Қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған талай тұлғаның туған жері – Қоғалыкөлде өнерімен өрге жүзіп жүрген бүгінгі жастар да жетерлік. Кешегі қазақ театрының анасы атанған Сәбира Майқанованың, атақты Қожықовтардың туған жерін бүгінде әнімен әлдилеп жүрген күміс көмей Гүлзат Құдайбергенқызы талантымен тау биікті еңсеріп келеді. Дарынды жас кішкентайынан ән өнеріне жақын болды. Бүгінде Қоғалыкөл жұртшылығы қазақтың қараторы қызының өнеріне тәнті.

– Бұл талант менің ата-анамнан, арғы жағында Сәбира Майқановадай аналарымыздан дарыған. Талант дегеніңіз жеміс ағашы тәрізді, күтіп-баптамасаң, ұшып кетеді. Басқа қонған бақ десек те жарасардай. Сондықтан, өнер қашан да өзіммен бірге. Жанымда серігім, сырласым, мұңдасым. Көңілің құлазыса да, шаттанып, қуансаң да, ән – адамның таптырмас досы. Қазақ театр өнерінің дамуына елеулі ықпал еткен атақты Сәбира Майқанова – менің әкемнің апасы. Әкемнің де театр өнеріне бір табан жақындығы болды. Көзі тірісінде көптеген өнер бәйгелерінде ауылдың атын шығарып, туған жердің даңқын асқақтатты. Бүгінде осылай жалғасқан өнер маған қонды, оны ары қарай дамытып, биік шыңдарды бағындыру – перзенттік парызым, – деп бастады әңгімесін Гүлзат Құдайбергенқызы.
Иә, қазақтың ауыл дейтін қарашаңырағынан, қасиетті туған топырағынан ұзамай, «Ел іші – өнер кеніші» деген ұстанымды алға тартқан ұлағатты жастың алда да алар асуы айқын. Бүгінде жетістік желкенін керіп, оқушылық кезден бастап жиған олжаларын арттыру үстінде келеді. Талай рет аймақтық, облыс­тық, республика­лық ән байқауларының бас бәйгесін қанжығасына байлаған. Айбынды елдің арда туған ұландарының қатарында өз биігін еселеп келеді. Ұлы Жеңіс мереке­сіне орай өткізілген «Отты жылдар әуені» ән байқауының, халықаралық «Alash Star» өнер байқауының вокал бағыты бойынша және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай өткен «Талантты жастар» халықаралық өнер мен білім байқауында бас жүлдені қанжығасына байлап, биікті бағындырған. «Абай – дана, Абай дара қазақта» атты шығармашылық байқауының І дәрежелі жеңімпазы. Талантты жастың жетістіктер қоржынында мұндай сан алуан жеңістер жетерлік. Өнер адамы елдің адамы болу керек деген ұстанымдағы ұлт мақтанышы Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауда белсенділік танытып, жоғары марапат иесі болды.
– Менің ойымша, өнерді бағалай білу керек. Өнер – үйренетін, жаттап алатын нәрсе емес, таланттың сәл де болса, ұшқыны адам баласының тумысынан қалыптасу керек. Алып Абай айтқан, талап, еңбек, терең ой сол өнерді дамы­тады. Әрине, ұстаздардан үйренер нәрсе көп, олар өнерді дамытуға септеседі. Өнердегі де, өмірдегі де ұстаздарым көп. Қандай да бір жақсы нәрсе үйреткен жан болса, сол менің ұстазымның қатарына кіреді. Өйткені, ұстазға бай жанның өмірде де алар асуы мен шығар шыңы мол болады. Өмір мектебінде алғыр болмасаң, шыңға шығуың қиын, – дейді талантты өнерпаз.
Иә, қазақ қыздарына тән бар қасиетті бойына сыйдырған жас талант айбынды Алаштың асқақ армандарына өнерімен бірге бет алды. Қазақтың ұлттық өнерін ұлықтап жүрген жас талант ән өнерімен қатар тігінмен де айналысады. Бойына сан өнерді тоғыстырып, жарқын болашаққа беттеген жас жауапкершілік жүгін де сезінген.
– Атақты Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін!» деп, кесіп айтты емес пе?! Жастар – елдің қозғаушы күші. Мейлі, өнерде, білім мен медицинада, ауыл шаруашылығы мен саясатта – қай-қайсысында болсаңыз да, қоғам дамуына атсалыса аласыз. Мына ғаламда өз қызметіңіздің биігіне шығып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, қазақтың қазақылығын қарапайым ғана танытып жүрген әрбір жан – ел дамуына ат салысушы. «Қазаққа қызмет еттім» деп ұрандатып, тау көтерген Толағай болу міндетті емес. Бастысы, тәңір берген қасиетпен өз міндетіңізді орындап жүрсеңіз, болғаны, – дейді жас талант терең толғана.
… Сахна сәніне айналған өнерпаз әуелете ән шырқап тұр. Қазақ өнеріне ерекше ықыласпен қарайтын Қоғалыкөл жұртшылығы өнерпазына қолдауын көрсетіп, ықыласын танытуда. «Бәрекелді» демеске болмас. Өнерің өрге жүзсін, жас талант!

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!