«Қайырымды істер марафоны» аясында әлеуметтік желілерге халықтан киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдаймыз деген хабарландыру жарияланды. Жомарт жандар табылды. Әлеуметтік дүкенге жеткізілген 3000-нан астам киім-кешек, 10 тұрмысқа қажетті зат кезекті жәрмеңкеде тұрмысы төмен отбасыларға таратылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық волонтерлер фронт офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов хабарлады.
«Облыстық жастар орталығына келе алмайтын жандарды ескеріп, біз апта сайын әр шағын ауданда көшпелі жәрмеңке ұйымдастыруды жөн санадық. Нәтижесінде Баламекен елді мекенінде, Сабалақ және Ягодка саяжайында тұрғындарға киім-кешек тараттық. Алдағы уақытта Белкөл кентіне бару жоспарда бар. Жәрмеңке аясында 600-ден астам отбасына халықтың қолдауымен әлеуметтік көмек, сондай-ақ мүгедек жандарға 7 арба, 3 ходунок, 2 балдақ берілді», – деді ол.
Қайырымды істер бастамасы мұнымен біткен жоқ. Өткен айда Арал ауданына облыс кәсіпкерлерінің, мешіт имамдары мен жамағаттарының, ерікті жастардың қолдауымен 12732 бау шөп жөнелтілді. Шиеліде де тұрмысы төмен бір отбасына үй берілді. Ал, Қазалы ауданы, Бірлік ауылдық округ әкімі аппараты және ауылдың ерікті жастарының бастамасымен «Рамберді ишан» мешіті жанына мешіттің жабдықтарын қоятын сарайдың іргетасы қаланды.
Тағы бір қуанышты жаңалық, Қызылорда қаласының Сабалақ саяжайында тұратын екі мүгедек баласы бар отбасына кәсіпкерлердің қолдауымен баспана берілді.