Қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша 139,8 млрд теңге жәрдемақы төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның ішінде сәуір айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға – 27,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төлеуге – 7,7 млрд теңге жұмсалған. Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны – 525,8 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 175,9 мыңға жетті.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектікке төленетін әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 52 347 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 43 574 теңге.