Соңғы уақытта көп талқыланған тақырып – кәдеге жарату алымы (утилизация алымы). Көліктің жай-жапсарынан хабары бар азаматтар аталған саладағы олқылықты бұған дейін де көтеріп, шешу жолын да ұсынған болатын. Алым көлемінің жоғары екенін, халықтың әлеуметтік жағдайымен сәйкес келмейтінін айтып келеді. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жасақталған Үкіметке бұл мәселені шешуді тапсырып, тіпті кәдеге асыру алымымен айналысатын «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) ЖШС-н тексеруге пәрмен берген еді.

Президенттің «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) серіктестігін тілге тиек етуі тегін емес. Ел арасындағы мекемеге қатысты түрлі пікір мен наразылық қалыптасқан. Мәселенің күрмеулі күйде қалуын да осы серіктестіктен көретіндер бар. Мұндай қарсылықтың себебі жоқ емес. Қарапайым халықты айтпағанда шаруаларға арналған кәдеге жарату алымы мөлшерінің өзі шамадан тыс, әлемдік талапқа сәйкес келмейді. Еуропа және басқа да дамыған елдерде техниканың көлеміне байланысты мөлшерлеме белгіленетін алым бізде ақсап тұр.

Мәселен, шаруа шетелден құны 3 млн теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы техникасын әкелді делік. ӨКМ опе­ра­то­ры ол тех­ника үшін кә­де­ге жарату алымын екі-үш есеге асырып жібереді. Осылайша құны 3 млн болатын техникаға 12-20 млн теңгеге дейін шығын кетеді. Міне, бұл – ең жайсыз тұстың бірі. Ал белсенділер болса, әлем­дік стандартты қаперге алып, жаңа өлшем жасалса дейді.

Бұл кеше-бүгін көтерілген мәселеге жатпасы анық. Автокөлік иелері жыл сайын олқылықты билік назарына ұсынуға әрекет жасап келді. Мысалы, өткен жылы #НетУтильсбору қозғалысы кең өріс алып, утилизациялық алымға қарсылық білдіргендер саны күрт артты. Оған қоса Алматыда белсенділер «Утилизация алымына жол жоқ» деген ұранмен баспасөз-митингін өткізіп, басқосуға шетелдік нөмірі бар қазақстандықтар да қосылған еді. Осылайша жарты айда «Утилизация алымына жол жоқ» қозғалысының талап-ұсынысын қолдап, қол қойғандар саны 150 мыңға жетті. 

НАРАЗЫЛЫҚ СЕБЕБІ

Сондай-ақ белсенділердің сөзінше, қазір Қазақстанда көлік дефициті байқалып келеді. Көлік сату орталықтарында автокөлік азайып, нарықтағы баға көтерілген. Салдарынан қарапайым халық сапалы көлік сатып алу мүмкіндігінен айырылуда. Олқылыққа қатысты белсенділердің тағатын айыбының бірі – елдегі өнеркәсіптің кенжелеуі.

Әлеуметтік желіде танымал автокөлік нарығының сарапшысы Олжас Оқас та аталған алым туралы пікірін жариялаған еді. Сарапшының сөзінше, Қазақстандағы утилизациялық алым азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере қарастырылу қажет деген пікір айтады.

«Қазақстанда көлік жылдан-жылға қымбаттап бара жатыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Утилизациялық алымның сомасы жаңа көлік сатып аларда аса рөл ойнамайды. Біріншіден, біздің нарықтың ауқымы тар. Ұлттық валюта ай сайын құлдырап жатыр. Көлікке қажетті бөлшектер шетелден келетінін ұмытпайық. Көлікке қатысты утилизация алымын жойып жіберсең де Еуро-4 стандарты қалады емес пе? Мысалы, Грузиядан әкелінген 2003 жылғы «Toyota Camry» көлігі бәрібір алғашқы тіркеуден өте алмайды. Ащы болса да шындықты айтуымыз керек, халқымыз «тегін» дүниені жақсы көреді. Мүмкіндік болса, ҚҚС-ты алып тастауды қолдайтындар бар. Тәртіп болмаса, заң қадағаланбаса, түбі артта қалған бір мемлекетке айналамыз. Утилизациялық алым болу керек, алайда оның сомасы халықтың әл-ауқаты төмендеуіне байланысты қайта қарастырылғаны ләзім» – дейді О.Оқас.

Көліктерді кәдеге жарату төлемінің жүйесі ескіргенін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та мойындаған еді. Ол кәдеге жарату төлемінің параметрлері 2015 жылдан бері қаралмағанын айтып, қайта талқылау керегін айтқан болатын. Тіпті, министр қалдықтарды жинау, олардың нарығын қорғау және машина жасау мен автомобиль жасауды дамыту үшін қажет екенін жеткізген. Бұл ретте ол басқа елдердің тәжірибесін, Малайзияда автомобиль өнеркәсібін құру үшін 30 жыл қажет болғанын мысалға келтірген еді.

«2015 жылы кәдеге жарату төлемінің нормалары қабылданды. Одан кейін бүгінгі күнге дейін олар шынымен қайта қаралған жоқ. Бүгінде бұл мәселе өте өткір және әлеуметтік желілерде көтеріліп жатыр. Индустрия министрлігі, негізінен, бенефициарлар, түпкілікті алушы болуымыз керек. Бірақ бұл экологиялық төлем және ол басқа министрліктің құзырында» – деді Б.Атамқұлов.

СЕБЕП НЕДЕ?

Кәдеге жарату жұмысының негізгі мақсаты экологияға келер зиянды азайту, қайта өңдеу саласын ілгерілету екені белгілі. Алайда ұзақ уақыт утилизация алымымен айналысқан ӨКМ бұл міндетті орындай алды ма? Ел арасында сенім емес, күмән басым. «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да аталған мекеменің жұмыс процесін сынға алып, пікір білдірген еді. Қоғам белсендісінің сөзінше, ӨКМ Операторы 2015 жылдан бері 1 млрд долларға жуық қаражат жинаған көрінеді. Сондай-ақ жыл сайын компания мемлекет қазынасынан 150 млрд-қа тарта қаржы алып отырған.

«Мысалы, автошиналарды алып қарастырайық. Оның бір данасы үшін ӨКМ утилизацияға деп 37 теңге алады. Оны қалай жұмсайды? Шамамен 7 теңге операциялық шығындарға кетсе, 26,5 теңгесі (бүкіл соманың 70 проценті) логистикаға, яғни көліктік шығындарға жұмсалады. Тек 3,5 теңгесі ғана қайта өңдеуге бағытталады. ӨКМ жұмыс істемей тұрып шинаны жинаумен айналысатын ұйымдар шикізатты зауытқа өздері тасып келді. Алайда ӨКМ бұл шикізатты кәдеге жаратамыз деп өздері жинауды бастаған соң жоғарыдағы ұйымдар осы қызметті тоқтатуға мәжбүр болды. Демек, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға автошиналарды сатып алып, өздеріне тасымалдауға тура келді. Бұл өзіндік құнның жоғарылауына әкелді. 2016-2017 жылдың аралығында өңделген шикізат үшін зауыт бірыңғай оператордан 120 млн теңге көлемінде қаражат күтті. Бірақ бұл ақша зауытқа берілген жоқ. Бұған бір құжат жетіспейді дегендей себеп айтылса керек. Зауыт несие ақшасына салынғандықтан 2017 жылы кәсіпорынның шоты бұғатталып, өндіріс тоқтады. Қазір Жоғарғы соттың шешімімен зауыт иелерінен тартып алынып, акционерлері борышкер атанды. Жұмыс орындарын ашып, өңделген қалдықты экспортқа шығарып тұрған зауыт осылайша жойылды. Осындай мысалдың өзінен ӨКМ жұмысын бағамдауға болады» – дейді белсенді.

ШЕШІМ МЕН ТАЛАП

Расында, осы келеңсіздік елдегі автонарықта көлік бағасының өсіп, ауылшаруашылық техника паркінің ескіруіне әкелгені анық. Жыл басында Президент Үкіметке аталған олқылықты тез арада шешуді тапсырып, тиісті шара қабылдауды талап етті:

«Кәсіпкерлер мен тұтастай қоғамда «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көп сұрақ туындады. Тіпті бұл жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозғалыс пайда болды.

Үкіметке «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС-ның кәдеге жарату алымын жинақтау мен кәдеге жарату алымына құзырет етуді тоқтататын шараларды қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. Алымдардың өзіне тоқталсақ, олардың мөлшерлемесін қайта қарастыру керек. Мемлекеттің кәдеге жарату, автокөлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі функциялары қолданыста қалады. Аталған мәселені бизнес және қоғаммен мұқият талқылау қажет. Кәдеге жарату алымы есебінен отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер ұсыну мәселесін қарастыру керек. Оны қолданудың басқа да қоғамдық пайдалы тетіктері қарастырылсын» – деді.

Осылайша Президент пәрменінен соң тиісті жұмыс атқарылуда. 2015 жылы Үкімет қолдауымен құрылған ӨКМ Операторының қызметі зерттеліп, тексеру жұмысы басталған. Көп күтпей, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бүгінге дейін кәдеге жарату алым түрінде жинақталған қаражаттың көлемі 691,9 млрд теңге жеткенін мәлімдеп, қаражаттың қайда кеткенін былайша түсіндірді:

«Отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінде екінші деңгейдегі банктерде қалған қаражаттың 220,6 млрд теңгесі жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мына мәселелерді пысықтайды: біріншіден, жеке мемлекеттік операторды немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру. Екіншіден, кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау. Үшіншіден, кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру қарастырылады» – деді министр.

P.S. Аталған мәселе билік назарына ілінгесін біршама жоба жүзеге асатыны айтылды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, елде утилизация алымымен айналысатын бірыңғай оператор құрылатыны белгілі болды. Сонымен қатар алым коэффициенттері қайта қаралымнан өтетін күн де алыс емес. Мұның барлығы халықтың көлікті болуына жол ашып, ел әлеуетін көтеруге бастамақ.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!