Тимур Андижанов, хореограф

Оның өнерге деген құлшынысы өзгелерге ұқсамайды. Басқалар айналадан бір ғана құбылысты байқаса, оның шығармашылық әлемі сан түрлі бояуды көреді. Бүгінгі газет кейіпкері Тимур Андижановпен тілдесу барысында біз осындай талантты байқадық. Халықаралық хореографтар мерекесі қарсаңында жазылған сұхбат хас өнердің бірі − би тақырыбына арналды.

   − Тимур, осыған дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп психологы сынды мамандықтар бойынша білім алған екенсіз. Би әлеміне қалай келдіңіз? Әдетте қазақы қоғам ер баланың өнерге жақын болуын құптай бермейді. Бұл кедергі сізге де кездескен болар?!

– Иә, менің бірнеше мамандықтан кейін барып хореографияға кеш келуіме дәл осы қазақы менталитет әсер етті. Өйткені ауылдық жерде, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келгенмін. Әкем ертеректе қайтыс болған соң нағашы ата-әжемнің қолында өстім. Ол кісілер өнерге келуіме түбегейлі қарсы болды. Анам күні бойы жұмыста әрі өзім үйдің үлкені болған соң барлық жауапкершілік менде болды. Бала күнімде үйтірліктерімен жүріп, өнерден шет қала бердім. Қателеспесем, алтыншы сынып оқып жүрген кезім болу керек, «Бозторғай» байқауының аудандық іректеуінен өтіп, облыстық кезеңде испан биімен өнер көрсеттім. Қасымдағы қыздар кәсіби түрде дайындалған бишілер, ал мен болсам биді сол жердегі апайлардың көмегімен үйреніп алғанмын. Бірақ байқауға қатыссам да, сол күнгі үйдің тірліктері қараусыз қалған еді. Сондықтан анамнан ұрыс естіп, маған мүлде биге қатысуға тыйым салынды. Ал мен тек биге ғана емес, костюм тігуге, тамақ дайындауға, әрлеу жұмыстарын жасауға жалпы шығармашылық пен әдемілікке қатысты дүниелерге қызығатынмын. Мектеп қабырғасында жүргенде ақындар мүшайрасы мен Абай, Мұқағали оқуларына да қатысып жүрдім. Тоғызыншы сынып бітірген уақытта дәрігер немесе педагог мамандығынтаңдауым керек болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаудағы себебім, ол мамандық дикторлық пен жүргізушілікке, шығармашылыққа жақын болатын. Кейін екінші мамандық ретінде психологияны оқыдым. Осы салаларды үздік бітірген соң, ауылда бір жыл мектеп мұғалімі болып жұмыс істедім. Бірақ уақыт өте келе бұл саланың менікі емесін түсіндім де, хореграфияға кетуге шешім қабылдадым. Сол үшін екі жылда бір рет болатын жалпыреспубликалық кәсіподақтың ұйымдастыратын байқауына би жанры бойынша қатысып, бақ сынадым. Сол байқау кезінде Қорқыт ата атындағы университеттің мұғалімі Салтанат Сұлтанғазиева өнерімді бағалап, оқуға шақырды. 24 талапкермен бірге қайта ҰБТ тапсырып, грант негізінде оқуға түстім. Анам бұл уақытта да биші болуыма қарсылық білдірді. Оқу орнында менің қатарым болмаған соңбасқа талапкерлермен бірге кәсіби би өнерін үйрену маған  қиындық туғызды. Осылайша 25 жастан асқан уақытта менің өнердегі жолым басталды.

  • Ал «Реверанс» би ансамблі қалай құрылды?

− 2017 жылдары Назарбаев зияткерлік мектебінде тәрбиеші қызметін атқардым. Бірақ мендегі өнерге деген құлшыныс пен армандарым Шымкент қаласына баруға жетеледі. Сол қалада кәсіби білімі болмаса да алты ер баланы жинап, костюм тіктіріп, үш би түрін үйреттім. Ол балалар даяшы, студент, оқушылар еді. Соған қарамастан он сегіз күн ішінде мен оларды биге үйретіп, тойда өнер көрсететін «Реверанс» атты топ құрдым. Байқасаңыздар, тойда үнемі қазақша киінген қыздар ғана билейді, ал мен ерекше болсын деген оймен тек ер жігіттердің билегенін қаладым. Бірақ өзімді кәсіби маман ретінде көрсету үшін қайырымдылық концерттер, облыстық іс-шаралар, жыл сайын өтетін көрмелерге де қатысып жүрдік. Арада біршама уақыт өткен соң топқа қыздар қосылды. 2020 жылы сол құраммен, яғни жеті қыз, жеті ұлмен Тереңөзек кентінде «Туған жерге тағзым» деген есептік концерт бердім. Бірақ карантиннен соң бишілердің қайта сахнада өнер көрсетуі оңай болған жоқ. Десе де би қою барысында кәсіби шеберлікке баса мән беремін. Содан болар топтың жетістігі аз емес. Жуырда ғана Шымкент қаласында өткен би байқауынан бишілер бас жүлдені иемденіп қайтты. Өткен оқу жылында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметімді тастап, түбегейлі хореграфияға ауыстым. Әрі сол жылы «Тимур Андижановтың авторлық би студиясын» аштым. Студия қазір ақылы түрде жұмыс істейді. Құрамында 25 бала білім алуда. Олардың да жетістігі көңіл қуантады. Жоғарыда айтқан Шымкентте өткен байқауға 8 бимен, 44 бала апардым. Оның ішінде алтауы топтық би болды. Студиядадағы бір де бір баланы қалдырмай, жарысқа қатыстырдым. Өйткені ата-ана жол қаражатын өтеп отырған соң баланың ерекшелігін ескере отырып, кәсіби шыңдалғанын қаладым.  Содан бері барлық байқаудан бас жүлдені иеленіп келеміз.

Бишілердің тағы бір жетістігіне тоқтала кетсем, жуырда ғана облыстық «Таңшолпан» байқауы ұйымдастырылды. Жыл сайын вокал жанры бойынша өткізлетін шараға биыл хореография да қосылды. Бұл жерде уақыт аздығынан біз іріктеу кезеңіне қатыспай бірден финалға шықтық. Ережеге сәйкес болмаған соң, орын аламыз деп ойлаған жоқпыз. Бірақ мен үшін жүлделі орыннан бұрын бишілердің сахнада кәсіби түрде шыңдалуы, деңгейінің  жаңа бағытта дамуы маңызды еді. Финалда алты жігіт, алты қызбен шығыс биін ұсындық. Нәтижесінде біз екінші орынды иелендік.

  • Бұл салада сізді қандай мәселе алаңдатады?
  • Облыста кәсіби түрде жол көрсететін, жоғары деңгейде би байқауларын ұйымдастыра алатын ұстаздарымыз жеткілікті. Десек де әлі күнге дейін бұл жағдай қаржылық тұрғыдан шешім таппаған. Байқау кезіндегі дайындықты, костюмдерді, жол қаражатын ата-ана көтереді. Сондықтан бізге қолдау көрсетіліп келе жатқан жоқ деп айта аламын. Биыл «Балалар жылы» қарсаңында «Реверанс» би ансамбліне бес жыл, мектептегі би тобына үш жыл, студияға бір жыл толуына орай шәкірттерімнің шығармашылық концертін бергім келеді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін қалаймын.
  • Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ