Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ісмер, он саусағынан өнері тамған шеберлер кездеседі. Өз бойынан шыққан қандай да бір өнерін көпшілікке паш ету, жұрттың шынайы ықыласына бөлену ол да үлкен мәртебе. Бұл күндері мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі үй ішінде қолөнерімен айналысып, туындыларын көрмеге ұсынып жатқанына қуанасыз. Бұл – өнерді түсінетін, бағалай білетін жандар үшін үлкен қуаныш.

«Менің қолымнан бәрі келеді» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Мақсат – өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, қолдан жасалған туындыларды насихаттау.

Шарада әртүрлі тоқыма, сазбалшықтан жасалған құмыралар, тоқыма бұйымдар мен қыз жасауына арналған көрпеше, көрпе-жастықтар қойылды. 4 сағатқа созылған көрме барысында «Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» КММ-сі және «Мүгедектерге арналған оңалту орталығынан» барлығы 20-дан астам шеберлер мен орталық мамандары келіп, қолдан жасалған туындыларын ұсынып, оған 120-дан астам қала тұрғындары қызыға тамашалады.

Көрме барысында тұрғындар ерекше бұйымдарды сатып алды. Осы ретте, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының» мамандары сатылымнан түскен қаржы балалар сұранысына сәйкес қайта шикізат алуға жұмсалатынын жеткізді.

Көрмеде ерекше жандардың тек өз бұйымдарын жайғастырып ғана қоймай, сол күні ерекше көңіл-күй мен әсерге бөленді.