Тиісті тауар нарығындағы нарық субъектісінің немесе бірнеше нарық субъектілерінің тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін жағдайы үстем немесе монополиялық жағдай деп танылады.

Оған ие нарық субъектiлерiнiң тиiстi тауар нарығына кiрудi шектеу, бәсекелестiктi болғызбау және жою, белгілі бір тұтынушылар тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) тыйым салынады. Сонымен қатар үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің келесідей іс-әрекеттері де Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтары ретінде сараланады:

1) монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгiлеу, ұстап тұру;

2) әртүрлі бағаларды қолдану тауарды өндіруге, өткізуге және жеткізуге жұмсалатын әртүрлі шығындарға, сату көлемі, ақы төлеу шарттары, шарттың қолданылу мерзімдері ескерілетін жеңілдіктер жүйесінің кемсітпеушілік қолданылуына байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бірдей келiсiмдерге объективті түрде ақталмайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолдану;

3) өзiнен сатып алынған тауарларды қайта сатуға аумақтық белгiсi, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары бойынша, сондай-ақ саны, бағасы бойынша шектеулер белгiлеу;

4) нарық субъектiсiне немесе тұтынушыға өз мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес осы келiсiмдердiң нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер қабылдату арқылы келiсiм жасасуға шарт қою не оны күштеп таңу;

5) өтініш жасалған кезде тиiстi тауарды өндiру немесе өткiзу мүмкiндiгi болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауарды өткізуден негiзсiз бас тарту не осындай шарт жасасу туралы ұсынысқа күнтізбелік отыз күннен асатын мерзiмде жауап ұсынбаудан көрінетін жалтару сияқты әрекеттеріне тыйым салынады.

Бұл ретте бас тарту не жалтару, егер сатып алушы өтініш жасаған кезде өндірілетін немесе өткізілетін тауардың талап етілетін көлемі, оның ішінде тиісті тауарды сату туралы шарттар жасалуына байланысты болмаған жағдайда, негізді деп саналады;

6) бәсекелестер өндiрген не өткiзетiн тауарларды сатып алу кезiнде шектеулер қабылдау арқылы тауарларды беруге шарт қою;

7) өндiру немесе беру мүмкiндiгi болған кезде тұтынушылардың, нарық субъектілерінің сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндiру және (немесе) беру көлемдерiн негiзсiз қысқарту немесе өндiруді және (немесе) беруді тоқтату;

8) егер тауардың бағасын көтеру тауарды алып қоюдың нәтижесi болып табылса, тауарды айналыстан алып қою;

9) контрагентке шарт нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзсіз шарт талаптарын күштеп таңу;

10) нарықтың басқа субъектiлерiне тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасау;

11) сол бір тауарға әртүрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық тұрғыдан немесе өзге де түрде негізсіз белгілеу, кемсітушілік шарттар жасау;

12) негізгі қуатқа тең қолжетімділік бермеу сияқты әрекеттерiне тыйым салынады.

Осы ретте, Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң іс-әрекеттерінен аталған бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабының          3-тармағына сәйкес, нарық субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған өзiнiң үстем немесе монополиялық жағдайын терiс пайдалануы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, – монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) – үш, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті

 қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда

облысы бойынша департаменті

Тергеп-тексерулер бөлімі

Ж. Дәуменов

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!