Қызылорда жылу электр станциясының 50-60 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі жылу желілерінің қатты тозуына алып келді. Бұл ысыраптардың артуына және сектор жұмысының тиімділігінің төмендеуіне әсер етті. Нәтижесінде елімізде қуаты 240 мегаватт болатын заманауи жылу энергетикалық орталығын салу туралы шешім қабылданды. Үкімет 2022-2025 жылдар аралығында оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты кемінде 1 мың мегаватт болатын бу-газ қондырғыларын салу жөніндегі жобаларды іске асыруды тапсырды.

Бұл жоба 2025 жылы пайдалануға беріледі және тек Қызылорда облысына ғана емес, жалпы Қазақстанға да тиімді. Болашақта бұл нысан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жобаның құны 215 миллиард теңге болатын жаңа нысан энергия тапшылығын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл елімізде тәуелсіздік жылдарында бюджеттен тыс көздерден, яғни шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын ең ауқымды және бұрын-соңды болмаған жоба.

Бұдан басқа, биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылыту қазандықтары қайта жаңартылатын болады. Бұл жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттерден 676 миллион теңге бөлінді.

Индустрияландыруды дамыту кезеңдерінде 2010-2021 жылдары жалпы құны 197 млрд теңгені құрайтын 35 жоба іске қосылды. 

2022 жылдың 10 айында іске қосылған жобалар аясында 48,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17,5%-ға (2021 ж. 10 ай – 41,5 млрд теңге) артқан. 

2022 жылдың 10 айында карта жобалары арқылы өндірілген өнім көлемінің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 25,1%-ды құрады (2021 ж. 10 ай – 28,2%).

Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2022-2026 жылдары құны 613,1 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,8 мың адамды жұмыспен қамтитын 37 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр.

2022 жылы құны 4 млрд теңге, толық қуатын пайдаланғанда 275 жұмыс орнын ашатын 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Олар құс фабрикасы, балық өңдеу және күріш ақтау цехтары, балық ұнын шығару мен құрғақ құрылыс қоспалары өндірістері. Бүгінде оның үшеуі іске қосылды. 

Сонымен қатар биылғы маусым айында мерзімінен бұрын «Нұр Орда Жолы» ЖШС-нің (құны – 87 млн теңге, жұмыс орны – 7 адам, Қызылорда қаласы) бетон зауыты іске қосылып, жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ өңірде басқа да ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Соның ішінде агроөнеркәсіп саласында Жаңақорған ауданындағы «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы бар. Тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында Қызылорда облысында «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске асырылып жатыр. 

«Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жоба бойынша Жаңа стратегия әзірленді. Стратегияға сəйкес, қазіргі уақытта жобаның тау-кен бөлігі мен жер үсті кешендері бойынша түзетулер енгізілді. Бүгінде жер асты кенішінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Фабрика іске қосылғанда, жаңадан тағы бір мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Оның 2025 жылы жылына 2 млн тонна кен өңдеуге қуаты жетеді, одан әрі 2026 жылдан бастап қуатын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.

Тау-кен металлургия саласындағы екінші жоба – «Баласауысқандық» кен орнын игеру жобасы, 100% шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылып жатыр (Ферролоус ресорсиз лтд). 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. «Баласауысқандық» ванадий кенішінен биылғы 10 айда барлығы 357,9 тонна аммоний метаванадаты Ұлыбритания, 57,4 тонна ферромолибден Ресейге экспортталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!