Қазақстанда радикалды және деструк­тив­ті діни идеологияның таралуына жол бермеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда өңірде екі мыңнан астам дінтанушы мен теологтар халық арасында түсіндірме шараларын жүргізуде. Бұл бас­таманың негізгі бағыты – мақсатты және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету, деструктивті идеология­дан зардап шеккендерді оңалту және діни экстремизмге қарсы насихат жүргізу.

Биыл түрлі форматтағы 28 мың, оның ішінде 952 мың адамды қамтыған жастар арасында 7,9 мың іс-шара іске асырылды. Аталған шаралар жұмыссыздар, жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, сотталғандар және олардың отбасы мүшелеріне және т. б. топтарға назар аудара отырып, жүргізілуде.

Алдын алу ісінің бірі – интернет кеңістігіндегі жұмыс. Мәселен, жыл басынан бері интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 181 мыңнан астам материал жойылса, 324 заңсыз материал бұғатталды. Өткен жылмен салыстырғанда жойылған және бұғатталған контент саны 8 есе өскені байқалады. Айта кетейік, экстремистік материалдарды бұғаттау және жою –  азаматтардың радикалдануына жол бермеудің төте жолы. Бұдан бөлек, азаматтардың экстремизм идеологиясының шырмауына түспеуі үшін медиасауаттылық пен сыни ойлау деңгейін арттыру да нәтиже бермек. Жастар арасында түрлі нұсқада профилактикалық контентті әзірлеуге ерекше назар аударылуда. Мысал ретінде мектеп оқушыларына діни экстремизмнің қаупін түсіндіретін «MEIRMAN» комиксін шығару ісін айтуға болады.

Бұдан басқа азаматтардың дінтану сауаттылығын арттыру және деструктивті діни ағымдар идеология­сына қарсы іс-қимыл жасау үшін БАҚ-та, интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде 132 мың­нан астам түрлі форматтағы жарияланымдар орналас­тырылған. Айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда ақпараттық кеңістікте экстремизмге қарсы тақырыптағы жарияланымдар 2 есеге артқан.

Радикалды идеологияға қарсы насихат жүргізу, кон­фес­сияаралық келісім құндылықтары мен зайырлы қағидаттарды ілгерілету жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!