Депутат Қаржы мониторингі агенттігін соңғы үш айдағы валюталық интервенциялар, оның ішінде шетел валютасын сату және сатып алу туралы ақпаратты талдауға шақырды.

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматовтың атына жолдаған сауалында Ұлттық банк еркін нарықтық бағамды жариялай отырып, белсенді түрде интервенция жүргізіп жатқанын айтты.

«Ұлттық банк жүргізіп отырған еркін құбылмалы мөлшерлеме елес сияқты – жұрт айтып жатыр, бірақ оны ешкім көрмеген. Тұтастай алғанда, 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда валюталық сауда-саттық көлемі 3,6 және 4,2 миллиард доллар болды. 2022 жылғы 12-31 қаңтар аралығында – 2,5 миллиард доллар. Соңғы 3 айда 10 миллиард АҚШ доллары. Бұл Қазақстан тарихындағы валюталық сауда-саттықтың орасан зор көлемі. Әрі басым бөлігі Ұлттық банктің қатысуымен өткен.

Мәселен, теңгенің бағамын ұстап қалу үшін 2022 жылғы 12-13 қаңтарда Ұлттық банктің валюталық интервенция көлемі 240 миллион АҚШ доллары болды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 50 пайызы. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда да жүргізді – олар бойынша сальдо 500 миллион АҚШ долларына жуық», – деді Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!