Биыл Жеңіс күніне орай 5 млрд 400 млн теңгенің біржолғы әлеуметтік көмегі беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Ардагерлерге бір жолғы материалдық көмек көрсету дәстүрге айналды. Осыған сәйкес, Жеңіс күніне орай жергілікті атқаруы органдар тарапынан сомасы 5 млрд 400 млн теңге біржолғы көмек көрсету қаражаты қарастырылған», – деді вице-министр.

Бұл қаражат мына адамдарға біржолғы көмек ретінде берілмек:

– Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектері – 381 адам;

– Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 92 адам;

– бұрынғы концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары – 212 адам;

– Екінші дүниежүзілік соғысының қайтыс болған мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) – 3 221 адам;

– Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 6 адам;

– тыл еңбеккерлері – 74 116 адам;

– Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа тұлғалар – 20 111 адам.

Бұған дейін Президенттің Жеңіс күніне орай бірқатар шараға қатысатынын жазғанбыз.

Вице-министрдің мәліметі бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектері ай сайын 201 мың теңгеден алып отыр.