Бала кезімізде бәріміз де қуыршаққа киім тіккенді ұнататынбыз. Оны әрлеп, қолдан келгенше әсемдейтін едік. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің өзі қуыршақтарға арнайы киім тігетін болған. Анығында Сабина Темірболат есімді бойжеткен әр ұлттың қуыршақтарына киім тігеді. Бүгінде қызығушылығы кәсіпке айналған. Себебі оның қолынан шыққан дүниелерге сұраныс артуда. Үйренгісі келетіндер де жетерлік. Бір қызығы Сабинаның мамандығы —информатик. Бұл салада жұмыс істемейді, себебі бүгінгі күні сүйікті ісіне басымдық берген. Өзге ұлттың киімдері қашанда көзге әдемі көрінеді, ал қуыршаққа арнайылап, ұқыппен кәсіби маманның тіккені ерекше үйлесім береді. Ол түрлі-түсті ою-өрнек пайдаланып, әр ұлттың ұстанымына мән беруде.

– Ұлт­тық өнер мен халқымыздың қолданбалы өнерін технологиямен ұштастыра отырып, кәсіп бастаудың орны ерекше. Жоба төңірегінде қолөнер бұйымдары сан түрлі шығарылатын болады. Ерекшелігі – қолөнер бұйымдардың ұлттық нақышта, сапасы сын көтеретін деңгейде болуы. Ең сұранысқа ие – ұлттық нақыштағы қуыршақтар коллекциясы. Осы коллекция жайлы толығырақ айтсам. Әрбір қуыршақ қолмен кестеленіп, әшекей бұйымдар арнайы тігіледі. 1 қуыршақ жасау үшін арнайы материалдарға тапсырыс беремін. Көбісі сумоншақпен, мақпал, велюр, жібек матасымен тігіледі. Бір қуыршақты жасау үшін шамамен 1 ай уақыт кетеді. Сатып алам деушілер саны көп.

Қазіргі таңда коллекцияда 30 шақты қуыршақ бар. Мысалы, түрлі ұлыс өкілдері бейнелеген топтамада 12 қуыршақ бар. Ұлттық киім – халықтың мәдениеті мен дәстүрінің айқын көрінісі. Әрбір ұлттың киіміндегі кез келген ою-өр­нек­тен қолөнердің озық үлгісін көруге болады. Одан тұрмыс, табиғатпен байланысын, тұтас дүниені бөлшектеп суреттеген бейнені көруге болады. Яғни, әрбір киімі аталған ұлттың дәстүрлеріне сәйкес жасалады. Тігілген әрбір дүниенің өзіндік мәні бар, оны киюдің, жас ерекшелігі, мерекелерге, мезгілге сай болуы ескерілді, – дейді Сабина.


Ісмер қыздың өнімдері әлеуметтік желі арқылы сатылуда. Қызығушылық білдіргендердің көбісі сыйлық үшін алады екен. Бастапқы тіккен 10 қуыршақ демде са­ты­лып кеткен.
– Ал­­ғашқы қуырша­ғымның киімі, тігісі де қарапайым болды. Көз тартар дүние шығу үшін шыңдалу қажеттігін түсіндім. Тігін әдістерінің, өю-өрнек салудың түрлерін ғаламтордан іздей бастадым. Шетелдік мамандардан матаға жаңа рең берудің алуан түрін меңгердім. Өз жұмысымның нәтижесін көріп, қолымнан келетініне көз жеткізген соң бұл іспен табыс табуға болатынын түсіндім. Алғашқы коллекциямда ұлттық киімдегі 10 қуыршақ болды. Жартысы бірден сатылып кетті. Алайда мен тек сатып, пайда табу үшін жасамаймын. Уақытымды өзіме ұнайтын жұмысқа арнау үшін тігінмен айналысамын. Қазір тек әйелдер костюмін тігемін, бірақ болашақта ерлер костюмін де тігуді де ойлаймын. Алдағы уақытта осы кәсіп түрін үйренемін деушілерге курс ашу жоспарлануда, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Кейіпкеріміз Ресейдің «Московская правда» ұйымдастырған қолданбалы өнер байқауына қатысқан. Қолөнер бұйымдары, соның ішінде орыстың ұлттық киіміндегі қуыршақ «Народное творчество» номинациясын иеленген. «Ерекше атап өтерім, менің жұмыстарымды бірнеше шетелдік маман бағалады. Қуыршақтар мен жасалу үлгісін голливуд жұлдыздарына киім тігумен айналысатын американдық танымал дизайнер, модельер Ник Верреос жоғары бағалады. Жұмыстарым әлеуметтік желіде жақсы танымал. Қуыршақтардың қазақи киімде бейнеленгенін көрген шетелдік дизайнерлер сұлулығына тамсанады», – деді ол.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!