Сенат Үкіметтің халық табысын арттыру туралы есебін тыңдады. Жиында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстандағы БАҚ қызметкерлерінің айлығын көтеру мәселесін айтты деп хабарлады turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, журналистер не бюджет саласының, не коммерциялық мекеме қызметкеріне жатпайды.

«Адамның қолымен жасалатын игілік бар. Адамның миымен жасалатын игілік бар. Журналистер қауымы қолымен де, миымен де осындай игілікті жасайды. Тек журналистер емес қанша оператор, қанша видеоинженер техник, монтаж жасаушы бар. БАҚ өкілдерінің айлығы елдегі орташа айлық көрсеткішінен де төмен. «Қазақстан», «Хабар», «Егемен Қазақстан», «Қазақ газеттері», «Қазинформды» қоса алғанда, биылғы орташа жалақы 202 мың теңге көлемінде төленеді.

БАҚ қызметкерлері шығармашылықпен айналысады. Демек, оймен, ақылмен өндіреді. Еш мәртебеміз болмаса, онда бізді Өндіріс саласына жатқызып, қаржыландырыңыздар! Познердің (Владимир Познер шетелдік журналист – ред.) айлығы мен Нартайдың (Нартай Аралбайұлы Qazaqstan телеарнасында «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі – ред.) айлығын салыстырыңыздар, арасы жер мен көктей. Үкімет осы мәселені қашан реттейді»? – деді Нұртөре Жүсіп.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!