеу жоспарлануда. Мұнан бөлек, еліміздің Денсаулық министрлігі және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ аталмыш орталықтардың қызметтеріне қажеттілікті айқындап, республикалық бюджет қаражаты есебінен 2022-2024 жылдарға арналған жастар денсаулық орталығын қаржыландыруға болжамды қажеттілігін әзірледі. Яғни еліміздің барлық аймақтарында жастар денсаулық орталықтарына қажетті қаржы бөлінеді»,    − деді А.Әлназарова.

«Халықтың денсаулығы − ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы. Жасөспірімдер денсаулығы жіті назар аударуды қажет етеді. Әсіресе жастар уақытылы медициналық тексеруден өтіп, ем алуы үшін жергілікті жерлердегі жастар денсаулық орталықтарының жұмысын жақсартқан жөн. Бірақ қаржы бөлінбей, қызмет түрі тек кеңес берумен шектелмек. Жасөспірімдер денсаулығын жақсарту үшін қаржы бөлінер, әйтседе өз денсаулығы үшін басты жауапкершілікті әрбір жас өзі сезінсе игі еді.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!