Бұл жаңашылдық инфляциялық саясатқа да әсер етеді. Күні кеше Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25 пайызға дейін көтерді. База мөлшерінің өсуіне маусым айындағы инфляция деңгейінің 7,9 пайызға артуы себеп болды.

– 2022 жылы инфляцияны 4-6 пайызға мақсатты дәлізге дейін төмендету көзделіп отыр. Инфляцияның өсуіне біріншіден, жанар-жағармай, электр қуаты және жекелеген азық-түлік тауарларының едәуір қымбаттауы әсер етті. Тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі инфляцияның шарықтауына ықпал етті, – дейді Ұлттық банк өкілдері.

Жалпы инфляцияның өсуімен бетпе-бет келген жалғыз Қазақстан ғана емес. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер де базалық мөлшерін көтеруде. Ал оны төмендету мақсатында әлемдегі орталық банктер ақша-несие саясатын қатаңдатып отыр. ЕАЭО-ның барлық елдері өздерінің негізгі ставкасын көтерді.

Біздің елде де биылғы маусымда инфляциядан бөлек, тұтыну бағаларының индексі (ТБИ) 107,9 пайызға дейін өсті. Бұл 2017 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл жағдай индекс құрылымындағы барлық топтар үшін бағаның өсуіне байланысты. Осылайша ақылы қызмет көрсету үшін ТБИ 2021 жылғы мамырда 105,1 пайыздан маусым айында 105,6 пайызға дейін, азық-түлік емес тауарлар үшін – 106,7 пайыздан 106,9 пайызға, тамақ өнімдері – 109,3 пайыздан 110,6 пайызға өсті.

Елдегі бағаның өсуі ұзақ мерзімді сақтауға арналған көкөністерге, электр энергиясы тарифтерінің көтерілуіне, бензин бағасының өсуіне байланысты. Осындай жағдай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып табылатын көрші Ресейде де байқалады. Мұнда инфляция қайтадан үдей түсіп 6,5 пайызға жетті. Бұл – 2016 жылдың тамыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бағаның өсуі Қырғызстанда жылдық мағынада 14,2 пайыз, Беларуссияда – 9,9 пайыз, Арменияда – 6,5 пайыз. Өсім іскерлік белсенділіктің және тұтынушылар сұранысының қалпына келуі аясында жүруде. Сонымен қатар аймақтағы көптеген мемлекеттерде сұраныс тарапынан қысым күшейіп келеді.

– Әлемнің дамыған елдері өз экономикасын тұрақты ұстау үшін базалық мөлшерлемені барынша төмендету шарасын жасауда. Мұндай жағдайда шаруалардың жеңілдікпен несие алуына, іскерлік белсенділігі артуына септігі тиеді. Бізде арнайы жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар болғандықтан, базалық мөлшерлеменің көтерілуі экономикаға кері әсер етпейді. Бірақ инфляция деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Десе де базалық мөлшерлеменің өсуінің нәтижесінде екінші деңгейлі банктер несиелік ставкасын көтереді. Осы уақытқа дейін базалық мөлшер 9 пайыз болғанда, банктер 30 пайыз үстеме ақы мен тұтынушылық несие беретін. Енді бұл көрсеткіш артады. Сонымен қатар депозиттердің де бағасы өседі. Бұл бір жағынан салымшылар үшін тиімді. Базалық пайыз жоғары болған сайын, теңге күш алады. Жалпы теңгенің құнсыздануына сыртқы факторлардан бөлек, теңгенің көптеп шығарылуы да әсер еткен. Мысалы, соңғы 7-8 айда нарықтағы ақша массасы 3 триллион теңгеден асқан. Қазір айналымда 27 триллион 500 миллиардқа жуық қаржы бар, – дейді экономист сарапшы Мақсат Халық.

Бағаның өсуі көптеген дамушы елдерде, соның ішінде Аргентина, Түркия, Грузия мен Бразилияда байқалады. Еуропалық Одақ та 2021 жылғы маусымда инфляция деңгейін 2,2 пайыз деп мәлімдеді. Дамушы елдердің де орталық банктері негізгі ставкасын көтеру арқылы ақша-несие жағдайын біртіндеп қалыпқа келтіре бастады. Мысалы, Ресейдің Орталық банкі маусым айындағы мәжілісте экономиканың қалпына келуі күтілгеннен жылдамырақ және инфляция жоспарланған деңгейден жоғары екенін айтып, пайыздық мөлшерлемені 100 пайызға өсіріп,  5,5 пайыздан 6,5 пайызға дейін көтерді. Саясаткерлер сонымен қатар алдағы айда қосымша өсім қажет болатынын ескертті. Осы тұста сарапшылар елдегі инфляция деңгейін 5,7-6,2 дәлізінде сақталатынын болжады. Ақша-несие саясаты бойынша келер жылға дейін бұл көрсеткішті 4-4,5 пайызға түсіру жоспарланған.

Жалпы 18 орталық банк жылдың басынан бастап ставкаларды көтерді. Олар: Түркия 17-ден 19 пайызға, Чили 0,5-тен 0,75 пайызға, Грузия 8-ден 9,5 пайызға дейін. ЕАЭО елдері тарапынан инфляцияның одан әрі импортына және капиталдың елден шығарылуына жол бермеу үшін неғұрлым жоғары пайыздық мөлшерлеме арқылы ұлттық валютаның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету талап етіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!