Айлық түсер кезде алақан қышып, «ақша келеді» деп ырымдайтындар аз емес. Бірақ бір ай күткен жалақы есепшотқа түспей жатып-ақ, қай шотқа, қай қарызға, қай шығынға жұмсалатыны алдын ала шешіліп қояды емес пе?!
Иә, «ақша үйде бір күн қонсын» дейтіндер бар. Бірақ қазір жалақының үйде бір күн түгіл, бір сағат та «түнеп» үлгермейтін кезі көп. Несие төленеді, коммуналдық төлем жабылады, азық-түлік алынады, есепшоттан түрлі міндетті шығын ұсталады. Сол-ақ екен, банк картасындағы қалдық көзге көрінеркөрінбес азайып шыға келеді. Ал сосын «ақша қайда кетті?» деген таныс сұрақ алдымызға топ етеді.
Рас, бұл мыңдаған емес, миллиондаған отбасының көкейіндегі сауал ғой. Алайда есеп-қисапқа үңілсек, ақша ешқайда жоғалмайды. Әр теңгенің өз мекені, өз бағыты бар. Бірі дастарқанға кетсе, бірі коммуналдық төлемге, енді бірі жол ақысы мен интернетке, дәрі-дәрмек пен баланың оқуына жұмсалады.
Ендеше, қазақтың әмияны неге тез жұқарады? Қазақстандықтар тапқан табысын қайда жұмсап жүр? Бұл сұраққа жауапты эмоциядан емес, ресми статистикадан қарап көрелік.
Осы сауалға жауап іздеп, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне көз жүгірттік. Өткен жылдың ІІ тоқсанына арналған зерттеуге сүйенсек, ел тұрғындарының барлық ақшалай шығысының 91,3%-ы тұтынуға жұмсалады. Яғни халық табысының басым бөлігін күнделікті өмір сүруге қажетті зат пен қызметке шығындайды. Оның ішінде 52,5%-ы азық-түлікке, 20,3%-ы азық-түлік емес тауарларға, ал 18,5%-ы ақылы қызметтерге кеткен. Қалған бөлігі ғана несие өтеуге, салыққа және басқа міндетті төлемдерге жұмсалады.
Осы тұста экономикадағы бір қағида ойға келеді. Елдің әл-ауқаты артқан сайын халық табысының азықтүлікке жұмсалатын үлесі де азаяды. Өйткені адамның негізгі қажеттілігі қамтамасыз етілген соң, олар білімге, денсаулыққа, саяхатқа, мәдениетке, жинаққа және инвестицияға көбірек қаржы бөле бастайды.
Бірақ біздегі көрініс басқаша. Елде әрбір тапқан 100 теңгенің шамамен 53 теңгесі дастарқанға кетеді. Бұл – қазақстандықтардың шығынында ең үлкен үлесті тамақ алатынын білдіреді. Яғни халықтың негізгі қаржылық күші әлі де күнделікті тұтынуға жұмсалып жатыр. Одан кейінгі орында азықтүлік емес тауарлар тұр. Киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника, дәрідәрмек, жиһаз және басқа да қажетті заттарға халық шығынының бестен бірі жұмсалады. Ал ақылы қызметтерге – байланыс, көлік, білім, медицина, коммуналдық қызметтер, демалыс секілді бағыттарға жалпы шығынның небәрі 18,5%-ы ғана тиесілі.
Бұл құрылым бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның өмір сүру деңгейін сипаттайды. Өйткені отбасы бюджетінде тамақ бірінші орыннан түспей тұрса, адамдардың болашаққа инвестиция жасау мүмкіндігі де шектеледі. Білімге, денсаулыққа немесе демалысқа бөлінетін қаржы көбіне негізгі қажеттіліктер өтелгеннен кейін ғана қарастырылады. Сондықтан «қазақтың ақшасы қайда кетіп жатыр?» деген сұрақтың жауабы әзірге қарапайым. Алдымен – асқа, содан кейін ғана қалған қажеттілікке.
Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Тамақ – күнделікті қажеттілік. Бірақ экономистер бұл көрсеткішке мүлде басқа қырынан қарайды.
Экономикада Энгель заңы деген ұғым бар. Неміс статистигі Эрнст Энгель XIX ғасырдың өзінде халықтың әл-ауқаты артқан сайын азық-түлікке жұмсалатын шығынның үлесі азаятынын дәлелдеген. Яғни табыс көбейген сайын адамдар барлық ақшасын ас-ауқатқа емес, білімге, саяхатқа, денсаулыққа, мәдениетке, тұрғын үйге және жинаққа жұмсай бастайды.
Сондықтан дамыған елдерде азықтүлікке кететін шығынның үлесі айтарлықтай төмен. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 10-15%, ал орта есеппен Еуропалық одақта шамамен 13-15%-дың айналасында. Демек, қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын үлесі дамыған мемлекеттерден бірнеше есе жоғары.
Бұл халық көп тамақ жейді дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл – азықтүлік бағасының отбасы бюджетіне түсіретін салмағының ауыр екенін көрсететін әлеуметтік индикатор.
Тағы бір маңызды жайт – азықтүлік шығындарының құрылымы. Қазақстандықтар ең көп қаржыны ет пен ет өнімдеріне жұмсайды. Одан кейін нан-тоқаш өнімдері, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс келеді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы тұтыну көлемі бойынша сиыр еті айына орта есеппен 2 келі, бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан – 2,3 келі, картоп – 3,7 келі болған.
Бір қызығы, статистика табысы жоғары отбасылардың азықтүлікке жұмсайтын нақты сомасы көп болғанымен, оның жалпы шығындағы үлесі төмен екенін көрсетеді. Ал табысы аз отбасыларда керісінше.
Азық-түліктен кейін отбасы бюджетіне ең көп салмақ түсіретін бағыттың бірі – тұрғын үй мен коммуналдық қызметтер. Бұл шығынды кейінге қалдыру мүмкін емес. Электр жарығы, су, жылу, газ, пәтерақы немесе үйді күтіп ұстау қызметтері – бәрі міндетті төлемдер. Сондықтан бұл баптағы әрбір тариф өсімі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Кейінгі жылдары Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері кезеңкезеңімен қайта қаралып келеді. Соның нәтижесінде тұрғын үйге қатысты шығындардың үлесі де артып отыр. Ұлттық статистика бюросының инфляция жөніндегі деректеріне сәйкес, 2025 жылы тұрғын үй-коммуналдық қызметтің бағасы бір жыл ішінде 16%- ға дейін өсті.
Экономистер мұны «икемсіз шығын» деп атайды. Себебі отбасы етті аз сатып алуы немесе демалыстан бас тартуы мүмкін, бірақ жарықты өшіріп, суды мүлде пайдаланбау немесе қыста жылудан бас тарту мүмкін емес. Яғни коммуналдық төлемдер халықтың таңдауына емес, қажеттілігіне байланысты қалыптасады.
Қозғалыстың да құны бар екенін ұмытпаған жөн. Бір кездері көлік шығыны отбасы бюджетінде аса байқала бермейтін. Бүгінде жағдай өзгерді. Жұмысқа бару, баланы мектепке тасу, ауыл мен қала арасында қатынау, такси қызметі, жанармай, көлік жөндеу – мұның бәрі ай сайынғы тұрақты шығынға айналды. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Өйткені көлікке қатысты шығындар тек жолақымен шектелмейді. Жеке автокөлікті ұстау, техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, қосалқы бөлшектер мен жанармай бағасының өсуі де осы санатқа кіреді.
Бұған ішкі туризм мен сапарларға жұмсалатын шығындарды да қосуға болады. 2025 жылы қазақстандықтар 11,7 миллионнан астам сапар жасаған, оның 87,2 пайызы ел ішінде болған.
Шығынның қатарындағы интернетте де қалтаға расымен алмақ түсіреді. Интернетсіз жұмыс істеу, оқу, мемлекеттік қызмет алу, тіпті күнделікті қарым-қатынас жасау мүмкін емес. Цифрлық технология өмірді жеңілдеткенімен, отбасы бюджетіне жаңа тұрақты шығын түрін алып келді. Кейінгі екі жылдың қорытындысында елімізде байланыс қызметтерінің нақты көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға өскен. Соның ішінде интернет қызметтері 12,7 пайызға артқан. Байланыс саласының жалпы көлемінде интернет қызметтерінің үлесі 59,5 пайызды құрады. Ал дәрі-дәрмек, ақылы талдау, стоматология, диагностикалық тексеру секілді қызметке жұмсалатын орташа ақшалай шығын жан басына шаққанда тоқсанына 311,2 мың теңгені құрады.
Қазақстандықтардың ақшаны қалай жұмсайтыны тек табысқа ғана емес, қай өңірде тұратынына да байланысты. Бір өңірдің тұрғыны табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсаса, енді бірінде ақылы қызметтерге немесе кредит өтеуге кететін қаржы жоғары. Демек, елдегі тұтыну мәдениетін бір ғана көрсеткішпен бағалау мүмкін емес. Ең алдымен назар аударатын көрсеткіш – азық-түлікке жұмсалатын шығын. Республика бойынша халық ақшалай шығысының 52,5 пайызы азық-түлікке кетеді. Алайда өңірлер арасында бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгереді. Мәселен, Маңғыстау облысында азық-түлікке жұмсалатын шығын 61,8 пайызға жеткен. Жетісу облысында – 59,7 пайыз, Түркістан облысында – 59,6 пайыз, Абай облысында – 58,3 пайыз, Жамбыл облысында – 58 пайыз. Бұл өңірлерде халықтың табысының жартысынан да көбі күнделікті асауқатқа жұмсалады. Ал азық-түлікке ең аз қаржы бөлетін өңірлердің қатарында Ұлытау облысы (42,9 пайыз), Қарағанды облысы (43,8 пайыз) және Павлодар облысы (44,9 пайыз) тұр. Бұл өңірлерде тұрғындардың азық-түлікке жұмсайтын үлесі республикалық орташа деңгейден төмен. Мұндай айырмашылық өңірлердегі табыс деңгейіне, бағаға, урбанизацияға және тұтыну мәдениетіне байланысты қалыптасады.
Азық-түлік емес тауарларға жұмсалатын шығын құрылымы да қызық. Республика бойынша бұл көрсеткіш 20,3 пайыз болса, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында – 23,8 пайыз, Ұлытауда – 23,4 пайыз, Павлодар облысында – 22,8 пайыз, Қызылорда облысында – 22,4 пайыз. Бұл өңірлерде киім-кешек, тұрмыстық техника, жиһаз және басқа да тауарларға жұмсалатын қаражаттың үлесі жоғарырақ.
Ал ақылы қызметтерге қатысты жағдай мүлде басқа. Астана қаласында бұл көрсеткіш 21 пайызға жеткен. Бұл – ел бойынша ең жоғары деңгейдің бірі. Одан кейін Қарағанды облысы – 19,5 пайыз, Қостанай облысы – 18,9 пайыз, Шығыс Қазақстан облысы – 18,6 пайыз келеді. Бұл өңірлерде білім, денсаулық, көлік, байланыс және басқа да ақылы қызметтерге сұраныс жоғары екенін аңғартады. Кестедегі тағы бір назар аударарлық көрсеткіш – кредит пен қарызды өтеуге жұмсалатын қаржы. Республика бойынша бұл шығынның үлесі 6,5 пайыз болғанымен, кейбір өңірлерде әлдеқайда жоғары. Мәселен, Ұлытау облысында тұрғындар ақшалай шығысының 19 пайызы кредит өтеуге жұмсалады. Ақтөбе облысында – 11,8 пайыз, Қарағанды облысында – 11,7 пайыз, Ақмола облысында – 11,1 пайыз, Қызылорда облысында – 10,9 пайыз. Бұл көрсеткіштер өңірлердегі несиелік жүктеменің біркелкі емес екенін байқатады. Сандарды салыстырсақ, Қазақстанның екі түрлі экономикалық бейнесі көрінеді. Бір өңірлердің тұрғындары табысының басым бөлігін ең алдымен күнделікті қажеттілікке – азық-түлікке жұмсайды. Ал екінші өңірлерде ақылы қызметтер мен кредит төлемдерінің үлесі жоғары. Бұл – халықтың өмір сүру деңгейі ғана емес, өңірлік экономиканың құрылымы мен тұтыну ерекшеліктерінің де көрсеткіші. 2023 жылдың соңғы тоқсанындағы қазақстандықтардың шығысы туралы мәліметке қарасақ, 2023 жылдың төртінші тоқсанында бір қазақстандықтың шығыны 277 202 теңге немесе айына 92,4 мың теңге болған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға жоғары. Негізгі үлесі азықтүлікке – тоқсанына 142 169 теңге, азық-түлік емес тауарларға – 66 268 теңге, ақылы қызметтерге – 48 250 теңге болды. Бір қазақстандыққа азықтүлік және алкогольсіз сусындар 129 953 теңге, сыртта тамақтану 6 070 теңге, алкогольдік сусындар 1 766 теңге, темекі өнімдері 3 970 теңгеден түседі. Ал несие мен қарызды өтеуге 14 819 теңге, алиментке 5 362 теңге, салық және басқа да төлемдерге 334 теңге жұмсаған. Салыстырмалы түрде ең жоғары шығын астаналықтарда. Елорданың бір тұрғыны тоқсанына 366 345 теңге жұмсаған. Одан кейін әрине, Алматы мен Қарағанды облысының тұрғындары тұр.
Ресми статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың табысы жылданжылға артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында халықтың жан басына шаққандағы тұтынуға пайдаланылған табысы орта есеппен 1,31 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің 98,6 пайызы – ақшалай табыс. Бір қарағанда, бұл оң үрдіс сияқты көрінеді. Алайда табыстың едәуір бөлігі күнделікті қажеттіліктерді өтеуге кететінін ұмытпаған жөн.
Экономистер мұны «атаулы табыс» пен «нақты табыс» арасындағы айырмашылықпен түсіндіреді. Яғни жалақының өсуі міндетті түрде халықтың сатып алу қабілеті артты дегенді білдірмейді. Егер азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен басқа да күнделікті тауарлардың бағасы жылдам өссе, табыстың артуы өмір сапасына айтарлықтай әсер етпейді.
Бұл құбылыстың тағы бір көрінісі – несиеге тәуелділіктің күшеюі. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, үй шаруашылықтарының ақшалай шығысының құрамында несие мен қарыз дарды өтеуге жұмсалатын қаражаттың үлесі сақталып отыр. Кей өңірде бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Мәселен, Ұлытау облысында ақшалай шығынның 19 пайызы несие төлемдеріне кетсе, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарында әрбір оныншы теңгеден астамы бұрын алынған қарызды өтеуге жұмсалады. Осындай жағдайда халықтың жинақ жасау мүмкіндігі де шектеледі. Бір жағынан, банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері тұрақты өсіп келеді. Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2025 жылы халықтың банктердегі депозит көлемі 24-25 трлн теңгеден асқан. Бұл қазақстандықтардың жинақ көлемі артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда сарапшылар бұл қаражаттың қоғам ішінде біркелкі бөлінбейтінін айтады: депозиттердің едәуір бөлігі табысы жоғары азаматтардың қолында шоғырланған. Сондықтан банктегі жинақтың өсуі барлық отбасының қаржылық «қауіпсіздік жастығы» бар дегенді білдірмейді.
Экономистердің пікірінше, тұрақты жинақ қалыптастыру үшін алдымен отбасының міндетті шығындары табыстың басым бөлігін «жеп қоймауы» қажет. Ал Қазақстанда азықтүлікке, тұрғын үйге, коммуналдық қызметтерге және несиеге кететін шығын көлемі әлі де жоғары. Соның салдарынан көптеген отбасы ай сайынғы табысын толық дерлік тұтынуға жұмсайды.
Мұны қарапайым мысал арқылы да түсінуге болады. Айлық жиынтық табысы 500 мың теңге болатын төрт адамнан тұратын отбасының бюджетінде азық-түлік, коммуналдық төлемдер, жол ақысы, байланыс қызметтері, дәрідәрмек, баланың білімі және несие төлемдері есептелгеннен кейін еркін жұмсалатын қаражат өте аз қалады. Демек, мәселе ақшаның қайда кеткенінде емес. Мәселе – міндетті шығындардан кейін адамның таңдау мүмкіндігі қалатын-қалмайтынында.
«Ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұрақтың жауабын іздегенде, Қазақстанмен ғана шектелу аздық етеді. Өйткені әр елдің тұтыну мәдениеті оның экономикалық даму деңгейін, өмір сүру сапасын және халықтың қаржылық мүмкіндігін көрсетеді. Бір мемлекетте отбасы бюджетінің басым бөлігі тұрғын үйге жұмсалса, енді бірінде білімге, үшіншісінде жинақ пен инвестицияға басымдық беріледі.
Мәселен, АҚШ-та отбасы шығынының ең ірі бабы – тұрғын үй. Ипотека немесе жалдау ақысы, коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйді күтіп ұстау шығындары жалпы бюджеттің шамамен үштен бірін құрайды. Азық-түлікке кететін үлес орта есеппен 10- 12 пайыз ғана. Америкалықтардың едәуір қаржысы көлікке, медициналық сақтандыруға және зейнетақы жинағына жұмсалады. Бұл елде негізгі мәселе «тамаққа ақша жетпей ме?» деген сұрақ емес, «баспананы қалай қаржыландырамын?» деген мәселе.
Жапонияда жағдай өзгеше. Бұл елдің тұрғындары үнемшілдігімен танымал. Отбасылар табысының бір бөлігін міндетті түрде жинаққа немесе инвестицияға бағыттайды. Сонымен қатар қоғамдық көлік, денсаулық сақтау және сапалы азық-түлікке тұрақты қаржы бөледі. Жапондардың қаржылық философиясы – бүгінгі табыстың бір бөлігін ертеңгі күн үшін сақтау. Ал Оңтүстік Кореяда отбасы бюджеті білімге жұмсалады. Ал Скандинавия елдерінде – Швеция, Норвегия, Данияда – азаматтар демалысқа, спортқа, мәдениетке және саяхатқа көбірек қаржы жұмсайды.
«Қазақтың ақшасы қайда кетіп жатыр?» деген сұрақтың жауабы қарапайым. Ол ең алдымен күнделікті тіршілікке жұмсалады. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – халықтың қанша табыс табатынында емес, сол табыстың адамға ертеңіне сеніммен қарауға мүмкіндік бере ме, жоқ па – осында.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!