Самалға тербелген Сырдарияның төріндегі Руханият орталығы ауданға қарасты руханият, мәдениет нысандарын өн бойына сыйдырып, тарихи жәдігерлер мен қазба байлықтарына толы мұраға айналғандай. Жарқын болашаққа бастар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды жиған бұл нысанға алғаш келуім. Шіркін, мұнтаздай таза, зәулім ғимаратқа келушілер қатары да қалың тәрізді. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Салтанат Қуандықова жылы шыраймен қарсы алды.
– Қазір біз осындамыз. Жаңа ғимаратқа келдік. Мерейлі мерейтойымыз музейдің 30 жылдығы қарсаңында келгеніміз де бір ерекшелік болды, – деді ол жол бастап келе жатып.
Қойнауы тарихқа тұнған ауданның төріндегі бұл нысан – ғылымның, мәдениеттің, білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін ғылыми мекеме. Елдің өткені мен бүгінін жалғап, тарихтың тамырын тартып тұр.
– Музей – тарих айнасы, ұлттық рухтың көрсеткіші. Еліміздің егемендігімен бірге санамыздың да тәуелсіз болып, тарихымызды түгендеп, тегімізге тереңдеп, төрімізге озған тәуелсіздігімізді асқақтату музей қызметінің басты міндеті. Аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылып, 1993 жылдың наурыз айынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып, 1996 жылдың сәуір айынан бастап Тереңөзек аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. 2017 жылы музейге қосымша ғимарат беріліп, «Еңбек даңқы» залы ашылды, – деді Салтанат Нұрмағанбетқызы.

Өткен жылдың ақпан айында музей «Руханият» орталығына қоныс аударды. Сол уақыттан бері аудан тұрғындары мен мектеп оқушылары заманауи үлгіде жасақталған музей экспозициясымен танысып, ауданның тарихы жөнінде мол мәлімет алуда. Әсіресе музейге келушілердің экспозицияны жасанды интеллект арқылы тамашалауы ерекше әсер қалдыруда. Сонымен қатар ғимараттың төменгі бөлігінен берілген қор бөлімі де тиісті талаптарға сәйкес жасақталып, музей қорындағы жәдігерлердің дұрыс сақталуы, температурасы мен орналасуы қамтамасыз етілген.
Тағы бір елең еткізер жаңалық – ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылында «Нағи Ілиясов ауылының тарихы» бөлімі ашылып, реэкспозиция жұмыстары жасалды. Батыр атындағы ауылда рухты көтеретін осындай ерек дүние қолға алынды. Бұл да бір керемет істің нәтижесі болса керек-ті. Айта кетейік, мұндай үлгідегі, яғни, қоғамдық негізде құрылған 7 музей бар. Алдыңғы қатарда Бесарық ауылындағы қоғамдық музей тұр. Осы жұмыстардың басында Сырдария ауданының Құрметті азаматы, тарихшы Нұрмағанбет Ибадуллаұлы мен өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы бар. Олар елдің тарихымен сабақтас шежірені, құнды жәдігерлерді зерттеп, елдің ертеңгі тізгінін ұстар ұландардың санасына сіңіріп жүр. Әрине, бұл – үлкен жауапкершілікті іс.
Әңгіме қоғамдық музей бағытына бұрылған соң, айта кетпеске болмас. Қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы, қоғам қайраткері Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл толуына орай, Қызылорда қаласындағы «А.Тоқмағамбетов атындағы қоғамдық музейінің» көрме залына ішінара толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Ал Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Н.Ілиясов ауылының тарихы» бөлімі ашылып, реэкспозиция жұмыстары жасалды. Жаңартылған бөлімде ауылдың қалыптасу кезеңі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек адамдарының жетістіктері мен тарихи тұлғалар туралы тың деректер мен құнды жәдігерлер кеңінен ұсынылды. Экспозиция заманауи талаптарға сай безендіріліп, тақырыптық мазмұны толықтырылып, келушілерге ақпаратты түсінікті әрі әсерлі жеткізу мақсатында жаңа форматта ұсынылды.

Музей ісінде аудан көлемінде елеулі із қалдырған азаматтар жетерлік. Мекеме тарихында ұлт руханиятына жанашырлық танытып, жәдігерлерді іздеп жүріп жинаған, сөрені тек жәдігермен емес, ауданның өткен тарихымен толтырған тұлғалар бар.
– Аудандық музейді құру жолында елдің жанашыр тұлғалары басшылық қызмет атқарды. Мәселен, 1990-1997 жылдар аралығында музейді алғаш ұйымдастырған ұстаз, жергілікті ақын Сейтмұрат Ембергенов еді. Содан кейін «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Алмагүл Сайранқызы ұжымды 20 жыл басқарып, саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. 2016-2023 жылдары Сырдария ауданының Құрметті азаматы Марат Жүсіпәліұлы музей саласындағы ілкімді істерге өз қолтаңбасын қалдырды. Музейдің жәдігерлерінің толықтай жасақталу барысында өлкетанушы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің де еңбегі зор, – деді музей меңгерушісі.
Бүгінде тарихпен тілдесуге себепкер музейдің қорында 12113 экспонат бар. Оның негізгі қоры – 7322, көмекші қоры – 4791. Музей материалдары ауданның қалыптасу және даму тарихы, даңқты істері, өндірістік және мәдени өсуі туралы мәліметтер береді.
– Бүгінде музей экспозициясында Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, білікті аудан басшылары, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдер, Қазақстанның көрнекті жазушылары, ауданымыздың мақтанышына айналған ғұламалар мен ғалымдарымыз, дәрігерлер, қолөнер шеберлері мен суретшілер туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, музей жәдігерлерінің ішінде Аралбай батырдың қылышы, бес қару, ат әбзелдері, Абай тұтынған асадал (шкаф), Сауранбай болыстың кебежесі, ағаш табағы мен керсені, Марқа Қобландиннің сандығы, 200 жылдық тарихы бар шаңырақ, 1 ғасырлық тарихы бар ағаш төсек, киіз үйдің есігі (сықырлауық), түкті және тақыр кілемдер, тұскиіздер, қоржындар мен кесеқаптар, мыс көзелер және керамикалық көзе, қобыз коллекциялары, зергерлік бұйымдар, құнды қолжазбалар, түрлі деректі суреттер мен құжаттар, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Ш.Сейтмұратовтың, Ш.Сәменовтың Ж.Маханбеттің, Ж.Исмағұловтың туындылары – музейдің тарих шырақшысы, ұрпақтан- ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор тарихи орын екенін дәлелдей түскендей, – деді ол әңгіме арасында.

Музей қорындағы ағаш төсек кірген сәтте бірден көзге түседі екен. Жасалуы да ерекше. Бас жағы мен аяқ жағы көтеріңкі келеді. Ағаш төсекке мән беріп қарап тұрғанымда Салтанат Нұрмағанбетқызы жәдігердің ерекшелігіне одан сайын тереңдей тақырып тарқатты.
– Негізінде мына ағаш төсекте адам тегіс жата алмайды. Байқап тұрсаңыз, бас жағы мен аяқ жағы көтеріңкі. Қазір дәрігерлер басың мен аяғың сәл көтеріңкі жатса, адамның денесі дем алады дегенді айтып жүр. Демек, біздің бабаларымыз медицинаны ғасырлар бұрын білген. Не деген көрегенділік десеңші. Менің таңданар тұсым осы, – деді төсекті ұстап тұрып. Тарихы да, пайдасы да шаш етектен екен.
Музей қоры жыл сайын толықтырылып келеді. Мәселен, «Музейге сый» акциясы ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы бар құнды дүниелерді, ұлы тұлғалардан бізге жеткен жәдігерлерді жинақтау, кәсіби тұрғыда сақтау, көпшілік назарына ұсыну мақсатын айқындаған. Кейінгі уақытта бұл акция үздіксіз жүргізіліп келеді.
– Музей қорындағы жәдігер санының артуына бұл бастаманың қосар үлесі зор. Атап айтар болсақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жерлестеріміз соғыс және еңбек ардагері Зинаддин Лекеров, Болат Нұрсейітов, Маханбет Бержанов, Арғынбай Сырғабаев, Беркінбай Кәденов, Әбдібахит Нұрманов, Спандияр Сманов, Сүйеубай Тасқынбаев, Асан Көшербаев, Темірғали Қауышев, Әбіл Таңсықбаевтың орден-медальдары, құжаттары, тұтынған заттары музей қорына қабылданып, зал экспозициясынан орын алды, – дейді Салтанат Нұрмағанбетқызы.

Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінде 13 адам жұмыс істейді. Сала мамандары ғылыми, тарихи негіздегі мәліметті тереңнен зерттеп, жергілікті халыққа ұсынады. Олардың ұлт руханиятын байыту жолындағы еңбегі орасан зор.
Музейдегі құрмет кітапшасында елге белгілі көп азаматтың қолтаңбасы бар. Олардың қатарында Болгария Республикасының азаматы Семьен Пешов, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, халық қаһарманы Роза Бағланова, ақын Қайырбек Асанов, ҚР еңбегі сіңген мұғалім Сақыбек Алданазаров, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов, Бұқарбай батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров, қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетовтің балалары мен немерелері, Ақпарат және қоғамдық министрлігінің қызметкері Ғазиз Телібаев, әнші-сазгер Тінәлі Әшірбек, Қазақстан Өкіметі кеңсесінің жауапты қызметкері Бисенғали Баспақов, ардагер Камал Бердаулетов, республикаға аты белгілі ақын, аудармашы Сейфулла Оспанов, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы Қуандық Түменбай, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Әбішев, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Парламент Сенатының депутаты Д.Досмамбетов, «Хабар» теле-арнасының қызметкері Сағатбек Қалиұлы, «Алтын Орда» журналының бас редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулетұлы, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, ҚР мемлекеттік қызмет ісі бойынша басқарма агенттігінің бас маманы Жазира Жылқышиева, Қазақстан Теміржолының алғашқы генерал қызы, профессор Рысты Хасенова, Сенаттың Халықаралық қатынас қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ақын Қадыр Мырза-әлі, ҚР Мәдениет вице-министрі Ғ.Тұрысбекұлы, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір бар. Олардың әрбірі музей қызметкерлерінің жұмысына оң бағасын беріп, құрмет кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырған. Бұл кісілердің бірі келместің кемесіне мінсе, көпшілігі ел игілігіне қызмет етіп жүр. Әрине, осындай тұлғалардың оң бағасын беріп, құрметті қолтаңбасын қалдырғаны біз үшін – үлкен мәртебе.
Аудан көлеміндегі ортағасырлық тарихи қалалардан табылған мұралар да музей төрінде тұр. Мәселен, Жетікөл ауылындағы Асанас пен Қоғалыкөл ауылындағы Қышқаладан табылған жәдігерлерге арнаулы бұрыш қойылған. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы тамыз айында Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылынан оңтүстік-батыс бағытта 22 шақырым қашықтықта орналасқан Тораңғылсайдың ескі арнасының сол жағалауындағы ортағасырлық Асанас-3 қалашығында музейлік шағын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Аталған қалашық туралы ғылыми мәліметтерді осы экспедицияға қатысқан Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әкімжан Әжікенов «Сыр қойнауындағы тарих: Асанас-3 қазбалары» тақырыбымен аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде көпшілік назарына ұсынды.

– Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық экспедициясы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жетікөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан Тораңғылсайдың ескі арнасының сол жағалауындағы, ортағасырлық Асанас-3 қалашығына шағын археологиялық зерттеу қазба жұмысын жүргізді. Шағын археологиялық қазба жұмысы қалашықтың орталық бөлігінде жүргізіліп, үлкен үйдің 2 бөлмесі ашылып, бұлардың шаруашылық бөлмелері болғандығы анықталды. Сондай-ақ шағын археологиялық қазба жұмысының нәтижесінде табылған артефактілерге лабораториялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның хронологиялық уақыты анықталды. Асанас-3 нысанынан табылған монета мен керамикалық ыдыс сынықтары, археолог ғалымдардың пікірінше, шамамен Алтын орда дәуіріне тұспа-тұс келеді. Ал үлкен Асанас маңында көбіне мекен еткен тайпалық қауым жергілікті оғыздар болғандығын білеміз. Асанас-3 үлкен Асанас қалашығынан шамамен 3-4 шақырым жерде орналасқан және осы орайда орналасқан жер аумағымен тарихы тығыз байланысты нысандар болғандығын көре аламыз. Сонымен қатар Асанас-3 нысанының астыңғы мәдени қабаты жоқ тек бір қабаттан тұратыны зерттелді. Нысанның өз заманында белгілі бір тұрақтайтын шаруашылық үйі болғандығы және де суфа мен бөлме қабырғалары, еден орны табылып отыр. Сонымен қатар кіші мал сүйектері, астық сақтайтын орын, және қос тандыр пеші бар. Нысанның аймағы белгілі бір қоршаумен қорғалған, арнайы орындарды байқауымызға болады. Осы тұста бұл жер өз заманында бекініс орны немесе әскери қоныс орны болуы мүмкін деген де тұжырымдамалар бар. Шағын археологиялық қазба зерттеу жұмыстарынан кейін, нысанды табиғи құбылыстардан, яғни жауын-шашын, қар суы эрозияларынан сақтау барысында қайта көміліп, рекультивация әдісі қолданылды, – дейді Сырдария аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әкімжан Әжікенов.
Әкімжан Әжікеновтің де осы салада білімі мен тәжірибе қоры жиналған. Талай додада топ жарып, алдыңғы орыннан көрініп жүрген азамат. Таяуда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Үздік музей қызметкері – 2025» облыстық байқауы өтті. Іс-шараға облыс көлеміндегі музей қызметкерлері қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынасты. Әр кезеңде үміткерлердің кәсіби дайындығы, жаңашыл көзқарасы, тарихи тақырыпты жеткізу шеберлігі бағаланды. Байқау қорытындысы бойынша Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, біз айтып отырған Әжікенов Әкімжан Ержанұлы «Үздік музей қызметкері – 2025» атағына лайық деп танылды.
Музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізі – аудан тарихын, өлкесін, тарихи ескерткіштерін, ауданның ауылшаруашылық саласын, білім, мәдениет және өнер қайраткерлерінің өмір жолдарын зерттеуге, олар жайлы деректер жинақтап, ғылыми негізде жүйелеуге бағытталған.
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері жоспар бойынша аудан көлеміндегі мешіт-медреселердің тарихы (ХІХ-ХХ ғғ.) жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Музей қызметкерлері ауданға қарасты А.Тоқмағанбетов ауылы маңында орналасқан Бабай ишан мешіті мен Зортөбе маңында орналасқан Нұран қожа және Басқынбай болыс нысандарына зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында іс-сапарға шықты. Жұмыс барысында қызметкерлер аталған нысандардың өлшемдерін алып, геолокациясын анықтады. Сонымен қатар іс-сапарға ғылыми хатшы А.Сайлау, А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғындары Тұрсынбек Сұлтанұлы мен өлкетанушы Жәнібек Маханбет қатысып, тарихи нысандар жөнінде тың деректер айтып, жинақтау жұмыстарына септігін тигізді.
«Аудан көлеміндегі мешіт-медреселердің тарихы (ХІХ-ХХ ғғ)» атты ғылыми жобасы аясында Шаған ауылының территориясында орналасқан тарихи нысандардың бірі – Тұрғанбай мешіт медресесінің орны мен тарихы зерттелді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде музейдің ғылыми қызметкері Ә.Әжікеновтың «Әлімсақ» Республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналының 2025 жылдың шілде айындағы санында «Өткен тарих белгісі – Тұрғанбай мешіті» атты мақаласы жарыққа шықты.
Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаларға да арнаулы бұрыш әзірленіпті. Қоғалыкөлдегі атақты Мұңайтпас Лапин мен Қожықовтар әулетінің тарихы көпшіліктің назарын аударарлықтай. Ел аузында Мұңайтпас бір баласын қасына алып қалыпты деген дерек бар. Бірақ әлгі ұлы зейінді, білімге құштар, талантты екен. Елдегілер «Мұңайтпас, бұл балаңды неге қор қылып жүрсің? Оқытып, көзін ашпадың ба?» дегенде Мұңайтпас алысқа көз тастап тұрып: «Бар баламды елге бердім, бұл балам өзімде қалсын» деп жауап қатыпты. Мұңайтпастың бір ғана Серәлісінің өзі қазақ халқына өлшеусіз үлес қосты. Басқа балаларының әрбірі бірі білімге, бірі өнерге құлаш сермеп, ұлттың ұлт болып қалуына атсалысқан. Күйеу баласы Қоңырқожа Қожықов қазақ балаларының медреседе білім алуына жағдай жасап, әліппе құрастырған. Тіпті, Қызылорданың атын қойған тұлға ретінде бүгінде тарихи жиындарда айтылып, баспа беттерінде жарық көріп келеді. Қоңырқожадан бөлек, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров сынды алып тұлғалар да – Мұңайтпастың күйеу балалары. Бір ауылдағы бір әулеттің ғұмыр дерегінде қазақтың ғасырлық тарихы сөйлеп тұрғандай. Белгілі өлкетанушы Жұмабай Байзақұлының мақаласындағы «Малы мен жанына береке дарыған Мұңайтпастың үш әйелі Бозша, Рзақия, Хадишадан тараған 19 ұл-қыз осы өлкеде ер жетіп, Алашқа қызмет ету үшін әлемнің түкпір-түкпіріне тарап жатты. Заманның ағымын аңғара білген сұңғыла жан Мұңайтпастың балалары алды Алмания, Ресейде білім алған, барам деген жеріне барған, алам дегенін алған, кілең «Сен тұр, мен атайын», атпал азамат болып өсті» дегенінің өзі әулеттің іргелі екенін байқатып тұр…

Айта кетейік, ғылыми қызметкер Зияда Шерімбетова Сыр өлкесінен шыққан Қоңырқожа Қожықовтың өмірі мен қызметі туралы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Қоңырқожа Қожықовтың ағартушылық, этнографиялық, ғылыми және саяси қызметіне қатысты тың деректер жинақталып, оның ұлт ұстазы ретіндегі тұлғалық келбеті тереңірек ашылды. Зерттеу жұмыстары «Дәуірлер тоғысындағы Сыр өңірі: тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына ұсынылып, ғылыми жинаққа енді.
Өткен жылы Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институтының Астана қалалық филиалының ғалымдары Гүлнар Мұқанова және Самат Жұматай Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейіне «XIX – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы халық емшілігі мен дәстүрлі медицина тарихы» жобасы аясында ғылыми іссапармен келді. Ғалымдар Садық ахунның емдік бағыттағы қолжазбалары мен кітаптарын, сондай-ақ емдік шөптерге қатысты материалдарды зерттеді. Сонымен қатар, музей қорындағы көнерген араб және төте жазуда жазылған тарихи қолжазбалармен танысып, олардың көшірмесін алды. Зерттеу нәтижесінде ғылыми қызметкер Зияда Шерімбетованың «Садық ахун Қодарұлы – халық емшілігі мен діни-ағартушылықтың көрнекті өкілі» атты жұмысы «ХІХ–ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы емдік және халықтық медицинасының тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияғы ұсынылып, жинаққа енді.
Иә, осындай тарихты тал бойына сіңіріп, барлығын түсіндіріп, оқиғаны сөзбен сурет салғандай жеткізген Салтанат Нұрмағанбетқызы әлі де болса музей ісі алға басып, жұмыстың қарқын алатынын айтты. Биылғы отыз жылдық мереке қарсаңында да ауыз толтырып айтарлықтай шаруа бар. «Оның барлығын уақытында көреміз» деп қысқа қайырды.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!