Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алған аналарға жәрдемақының автоматты түрде тағайындалатынын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін жәрдемақы “Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және Еңбек министрлігі аумақтық департамент қызметкерлерінің қатысуымен тағайындалатын. Нәтижесінде бұл шара 7 жұмыс күніне дейін созылатын еді.

Алдағы уақытта аталған қызметті проактивті форматта алған кезде жәрдемақы тағайындау ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл қызмет көрсету мерзімін 1 жұмыс күніне дейін қысқартады.

Сонымен қатар «Алтын» немесе «Күміс» алқамен марапатталған көпбалалы аналар туралы мәлімет Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі. Әрі қарай жүйе проактивті форматта жәрдемақы тағайындауға келісім алу үшін 1414 нөмірінен SMS хабарлама жібереді.

SMS хабарламаға оң жауап алынған жағдайда жүйе жәрдемақы тағайындау туралы шешімді автоматты түрде қабылдайды. Алдағы уақытта мұндай тәсіл өзге қызмет көрсету түрлеріне де енгізіледі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!