Соңғы уақытта қазақстандық киноиндустрияның жаңа туындылары тек көрермен ғана емес, сала мамандарының да қызығушылығын тудырып, өзіне назар аудартуда. Ең қызығы, олардың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен немесе мәдениет министрлігі тарапынан қолға алынған дүниелер емес, керісінше, жеке бюджеті арқылы жас режиссер, сценаристердің жасап жатқан кинокартиналары. Бұл қазақстандық тың туындылардың қазақтардың көңілінен шығып жатқанын, сұраныстың барын көрсететіні анық. Себебі комедия жанры бұрыннан бар болғанымен әлі күнге дейін маңызы мен құндылығын жоймай келеді.

Сонымен «Джохан», «Бақыт», «Сенбе» сынды картиналардың қатары сәуір айының соңына қарай «Хотя бы кинода 2» туындысымен толықты. Бір жыл бұрын миллиондаған қаралымымен кинотеатрлардан да, ютуб желісінен де өз көрерменін жинаған туынды дубляж бен театр актеры Қайрат Әділгерейдің бастамасымен түсірілген еді. Бірінші фильмнің режиссері – Тимур Дулатов болатын. Ал екінші бөлімде киноның тізгінін Ернар Нұрғалиев ұстады. Бірінші бөлімі ютуб желісіне жарияланған 11 күннің ішінде 2 миллионнан астам қаралым жинады. Жалпы бірінші мен екіншінің айырмашылығы неде? Комедия неге жылатты? Киноның түсірілім барысы қалай, қайда өтті? Туынды авторларының мақсаты қандай? Осы сұрақтарға бірге жауап іздеп көрелік.
27 сәуірде ұсынылған екінші бөлім жыл басында, қаңтар мен ақпан айларының аралығында түсірілген екен. «Картинада жаз мезгілі болу керек. Сондықтан Араб әмірлігін, Индияны, Тайландты негізгі нұсқалар ретінде қарап көрдік. Климаты мен қаржылық жағына анализ жасай отырып, Тайландтағы Пхукет аралында түсіретін болдық. «Пхукет Тайландта орналасқан демесең, онда бәрі қазақтар» деген сынды әзіл-шыны аралас әңгімені естіген едім. Кино түсіруге барғанда шынымен де көзім жетті. Аралдың ең танымал даңғылында біздің актерлық құрамды көрген қазақтар фотоға түсіп, өзіміздің Алматыда жүргендей күй кештік.
Ал екінші бөлімнің артық­шылы­ғына тоқталсақ. Екінші бөлімде саясат, махаббат, достық тақырыбы да бар. Жанры жағынан комедия мен драма, мелодрама қатар жүреді. Сондықтан жаңа туындымыз қазақ кино прокатындағы жаңалық болып, көрерменді таңқалдыруы керек. Касса жағынан 2 миллиард теңге жинаса деген арманым бар. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Дегенмен таразыда көрермен талғамы бар, қазақша фильмге деген қолдау мен көзқарас бар. Нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз», – дейді Қайрат Әділгерей.
Мойындау керек, комедия – күрделі жанр. «Қашанға дейін қазақтар комедия түсіре береді? Режиссерлардың қолынан одан басқа ештеңе келмейді деген сынды сұрақ, кекесін сөздерді жиі естимін. Алайда кез келген дамыған мемлекеттің киноиндустриясына мән берсек, барлығы комедиядан бастаған. Мысалы, Корея дорама жанрына көшпес бұрын 30 жыл комедия түсірген. Көршілес Ресей де 20 жыл бұрын тек қана осы жанрда түсіретін. Қазақстандық киноиндустрия да осыған келе жатыр. Комедияда да драма бар. Күлкінің астарында қандай да бір сыр болады. Сондықтан нағыз қазақы фильм жасай алдық деп ойлай­мын», – дейді ол.
Айта кетейік, киноның екінші бөлімі елден қашып, жемқорлық жасаған шенеунік туралы. Шерхан Пірназар, Қанат Әлжаппаров, Дариға Бадықова, Қайрат Әділгерей, Олжас Абай, Қарлығаш Мұхаммеджанова сынды әртістер басты рөлде ойнайды. Кинорежиссер Ернар Нұрғалиев: «Киноның ерекшелігі – комедия мен драманың, экшнның қатар жүруінде. Сонымен бірге елдің комик ретінде көзі үйренген Қайрат Әділгерей драмалық рөл сомдайды. Осындай кішкентай бірақ маңызды дүниелер – басты ерекшелігі деп ойлаймын.
Сыбайлас жемқорлық, халықтың қаржысын жымқыру, аға-көке мен таныс-тамыр арқылы алаяқтық жасағандар негізгі кейіпкерлер екенін атап өттік. Еліміздің әр саласын­да кезде­­сетін жемқорлық жыл сайын артпаса, кемімей тұр. Finprom.kz порталының жазуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында елде 414 адам жемқорлықпен ұсталған. 414 күдіктінің ішінде 307 адам ауыр, 88 адам орташа, 16 адам аса ауыр, 3 адам ауыр емес қылмыс жасаған. Ал өңірлік тұрғыда сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктердің көбі Астанада тіркелген: 64 адам, бір жыл бұрынғыдан 14,3%-ға артық. Демек көрерменнің ықыласынан шығуының тағы бір себебі – тақырыптың жақындығы, шынайылығы болу керек.
– Өзім дубляж саласында жүргендіктен, қыр-сырына қанықпын. Осыдан он шақты жыл бұрын дубляжға не театр, не кинода өзін көрсете алмаған, дарынсыз актерлар барады деген сынды жаңсақ, жаттанды түсінік бар еді. Ал қазір халықтың да, кино жанкүйерлерінің де бұған көзқарасы өзгерді. Керісінше, дубляж актеры сұраныстағы маман. Өйткені ол театрда да, кинода да , дубляж бағытында да қызмет атқара алады. Дубляж – менің қара шаңырағым. Өйткені пандемия кезінде әр салада құлдырау жүріп, жұмыс сұрап барғанымда екі бірдей театр бас тартып, ұлттық арнаның дубляж бөліміне жұмысқа тұрған едім. Әлі күнге дейін сонда қызмет етудемін. Оның алдында «Казмедиа» Астанаға ауысқанға дейін Алматыда жүріп қанша жыл тәжірибе жинадым. Мен үшін бәрінен ыстық, биік.
Менің жеке парақшамдағы эфирлардан жұмыс барысын көргендер қырып ақша табады деп ойлап жатады. Алайда бұл салаға енді ғана көңіл бөлініп келеді. Алатыным – 130 мың теңге айлық. Сонда да дубляжды тастағым келмейді. Мәселен, телеарналар жас, жаңа дауыстарды шығарғысы келеді. Біз оларға бар білгенімізді үйретіп, тәжірибе береміз. Жастар да сәйкесінше үйреніп шығады. Бірақ осындай айлықпен жұмыс істеуге қарсы екенін айтып, кетіп қалады. Яғни, дубляж бен театрдың жайы бірдей. Кім өз жұмысын сүйеді, сол ғана соңына дейін қалады. Айлыққа, басқаға көз жұмып, сүйікті ісімен айналысуды жалғастыра береді. Мемлекеттен бөлек қолдау көрсетіліп, жағдай жасалмаса, жаңа дауыстардың келуі қиын, – дейді дубляж актеры.
Сонымен шынайы өмір шындығы мен көркем шындықты түйістіре білген кинотуындының артықшылығын ұғынған жұрт кинотеатрға ағылып, әлеуметтік желіде жылы пікірлерін жарыса жазуда. Ал жарыққа шыққан жаңа туындыны бірге қолдайық. Қазақтың тілі мен қазақтың киносы жасасын!

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!