Жасыратыны жоқ, халықтың қаржылық сауаттылықты игеріп, ұзақжылдық жоспар құруға икемделе бастағанына көп болмады. Бұған дейін қолында бар немесе күні бұрын қоғам райын болжай білетіндер болмаса, былайғы жұрт ақша сақтауға әуес емес-ті. Ал баланың болашағы мен біліміне инвестиция құю әрі сақтандыру тіпті ойда болмаған. Алайда уақыт өзгерді, әлемдік үрдіске ену кезек күттірмейтін қадамға айналған. Осы орайда «Халық-Life» АҚ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ұсынған «Bilim-Life» жобасын қолға алды.

Бұл – жоғары білім алуға арналған сақтандыру полисі. Жобаның артықшылығы сол, кез келген ата-ана баласын елдегі немесе шетелдегі жоғарғы оқу орнында оқытуға қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік алады. Кепілдендірілген кіріс, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы, жинақтау мерзімінде өмірді сақтандыру секілді артықшылық тағы бар.

– Әрине, «Bilim-Life» сақтандыру нарығындағы бірегей сақтандыру өнімі екені даусыз. Оның пайда болуы еліміздегі сақтандыру саласындағы нағыз серпіліс болғаны анық. Өйткені бүгінге дейін Қазақстанда бірде-бір сақтандыру қызметі мемлекет тарапынан сыйақы алған жоқ. Әлеуметтік маңызын ескере отырып, сақтандыру қоғамдастығы мен мемлекеттік институттардың белсенді жұмысының арқасында бізде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында жаңа мақсатты сақтандыру өнімі пайда болды. Ата-аналардың болашақта баласына берік іргетас қалауы мақсатында, оған жақсы білім беріп, оның ересек өмірге дайын болуы қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсіне­міз. Енді міне кез келген қазақстандық ата-ана баласын оқытуға «Bilim-Life» сақтандыру бағдарла­масының арқа­сын­да жинақтау сомасына 5% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын ала алады, ал көпбалалы ата-аналар жылдық 7% қаражат жинақтай алады.

«Bilim-Life» сақтандыру шартын жасасу үшін екі құжат жеткілікті. Алдымен баланың ата-анасының біреуінің жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі. Мұндағы ең төменгі айлық жарна үш айлық есепткі көрсеткіш шеңберінде бекітілген. Яғни, 2023 жылы Қазақстанда АЕК 3450 теңге көлемінде белгіленсе, бұл – 10350 теңге», – деді «Халық-Life» АҚ Қызылорда қаласындағы филиалдың сату жөніндегі бас менеджері Ләззат Тлеубаева.

Байқағанымыз, аталған сақтандыру полисін пайдалану оңай. Алдымен, жинақтау сомасы мен мерзімін, жарнасын нақтылау қажет. Кейін кесте бойынша жарналарды төлесеңіз болғаны, балаңыздың уайымсыз білім алуына жол ашасыз. Ал бала мемлекеттік немесе жеке ұйымдардың оқу грантын иеленсе, жинақталған ақшаны кепілдендірілген кіріспен және мемлекет тарапынан берілетін сыйақымен бірге алуға құқыңыз бар. Міне, бұл сақтандыру саласындағы серпін екені сөзсіз.

– «Bilim-Life» бойынша сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 АЕК-тен басталады. Мысалы, ата-ана қазір 7 жастағы баласына «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша 10 жылға шарт жасауды ұйғарды делік. Оның 17 жылдығына орай білім алуға жеткілікті соманы, яғни 10 млн теңгені алу үшін оларға ай сайын 42 мың теңгеден жарна салып отыру қажет. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін бұл сома бала оқитын білім беру мекемесінің шотына түседі», – дейді Ләззат Мырзағалиқызы.

Расында, бұл қадам өте тиімді. Өйткені салымшы белгіленген мерзім аяқталған соң жинақталған қаражатына сақтандыру компаниясының кірістілігі (2,3 млн теңге) және мемлекеттен сыйлықақы (2,6 млн теңге) есебінен қомақты қосымша соманы алатын болады. Сондай-ақ «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша ата-аналар қандай да бір қолайсыз жағдайға тап болса, жоғары оқу орнына түскен кезде барлық соманы алуға кепілдік беріледі.

Р.Мақсұт

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!