Әйелдер футболы Қазақстанда жыл сайын қарқын алып, бәсекелестік жоғарылап келеді. Биылғы маусымда жанкүйерлер назарын өзіне аударған командалардың бірі – Қызылорданың «Қайсар» қыздар командасы. Турнирлік кестеде үздік үштіктің қатарында келе жатқан ұжым тұрақты ойынымен, тәртіпті тактикасымен және жеңіске деген жігерімен ерекшеленіп отыр. Бұл нәтиженің артында күнделікті еңбек, жүйелі дайындық және бапкерлік құрамның тынымсыз жұмысы жатыр.
Команданың қазіргі жағдайы, маусым барысы, алдағы мақсат-міндеттері мен әйелдер футболының дамуы турасында «Қайсар» қыздар командасының бас бапкері Берік Сансызбаевты ашық әңгімеге тартқан едік. Білікті маман команданың бүгінгі аяқ алысы, ойыншылардың әлеуеті, кездескен қиындықтар мен алдағы жоспарлары жөнінде кеңінен бөлісті.
– Берік Серікұлы, ашығын айтуымыз қажет, «Қайсар» қыздарының соңғы ойындары жанкүйерлерге қуаныш сыйлап тұр. Әрбір тур сайын жеңістің жағымды жаңалығы жетіп, тілекші болып отырмыз. Әңгімені команданың қазіргі турнирлік кестесінен бастасақ. Бұл нәтиже сіз күткендей ме?
– Арнайы сұхбат алаңына шақырып, шынайы тілекші болып жатқандарыңыз үшін «Ақмешіт жастары» ұжымына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Қаламдарыңыз мұқалмай, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.
Енді сауалға келетін болсақ, расымен қазіргі үшінші орын – қыздардың күнделікті еңбегінің жемісі. Бұған дейін де жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп, алдыңғы қатардан көрініп жүрдік. Бұл жолы да солай, үшінші орынды қанағат тұтып, тоқтап қалмаймыз. Жалпы, менің және команданың мақсаты бір. Ол – әр ойында сапалы ойын көрсетіп, мүмкіндігінше жоғары орын үшін күресу. Чемпионат әлі жалғасып жатыр, сондықтан негізгі бағамызды маусым соңында береміз. Сонымен қатар жергілікті жас ойыншыларды дамытып, олардың деңгейін көтеру біз үшін өте маңызды.

– Биылғы «Қайсар» қыздарының ойын мәнері өткен маусымнан несімен ерекшеленеді?
– Бапкер үшін әр ойын маңызды. Әрбір қарсыласқа алдын-ала тыңғылықты дайындық жүргіземіз. Қорғаныста сауатты өнер көрсетіп, шабуылда ұтымды шешім шығаруға үйретіп отырамыз. Биылғы жылы допты бақылауға, ойынды өзіміз басқаруға және шабуылды саналы түрде құруға көбірек көңіл бөліп жүрміз. Ойыншыларға алаңда тек берілген тапсырманы орындау емес, жағдайды бағалап, өз бетінше дұрыс шешім қабылдау талабын қоямыз.
Шынында алаңдағы жағдай тек ойыншыларға белгілі ғой. Сосын алаңның жиегінде тұрып әрбір сәтті бақылап отырған бізге мәлім. Қазіргі футболда команда доппен де, допсыз да біртұтас әрекет етуі керек. Допты жоғалтқан сәтте қорғаныс, ал допты жеңіп алған сәтте шабуыл басталады. Команда осы ауысуларға әрдайым дайын болуы қажет.
– Биылғы маусымдағы ең сәтті матч қайсы болды? Ал ең өкінішті ойын қайсы?
– Әр жеңістің өзіндік маңызы бар. Кейбір кездесулерде нәтиже қуантса, кейбірінде команданың мінезі мен ойын сапасы ұнады. Әрбір үйдегі ойындарда мүмкіндігінше ұпай жоғалтпауға тырысамыз. Олардың барлығы мен үшін сәтті болды. Ал жеңілген ойындар – біз үшін сабақ. Мен оларды тек өкініш деп емес, қай бағытта дамуымыз керектігін көрсететін тәжірибе деп қабылдаймын және соған сай әрі қарай қозғалыс жасаймын. Айта кету керек, менің де айналамда шоғырланған бапкерлік құрам бар. Олардың барлығы әр күн сайын өзгерістерге дайын. Құрамның толыққанды ойындарға дайын болуын назарда ұстайды. Сондықтан бірге ауызбіршілікпен атқарылып келе жатқан жұмыстың да нәтижесі түбінде жақсы жемісін береді деп сенемін.
– Жалпы, Қазақстан чемпионатында Шымкент қаласының БИИК командасы мен Ақтөбелік қыздардың басымдылығы айқын көрінеді. Себебі құрамында легионер ойыншылар бар. Алдағы уақытта Қайсардың қыздар құрамасына легионер қосу жоспарда бар ма?
– Рас. Бұл екі команда туралы көп айтуға болады. Еурокубокта бақ сынап, тәжірибе жинақтаған ұжымдар. Құрамындағы легионерлер де сәтті өнер көрсетіп келеді. Ал шындығына келетін болсақ, сапалы легионер команданың деңгейін көтере алатынын сіз де жақсы білесіз.
Бірақ біз үшін тек шетелдік ойыншы алу мақсат емес. Егер командаға нақты пайдасын тигізетін, бәсекелестікті күшейтетін футболшы болса, әрине, қарастыруға болады. Тағы да айтамын, біз үшін маңыздысы өзіміздің жергілікті қыздарды дамыту басты бағыттардың бірі болып қала береді. Ал ол үшін жұмысты жоғары деңгейде алып жасай беремін.

– Биыл құрамда айқын көзге түсіп жүрген ойыншылар бар. Негізгі командадағы көшбасшы кім? Жас ойыншыларға көп сенім артасыз ба?
– Қандай жұмыс болмасын бірлік болған кезде жемісін береді. Сол секілді команда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана қалағанына жетеді. Сондықтан мен командамда бір ғана ойыншыны «көшбасшы» деп бөліп айтқым келмейді. Өйткені, олар – бір ұжым, бір отбасы.
Өзгелер секілді бізде де тәжірибесімен, мінезімен немесе алаңдағы әрекетімен команданы алға сүйрейтін бірнеше футболшы бар. Олар өздерін алаңда қалай, одан кейін қалай ұстау қажет екенін жақсы біледі. Кейінгі буын жас ойыншыларды да жаттығу барысында бақылап, ақырын құрамға қосуға болады. Яғни, жас ойыншыларға міндетті түрде мүмкіндік береміз. Бірақ мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те болуы керек. Сол үшін психологиялық тұрғыдан да жан-жақты дайындап, алаңда еркін қозғалып, қысымда қалмауын ойлап отырамыз.
– Матч алдында ойыншыларға не айтасыз? Сондай-ақ жеңілістен кейін команданы қалай қайта жігерлендіресіз?
– Үйдегі ойындарға тұрақты келуші жанкүйерлердің бірі өзіңіз. Ойын алдындағы киіну бөлмесіндегі жағдайды білмеуіңіз мүмкін. Алайда ойыннан кейінгі алаңдағы жағдайды көзбен көріп жүрген боларсыз. Мен үнемі қыздарыма сенемін және олармен мақтанамын.
Жоғарыда айтып өткендей, матч алдында киіну бөлмесінде ең алдымен қыздарға өзіміздің жұмысымызға, ортақ жеңіске сенуді айтамын. Қарсыластың атына немесе турнирдегі орнына емес, өз ойынымызға назар аударуымыз керек екенін жеткіземін. Ал жеңілістен кейін эмоциямен бір- бірімізден кінә іздемейміз. Кездесуді талдаймыз, қатені анықтаймыз, сабақ аламыз да әрі қарай жүреміз. Жеңіліс бізді әлсіретпеуі, керісінше күшейтуі керек. Жаман болдық па, бәріміз жаманбыз. Жақсы болдық па, бәріміз жақсымыз.
– Ұзақ жылдар бойғы білікті бапкер ретіндегі тәжіибеңізге сүйене отырып әйелдер футболына қызығушылық неге әлі де төмен екендігіне тоқталсаңыз.
– Қысқа-нұсқа, менің ойымша – мәселе футболдың сапасында емес, оны халыққа дұрыс жеткізуде. Әйелдер футболын көбірек насихаттау, матчтарды көрсету, әлеуметтік желілерде контентті көбейту, мектептермен жұмыс істеу қажет. Қыздар футболын халық көбірек көрген сайын қызығушылық та артады.
– Ендеше, әйелдер футболына жеткілікті көңіл бөлінбей жатыр деген пікірге көзқарасыңыз қандай? Ал қазіргі күні сіздің командаңызға облыстың қолдауы қандай?
– Әйелдер футболында әлі де дамыту қажет бағыттар бар. Инфрақұрылым, балалар футболы, ақпараттық қолдау сияқты мәселелерге жүйелі түрде көңіл бөлу керек. Бары осы. Ал біздің командаға көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалаймыз. Сонымен бірге алдағы уақытта әйелдер футболының дамуына мүмкіндік одан әрі артады деп сенемін.
– Команданың алдағы екі-үш жылдық жоспары қандай?
– Жоспарымыз – бір маусымдық нәтиже емес, тұрақты жүйе қалыптастыру. Жергілікті футболшыларды дамыту, жас ойыншыларды негізгі командаға дайындау және чемпионатта жоғары орындарға тұрақты таласатын команда құру. Әр жыл сайын бір қадам алға жылжуымыз керек. Жылдар бойы осы салаға тереңірек үңіліп, жетістікке жетуді қаладық және сол үшін еңбек етіп келеміз. Енді біз қалаған күндер жақындап келеді деп сенемін. Алдағы 2-3 жылда Сыр жұртын «Қайсар» командасының қайсар қыздары жағымды жаңалықпен қуантатын болады.
– Қызылордалық жанкүйерлер көбіне қыздардың үйдегі ойындарына келе қоймайды. Өзіңіз білетіндей ойыншылар үшін жанкүйердің қолдауы аса маңызды. Кезекті турларға жанкүйерлерді көптеп шақырту үшін қандай амал қолдану қажет деп ойлайсыз?
– Әрине, командаға жанкүйерлердің қолдауы үлкен септігін тигізеді. Өздерін алаңда еркін сезініп, артында тұрған үлкен күштің бар екенін біліп, жігерленіп, жеңіс сыйлауға тырысады. Бұл әлемде дәлелденген жағдай ғой.
Ал жанкүйерлер көптеп келу үшін бірінші кезекте біз өзіміз жақсы ойын көрсетуіміз қажет. Олай болмаған күннің өзінде бәрі бекер дей беріңіз. Жанкүйер команда үшін күресіп жатқан футболшыларды көрсе, стадионға өзі үшін келеді. Сонымен қатар бүгінгі ақпараттық әлемнің қарқыны қызу жүріп тұрған уақытта әлеуметтік желі, клубтық контент, мектептер мен жас футболшыларды матчтарға шақыру сияқты сапалы жұмыстар қажет деп есептеймін.
«Жарғақ құлағы жастыққа тимей» құрамаға қолдау көрсетіп жүрген тұрақты жанкүйерлеріміз бар. Десек те, қызылордалық жанкүйерлерді біздің қыздарға қолдау көрсетуге шақырамын. Келіңіз, өңірдің абыройы үшін жасыл алаңда терлеп жүрген жерлестеріңізге қолдау көрсетіңіз!
– «Қайсар» қыздарының тарихы әлі жазылып жатыр. Сіздің тұсыңызда сол тарихтың соңы қандай нүктемен аяқталғанын қалар едіңіз?
– Мен үшін ең маңыздысы – тек бір нәтиже немесе бір орын емес. Менің тұсымда «Қайсар» қыздары мінезі бар, өз ойын стилі қалыптасқан, жеңіс үшін соңына дейін күресетін команда ретінде есте қалса деймін. Әрине, сол еңбектің нәтижесі үлкен жетістіктермен, жүлделермен жалғасса – бапкер үшін одан асқан қуаныш жоқ.
– Енді өзіңізге қатысты бірнеше сауалға тоқталсақ. Қазіргі күні жаттықтырушы болып келе жатқаныңызға қанша жыл болды? Алдағы жеке жоспарыңыз бар ма? Басқа өңірдің клубтарынан ұсыныс түспеді ме?
– Жаттықтырушылық жолда жинаған әр жылым мен үшін үлкен тәжірибе мен сабақ болды. Бұл мамандықта үнемі ізденіс, оқу және өзіңді дамыту аса маңызды. Сондықтан менің басты мақсатым – кәсіби деңгейімді көтеріп, заманауи футбол талаптарына сай дамуды жалғастыру.
Қазіргі таңда бар назарым «Қайсар» қыздар командасында. Ұжымды тек чемпионатқа қатысатын емес, жоғары мақсат қоятын, тұрақты нәтиже көрсететін, өз ойын мәнері қалыптасқан мықты команда деңгейіне жеткізгіміз келеді.
Менің үлкен мақсаттарымның бірі – «Қайсар» құрамасын Қазақстан чемпиондығына алып келу. Одан кейінгі мақсат – командамен бірге УЕФА Чемпиондар лигасына жолдама алып, Қызылорда әйелдер футболын халықаралық деңгейде таныту. Әрине, бұған жету үшін уақыт, жүйелі жұмыс, сапалы дайындық және барлық тараптың қолдауы қажет. Сәтін салып сол күнге жетсем деймін.
Басқа клубтардан ұсыныстар болуы мүмкін, футболда мұндай жағдай қалыпты. Бірақ қазіргі таңда мен үшін ең маңыздысы – «Қайсармен» бастаған жұмысымды жалғастыру, командамен бірге өсу және алдымызға қойған мақсаттарға жету.
Бапкер ретінде алға қарай қадам басу жалғаса береді. Десек те жеке басымнан бұрын мен үшін команданың жетістігі маңызды. Егер «Қайсар» чемпион атанып, Чемпиондар лигасында ойнайтын деңгейге жетсе, бұл мен үшін де, ойыншылар үшін де, жалпы Қызылорда футболы үшін де үлкен жетістік болар еді.
– Арнайы уақыт бөліп, ашық әңгіме өрбіткеніңіз үшін рақмет. Қыздардың бағындырар белесі көп болсын! Жеңісті күндерде жолығайық!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!