Бір ауыз сөзге бір елдің тағдыры байланғанын байыптаған қазақ халқы қашан, қай жерде, қалай сөйлеу керегін білген. Қағытпа қалжың, астарлы әзіл, топ ішінде сөз бастаған шешендіктің сыры да осы сөздің киесінде.
Құдай ең әуелі сөзді жаратты десек, жер бетінде соңғы қазақ қалғанша, қалжың мен қара сөздің қаймағы өлмейді. Соңғы жылдары қазақ сатирасының жаңа бағыттарда жандана бастауы соның дәлелі. Кеңес одағынан жеке шығып, тәуелсіздігімізді жариялағалы бері жастар арасында КВН ойындары танымал болды. Кейін 2000 жылдары соның қазақша нұсқасы ретінде Есен Елеукеннің бастамасымен «Жайдарман» ойындары тұрақты ұйымдастырыла бастады. Қоғамға өз үнін анық жеткізіп, өз көрерменін қалыптастыра білген жайдарманшылар әлі күнге дейін әр аймақта іріктеу ойындарын өткізу арқылы республикалық деңгейін жоғалтпай келеді. Дегенмен әзіл өнерінің даму жолында тағы бір жаңа бағыт пайда болды. Ол – қазақша стендап.
Аталған заманауи әзіл түрі бір адамның күнделікті өмірдегі «қожанасырлығын» көрсетеді десек болады. Сол әпенділігін әшкерелей отырып, көрерменді күлкіге қарық қылады. Жастардың дені «Жайдарман» ойындарына, белгілі әзіл-сықақ театрларына барғаннан гөрі осы жеңіл әзілдерді жиі тыңдайды. Ойға қонымды, жүрекке жұмсақ әрі санаңызға салмақ түсірмейді. Стендаптың басты айырмашылығы да, артықшылығы да жеке авторлардың, комиктердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік беруінде сынды. Оның отаны – Ұлыбритания. Бірақ бізге бұл бағыт Батыс не Еуропадан енген жоқ, көрші Ресейден келді. Ең қызығы, бұл жанрды орыстардың ортасында жандандырған қазақ баласы, белгілі стандапер – Нұрлан Сабуров. Ол үнемі өз ұлтын, әйелін және қызын әзілге қосады. Аздап пафосқа толы шынайы оқиғалар желісін көрермен жылы қабылдайды. Ол сөйлеу мәнерімен, мимикасымен, әртістігімен баурап алды. Ең күлкілі нәрсені байсалды жүзбен жеткізеді. «Мен қазақты мазақ қылмаймын, мақтанышпен айтамын. Мысалы, менің әзілдерімді қазақ аудиториясының қабылдауы екіұдай. Біз, қазақтар, жайдарлы халықпыз, бірақ біреуді күлкіге қалдырғанды ұнатпаймыз. Ресейде бөлек. Мұнда олар өздеріне де, басқаларға да бірдей күле қарайды», – дейді өзі.
Сонымен Қазақстанда соңғы 2 жылда қанаттанып, қоғам назарын аудара бастаған стендап комиктер­дің өнері қызыл­ордалықтар үшін де бейтаныс емес. Өңір жастарының жайдарман ойындарынан жүлделі оралуы қалыпты жағдайға айналған. Жақында «Orta» ресурстық орталығында белсенді жас Ақтілек Темірбайұлы­ның ұйымдас­тыруы­мен алғаш рет қызылордалық стендаптың тұсауы кесілді. «Orda gon stand up» ұжымының өнерін тамашалауға, бір сәтке тұрмыс пен тіршіліктен демалыс жариялап, көңіл-күйін көтеруге келген көрермен­нің қарасы қалың. Сахнаға шығып, жеке шығар­машылығымен таныстырған спикерлер 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар екенін байқадық. Ал әзілді аңсап келген көрерменнің жасы әртүрлі. 11 жастағы баладан 40 жастағы қызылордалықтар да осы жерден табылды.
Қолына үнтаяқ ұстап, көрерменді қалжыңға құрылған үнсіздігімен де күлдіре білетін спикерлердің қатарында Әшірбек Темірхан, Шыңғыс Әлішер, Арпиля Айбек, Жасұлан Тәкісбай, Бибізиба Ораз есімді комиктер бар.
– Қазақша стендаптың ғұмыры ұзақ болатынына сенемін. Себебі әзіл өнерінде ұлтымыздың өзіндік бояуы, өзіндік үні бар. Әзілдемейтін қазақ жоқ десек, жарасады. Ал жақында орталықта өткен «Orda gon stand up»-тың концертінен қызылордалық көрерменнің стендапқа деген көзқарасы басқаша екеніне, түрлі тақырыптағы тың әзілдерді қабылдай алатынына куә болдық. Демек алдағы уақытта да аталған бағыттағы шараларды жиі ұйымдастыратын боламыз. Қоғамға бейтаныс, жаңа, жас есімдерді танытқымыз келеді. Жастардың бойындағы өнерін елеп, үнін естісе екен дейміз. Басты мақсатымыз осы, – дейді Ақтілек Темірбайұлы.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!