Қазақстанда 4 және одан көп баласы бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері артты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына сүйенсек, биыл 1 қаңтардан бастап көп балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 8,5 пайызға артқан. Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Осылайша төлем бала санына қарай былай есептеліп отыр. 

– 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

– 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

– 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

– 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

– 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде төленеді.

Министрлік мәліметінше жыл басынан бері дәл осы жәрдемақыны орта есеппен 535,3 мың отбасы алған. Оларға төленген қаржы сомасы 66,9 миллиард теңге мөлшерінде. Оның ішінде ақпан айында 538 мың отбасына 33,8 миллиард теңге жәрдемақы төленген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!