Нарбота СЕРӘЛІ, ең жас мәслихат депутаты:

Нарбота Серәлі – 1996 жылы Жалағаш ауданы, М.Шәменов ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ белсенділігімен көзге түскен кейіпкеріміз мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенті атанады. Кейін Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алады. Кәсіби мансабын «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі болып бастап, түрлі салада қызмет атқарады. Бүгінде ел үмітін арқалаған Нарбота халық сеніміне ие болып, еліміздің ең жас мәслихат депутаты атанды.

– Нарбота Серәліұлы, депутат болуыңызбен құттықтаймыз! Бұл мандат Нарботаға не береді? Қандай жауапкершілік жүктейді?

– Рақмет. Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап үнемі ізденісте болады. Сол ізденіс арқылы ол өзінің алға қойған арманы мен мақсатын айқындап, соны іске асыру үшін жұмыс жасайды. Бірақ мен бала кезімде депутат боламын деп мүлдем ойлаған емеспін. Тек үйдегі ата-анамның ізгілік жолындағы тәлім-тәрбиесі, ауыл үлкендерінің жүйелі нақыл сөзі, өзіммен замандас жастардың заман талабына сай ой-өрісін кеңейтуі, сол жастардың бір ығында менде қалып қоймас үшін аянбай ізденіп, өзімді әрқашанда алға жетелеп отырдым. Еңбек еткенге ел сенімін ақтаудан артық бақыт жоқ. Мәслихат депутаты жалақы алмайды, ол – қоғамдық жұмыс. Бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Халықтың жанайқайын жеткізуші. Қай жерде не мәселе бар, оның шешілу жолына ұсыныс беруші. Зор жауапкершілік артатын қызмет мойныма жүктелді. Бұйыртса, халықтың сенімін ақтау үшін жұмыс істейміз.

– Жалпы сіздің негізгі атқарар жұмысыңыз қандай? Яғни қай мәселелерді қамтисыз?

– Әлеуметтік-мәдени даму, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері, заңдылық және азаматтар құқығы  жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. Тұрақты комиссияға ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуы бойынша жоспар мен бағдарлама жобасына тұжырым жасап, олардың орындалуы туралы есептерді тыңдаймыз. Сондай-ақ аймақтың бөлімдері, кәсіпорындары мен мекемелерінде ҚР заңы, аудандық мәслихат сессиясының шешімі, тұрақты комиссияның қаулысы, мемлекеттік органдардың басқа актілерінің орындалуын талдаймыз. Талдау нәтижесі бойынша сессияның, тұрақты комиссияның қарауына ұсыныс енгізу жүктелген. Nur Otan партиясының Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы бойынша бекітілген сайлауалды бағдарламасында көрсетілген ауданды дамытудың жеті басымдығына сәйкес, яғни экономикалық тұрақтылықты сақтауға, аудан халқына қолайлы жағдай жасауға, әлеуметтік қызметтің сапасын арттыруға, жастарға қолдау көрсетуге, тарих пен мәдениетті дамытуға, ашық және есеп беретін жергілікті органдарды қалыптастырып, аудан қауіпсіздігін сақтау үшін жүйелі жұмыс жасалуда. Негізгі мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасау.

– Кешегі сайлаудың бірден бір ерекшелігі праймериз әдісі арқылы өтуінде. Сізге бұл әдістің пайдасы тиді ме?

– Бұл сайлаудың қызық жағы болса да, алып бара жатқан қиындығы болған жоқ. Ал праймерез әдісінің «Есіктен есікке» акциясы арқылы біраз жерді аралап, аудан жұртшылығымен тілдесіп, өзіме тәжірибе жинадым. Ең бастысы, халықтың қолдауын сезіндім. Солардың ең негізгісі, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал ететін мәслихаттар сайлауының алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілуі. Осындай ерекшелігі болса да, бұл саяси науқан біздің ауданда да бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде жоғары деңгейде өтті. 2019 жылы Nur Otan партиясы 14 өңірде «Мықты партия – мықты лидер» атты жобамен партияішілік іріктеу өткізді. Соның бірі ретінде Сырдария ауданында партияішілік іріктеу – праймериз жобасы пилоттық жоба ретінде өткізілді. Бұл – партияішілік іріктеу мықты лидерді табумен бірге, осы бағытта мүдделестердің пікірін жинақтап, партияны одан әрі жетілдіруге бағыттайтын жоба. Сондықтан да бұл біздің партияластарға ғана емес, партияның барлық бағдарламасын қолдайтындарға берілген мүмкіндік.

– Жалпы көпшілік ішінде жастардың билікке ұмтылуы көп жағдайда жағымды пікір тудырмайды. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Иә, мұныңыз рас. Кереғар пікірлердің келісетін де, келіспейтін де тұсы бар. Бес саусақ бірдей емес. Әрбір жас өзіне жүктелген жауапкершілік жүгі қаншалықты екенін жіті сезінуге тиіс. Тек билік үшін жұмыс жасау − қате түсінік. Елді гүлдендіріп, оны алға жетелеуші − білімді және белсенді жастар. Осы тұрғыда жастар білім мен ғылымның жолына түсіп, өркениетті дамуға үлес қосып жатса, оларды қолдау керек. Қазір жастардың ойлау қабілеті жоғары. Сондықтан біз оларға тек рухани және жаһандану жағынан қолдау білдірсек, бүгінгі жас ұрпақтың ел көшін алға сүйрейтініне кәміл сенімдімін.

– 10 жылдан кейінгі Нарботаны қалай елестетесіз?

– Өзіме міндеттелген қызмет шеңберінде еңбек етіп қана қоймай, халықтың сенім үдесінен шыққым келеді. Ұлтты ұйыстыратын ұрандар мен нақты атқарылған игілікті істердің жаршысы болып, алдыңғы сапта жүрудің өзі – мәртебемізді биіктетіп, беделімізді арттырады. «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар: ең әуелі ниет, одан соң күш, тәртіп керек» деген сөз бар. Осы үш қағиданы өмірлік ұстанымыма айналдырып, халыққа адал қызмет ету − азаматтық парызым.

– Әңгімеңізге рақмет.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!